Basty bet
Үздіктердің қатарынан көрінді
Өткен аптада Тараз қаласында әр салада табысты әрі жемісті еңбек етіп жүрген үздік жастарды марапаттау мақсатында «Үздік премия-2024» шарасы өткен болатын. Жастарға арналған шарада ауданның бірқатар жасы бірнеше номинация бойынша марапатталған еді.
Оның бірі өз кәсіпкерлігінің жұмысын алға бастырып, мейрамхана ісін жандандыруға үлес қосып жүрген аспаз Еділ Әбдіқадыр болса, екіншісі мұғалімдік қызметпен қатар, қайырымдылық істердің басы-қасынан табылып, ерікті жастардың басын біріктіріп жүрген Дамир Рақымбек. Ерікті жас қайырымдылық шаралардың ұйытқысы, қоғамдық жұмыстардың белсенді қатысушысы ретінде «Үздік волонтер» номинациясын иеленді.
Бір айта кетерлігі, ерікті жас Дамир Бегалыұлы мектептегі мұғалімдік қызметтен, спорттық жарыстардан тыс уақыттарында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің жанынан құрылған «Қамқор» қайырымдылық клубының төрағасы ретінде біршама қайырымдылық істерді атқаруда. Онда ол 12 бағыт бойынша жұмыс жүргізеді. Оның ішінде, әлеуметтік көмек, халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарына, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға көмек көрсетуге қатысу, қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қызмет көрсету, экологиялық, өзге де санаттар мен топтарға көмек көрсетуге, тарихи және мәдени мұраны сақтау және спортсүйер қауымды тарту, саламатты өмір салтын насихаттау бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»