Basty bet

Шағын футбол алаңшасы пайдалануға берілді

«Ауыл – Ел бесігі» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту.
Жоба шеңберінде ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешу көзделген.
1 қыркүйек – Білім күнінің қарсаңында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен Боралдай ауылдық округіне қарасты Рысбек батыр ауылында жасанды жабыны бар жаңа шағын футбол алаңы және Street Workout спорт алаңы пайдалануға берілді.
Спорт алаңшасының ашылуына ауылдың ақсақалдары – Мыңбай Тәжібай, Жақсылық Тлешов және Шырынәлі Сванбаев қатысып, сөз сөйлеп, жастарға және спортсүйер қауымға ақ баталарын берді.
Ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісуге келген аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов, Боралдай ауылдық округінің әкімі Бауыржан Абдалиев, округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсатбек Байболов және ауыл жанашырлары өздерінің ізгі тілектерін білдіріп, бұқаралық спортты дамыту басты назарда екендігін жеткізді.
Кәсіпкерлердің демеушілігімен жастар арасында шағын футболдан жарыс өткізілді. Жарысқа Рысбек батыр ауылынан екі құрама, Ертай ауылынан бір құрама және Қошқарата ауылынан бір құрама қатысып, өзара тартысты ойын болды.
Боралдай ауылдық округінің спорт ісі нұсқаушысы Наржан Елепайдың ұйымдастыруымен өткен шағын футболдан жарыстың нәтижесінде І орын «Рысбек батыр» құрамасы иеленсе, ІІ орынды «Қошқарата» құрамасы, ал ІІІ орынды «Ертай» құрамасы иеленді. Жүлделі орын иеленген құрамаларға қаржылай сыйлықтар және Дипломдар табысталды.

Боралдай ауылдық
округі әкімінің аппараты

Таңдаулы материалдар

Close