Basty bet
Тоқаев Xiaomi президентімен жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты талқылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Xiaomi корпорациясының президенті Лу Вэйбинмен кездесіп, цифрлық экономика, жасанды интеллект және жоғары технологиялық өндіріс салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Кездесу барысында Президент Қазақстанның заманауи цифрлық экономиканы қалыптастыруға, жасанды интеллектіні дамытуға және жоғары технологиялық өнеркәсіпті ілгерілетуге ерекше мән беріп отырғанын айтты.
Мемлекет басшысы өңірде Xiaomi брендіне сұраныстың тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтіп, компанияның озық технологиялар саласындағы тәжірибесін ескере отырып, жасанды интеллект, есептеуіш қуаты, «бұлтты» технологиялар және цифрлық платформалар бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Өз кезегінде Лу Вэйбин корпорацияның стратегиялық даму жоспарымен таныстырып, Xiaomi Қазақстан мен Орталық Азия нарығындағы дистрибуция жүйесін дамытуға ниетті екенін жеткізді. Сонымен қатар күрделі жасанды интеллект жүйелеріне қызмет көрсететін жергілікті мамандарды даярлау мәселесіне ерекше назар аударылатынын айтты.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның электромобиль өндірісін, аккумулятор шығару ісін және интеллектуалдық көлік жүйелерін дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
Президент сөз соңында Xiaomi компаниясының Қазақстандағы қызмет аясын кеңейтуге және ұзақмерзімді стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған барлық бастамаларын қолдауға дайын екенін растады.