Basty bet
Талап пен тәртіп – баршаға ортақ!
аппараттық кеңесте жазғы шомылу маусымы мен өрт қауіпсіздігі кезеңіне байланысты мәселелер қаралды
Апта басында аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында аудандық әкімдіктің кезекті аппараттық кеңесі ұйымдастырылып, онда жазғы шомылу маусымы және өрт қауіпсіздігі кезеңіндегі іс-қимыл, сонымен қатар, ветеринария бөлімінің атқарған жұмыстарының барысы туралы бірқатар маңызды мәселе қаралып, жауаптыларға нақты міндеттер жүктелді. Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде бірінші мәселе – Жуалы ауданындағы өрт қауіпті кезеңінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және шомылу маусымында атқарылған іс-шаралар туралы мәселе және екінші – ветеринария бөлімінің жұмысы туралы мәселе қаралды.
Аппарат кеңесінің күн тәртібіндегі бірінші мәселеге байланысты Жуалы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Кеңесбек Абдраймов атқарылған жұмыстар бойынша ауқымды баяндама жасады.
Төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, Жуалы ауданының өрт қауіпсіздігін мемлекеттік өрт сөндіру бөлімдері, атап айтқанда, аудандық №7 өрт сөндіру бөлімі, Көлтоған ауылдық №14 өрт сөндіру бекеті және жергілікті атқару органының Қызыларық ауылдық округіндегі Ақтөбе ауылдық өрт бекеті қамтамасыз етеді. Ал, аудан орталығынан шалғай орналасқан Билікөл ауылдық округінің өрт қауіпсіздігін Талас ауданының Майтөбе ауылында орналасқан Майтөбе ауылдық №21 өрт бекеті қамтамасыз етеді.
Төтенше жағдайлар бөлімінің 2025 жылдың өткен 6 айында негізгі қызметі Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) жылдық жоспарына сәйкес, сонымен қатар, бөлімнің жеке жұмыс жоспары негізінде аудан аумағында өрттерді және басқа да төтенше жағдайларды болдырмау, материалдық зиянды азайту секілді, жергілікті халықты әртүрлі төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған жұмыстар атқарылуда. Аудан бойынша техника паркінің құрамы 4 дана өрт сөндіру техникасын құрайды.
Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде аудан аумағында 12 өрт оқиғасы тіркелген (2024 жылы – 16), өрт салдарынан қаза тапқандар мен күйік жарақатын алғандар жоқ. Өрттен келген материалдық шығын 700 мың теңгені құрады (2024 жылы – 680 мың, + 2,8 % өскен).
Тіркелген өрт оқиғаларының бесеуі тұрғын үй секторында, бес өрт автокөлікте және екеуі орман қоры аумағында орын алған (2024 жылдың осы кезеңінде 10 өрт тұрғын үй секторында, 5 өрт автокөлікте және 1 өрт орман шаруашылығы аумағында орын алған). Көп жағдайларда орын алған өрттердің шығу себебі, электр сымдарының қысқа тұйықталуынан туындаған және тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауынан орын алып отыр.
Орын алған жану оқиғаларының саны – 37, көлемі 49 гектар (2024 жылы – 24, көлемі – 13 гектар, -13 оқиғаға өскен) жану салдарынан қаза тапқандар мен күйік жарақатын алғандар жоқ. Өрттер мен оқыс оқиғалардың алдын алуда профилактикалық жұмыстардың маңызы зор. Осыған байланысты тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі бойынша және автокөліктегі өрт санының өсуіне байланысты тұрақты түрде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп акциялар мен профилактикалық рейдтер өткізілуде.
Жастар мен балалардың азаматтық қорғау органдары, құтқарушылардың қызметі мен тұрмысының ерекшеліктерімен таныстыру өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы түсінігін қалыптастыру үшін мекемеде «Ашық есік күні», «Құтқарушының кезекші ауысымынан бір күн» және «ерекше мамандық» тақырыптарында жыл басынан бері 6 іс-шара ұйымдастырылған.
2025 жылдың өткен кезеңінде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында 25 мақала, әлеуметтік желілерде 88 материал, ақпараттық агенттіктерде 68 материал орналастырылды. Аудандағы еріктілер мен жастар белсенділерін тарта отырып аудандық мәдениет үйінің ғимаратында төтенше жағдайлардың алдын алу тақырыбында 2 акция өткізілді. Акция шеңберінде концерттік іс-шара, оқыту бейнероликтерін көрсету, өрт қауіпсіздігі және шомылу маусымындағы қауіпсіздік ережелері тақырыбында нұсқау жүргізілді. Акцияға аудан орталығындағы мектептердің 5-11-ші сыныптар аралығындағы 500-ден аса оқушының қатысуы қамтамасыз етілген.
– Табиғи өртті сөндіру бойынша өткізілген өрт-тактикалық оқу-жаттығуына келсек, 2025 жылдың сәуір айында Жуалы, Талас, Жамбыл аудандық Төтенше жағдайлар бөлімдерінің, Жуалы ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің және ауылдық округтердігі ерікті өртке қарсы құралымдардың күштері мен құралдары тартылып Билікөл ауылдық округінің Қарабастау ауылында дала өртінің таулы аймақтардағы таралуының және елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өрт-тактикалық оқу жаттығуы өткізілді. Одан бөлек, «Өрт-2025» Республикалық оқу-жаттығуының жоспарына сәйкес, 22 мамыр күні аудан аумағында, дәлірек айтқанда, Бауыржан Момышұлы ауылы мен Ақсай ауылдық округінде орманды алқаптар мен дала аумағындағы табиғи өрттердің алдын алу және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді.
Одан бөлек, басқа да оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз терезе» акциясы аясында балалардың терезеден құлауының алдын алу мақсатында жеке кәсіпкердің демеушілігімен 122 дана терезеге бұғаттағыш құлып алынып, Б.Момышұлы ауылындағы жаңадан салынған 5 қабатты тұрғын үйдің 2-5 қабаттағы терезелерге және көп қабатты тұрғын үйлердегі әлеуметтік осал топтағы отбасы пәтерлерінің терезесіне қойылды.
Ал ендігі кезекте шомылу маусымына тоқталсам, ауданның аумағында орналасқан су айдындарында адамдар жаппай демалатын орындар болып «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасындағы «Теріс-Ащыбұлақ» демалыс орны аймағы және Билікөл ауылдық округіндегі «Қарабастау» бастауы аудан әкімінің қаулысымен белгіленген.
Жазғы шомылу маусымында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің, АПБ-ның қызметкерлерімен, аудан әкімдігінің жауапты мамандарымен және еріктілермен рейдтік іс-шаралар өткізіліп, онда жалпы саны 500 ден аса адам қамтылды.
Аудан аумағында үш жекеменшік шомылу орны (бассейн) бар. Олар Б.Момышұлы ауылында орналасқан «Zhualy Resort», «Мыңбұлақ» және Теріс өзенінің бойындағы «На речке» демалыс орны.
2025 жылғы шомылу маусымында бассейндерде қайғылы оқиғаларды болдырмау және алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері демалыс орны иелерімен және қызмет көрсетуші персоналмен, сондай-ақ, демалушылармен тұрақты түрде үгіт-насихат жұмысын жүргізуде. Қазіргі таңда «Zhualy Resort» және «На речке» демалыс орындарында кішкентай балаларға арналған тереңдігі 40-50 см-ден аспайтын бассейндермен жабдықталған және онда құтқарушылар қарастырылған.
Жалпы биыл шомылу маусымы басталғалы бері бекітілген жоспарға сәйкес, 48 рет рейдтік іс-шара өткізілді. 2025 жылдың 1 маусым-20 шілде аралығында судағы қайғылы оқиға тіркелген жоқ,- деп атап өтті ТЖБ бастығы К.Абдраймов.
Кеңесте қаралған алғашқы мәселеге орай аудан әкімі Жалғас Мұртаза пікір білдірді.
– Жалпы аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің өңір халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі атқарып жатқан жұмысын жақсы деп бағалауға болады. «Апат айтып келмейді» деген сөз бар. Қазіргідей өрт қауіпсіздігі кезеңінде тосыннан орын алатын табиғи өрттердің және тұрғын үй секторларындағы қауіпсіздік шараларын күшейтіп, оның алдын алуға күш салуымыз керек. Онымен қоса, қазір ауданда шомылу маусымы да өтуде. Бұл бағытта да тұрғындар мен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіспіз. Талап пен тәртіп – баршаға ортақ. Сондықтан Сіздер, төтенше жағдайлар қызметі өңір тұрғындары арасында қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуде профилактикалық іс-шараларды тұрақты қамтамасыз етуге барынша күш салуларыңыз қажет. Әлбетте, бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіру ісі – ауылдық округтің әкімдеріне де қатысты,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Аппарат кеңесінің күн тәртібіндегі екінші мәселеге байланысты Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының «Жамбыл облысының ветеринариялық станциясы» ШЖҚ-ның Жуалы ауданының ветеринария бөлімінің басшысы Бақыт Сүйіндіков баяндама жасап, бөлімнің негізгі қызметі мен қызметкерлердің атқаратын жұмысы, өңірдегі ветеринариялық ахуалды қамтамасыз ету, т.б. жұмыстардың барысын айтып берді.
Бөлімнің негізгі қызметі – аудан көлемінде ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады. Атап айтқанда, жануарлар ауруларының алдын алу, оларды емдеу, ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу, жануарлардан алынатын өнімдердің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықты адам мен жануарға ортақ аурулардан қорғау. Айта кету керек, аудандық ветеринария бөлімінде барлығы – 83 маман қызмет атқарады.
Аудандағы мал басына келсек, 2025 жылы мал басы: мүйізді ірі қара – 53 434 бас, уақ мал – 207 005 және жылқы – 24 226 басты құрайды.
Бөлім 14 ауылдық округте орналасқан 14 ветеринариялық пунктпен жұмыс атқарады. Оның ішінде, 11 ауылдық округ ветеринариялық пунктпен толық қамтамасыз етілген. Биыл облыс тарапынан Күреңбел, Көкбастау ауылдық округтеріне жаңа үлгідегі ветеринариялық пункт ғимаратын салу жоспарланған.
Екінші мәселеге байланысты жауапты бөлімнің басшысына төрт түлікті сапалы вакцинациялау, өңірдегі малдың қозғалысын реттеу, малдан тарайтын аурулардың алдын алу, Сібір жарасы ауруының көмінділеріне тұрақты бақылау жасау, ең бастысы, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттері тапсырылды.
Айта кету керек, жиында бірқатар ағымдағы мәселелер қаралып, оған байланысты жауаптыларға нақты тапсырма берілді.