Basty bet

Қайта түлеген қасиетті өңір

Жуалылықтарға Ұлытау облысына ерікті қоныс аударудың шарттары туралы кеңінен түсіндірілді

Қазақ жерінің қай өңірі болса да қасиетті де, қадірлі екені рас. Әйтсе де, ұлт үшін Ұлытаудың орны өте ерекше екені даусыз. Елдің елдігі, ердің ерлігі сынға түскен небір қысылшаң шақта қазақтың игі жақсылары бас қосып, үш биі бәтуә жасап, үш жүзі мәңгілік бірлікті қалайтынын білдіріп, тасты қашап, таңба салды. Тәуелсіздікке, бостандыққа қол созды. Басынған жауды тойтарды, ұлттың ұлттығы сақталды. Ұлытау – міне, осынысымен де құнды, осынысымен де тарих үшін бағалы.

Ұлт ұясы – Ұлытау туралы айта беретін болсақ, арыға кетеміз. Сондықтан ел тарихындағы қасиетті өңірдегі бұрын Жезқазған облысы аталған, (өткен ғасырдың сексенінші жылдары бұл облыс жабылды) былтыр облыс мәртебесін қайта алған Ұлытау облысының Тәуелсіздік жылдары қайта түлеуі туралы әңгімелегенді жөн көрдік.
Қалың бұқараға белгілі болғандай, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанда үш бірдей облыс құрылды. Соның бірі осы – Ұлытау облысы. Орталығы – Жезқазған қаласы.
Бұл туралы 2022 жылы 16 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысындағы Қазақстан халқына Жолдауында Қарағанды облысының бөлігінен Ұлытау облысының құрылатынын айтты. Облыс 2022 жылы 8 маусымда құрылды.
Қасиетті Сарыарқа топырағында Солтүстік пен Орталық Қазақстанның ортасынан ойып орын алған Ұлытау облысында небәрі 230 мыңға жетер-жетпес халық тұрады. Аумағы үлкен атырапты алып жатқан өңірде Жезқазған қаласы, Қаражал және Сәтбаев қалалары, одан бөлек, Ұлытау және Жаңаарқа аудандары бар. Екі ауданға барлығы 33 ауылдық әкімшілік округ қарайды. Ұлт ұясына айналған қасиетті өңірді қайта түлету, осында халық санын көбейтіп, еңбек ұтқырлығын арттырып, өңір экономикасын қайта жандандыру – Президенттің тапсырмасы.
Анау бір жылдары елдің оңтүстігіндегі халқы тығыз орналасқан солтүстік облыстарға қоныс аудару үдерісі қарқынды жүргенін жақсы білеміз. Солтүстік және шығыс облыстармен қатар сонда халықты ерікті түрде көшіруге биыл Ұлытау облысы да еніп отыр. Бұл жүйелі жұмыстар Үкімет қабылдаған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының шеңберінде жүзеге асырылуда. Ұзын сөздің қысқасы, оңтүстіктен сонда ерікті қоныс аударған отбасыларға немесе жекелеген азаматтарға Ұлытау облысының басшылығы Үкіметпен бірлесіп көптеген көмектер көрсетіп, отбасылардың сонда тұрақтап қалуына барлық жағдайды жасайды.
Күні кеше ғана Ұлытау облысынан осында келіп, оңтүстік облыстарды аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жасап жүрген арнайы делегация Жуалы ауданына келіп, жергілікті тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Келудегі мақсат та белгілі. Жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету, өңірлік диспропорция мен демографиялық теңгерімсіздікті жою. Бұл мақсатта Үкімет қабылдаған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының шеңберінде ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу есебінен еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығы ынталандырылады.
Қосымша айта кететін болсақ, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына қатысушыларды ерікті түрде көшіру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады.
Бірінші – өңіраралық қоныс аудару – жұмыс күші артық облыстардан жұмыс күші жетіспейтін облыстарға жұмысқа орналастыруға және/немесе кәсіпкерлік бастамаларға жәрдемдесу бойынша міндеттемелермен жүзеге асырылады.
Облыс ішінде қоныс аудару – мемлекеттік тұрғын үй қорынан және/немесе жұмыс берушілердің қаражаты есебінен тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналасу мүмкіндігі болған кезде экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден облыстық (аудандық) маңызы бар қалаларға, экономикалық өсу орталықтарына жүзеге асырылады.
Құрамында әлеуметтік және тағы да басқа салалардың мамандары және ауылдық округтердің әкімдері бар үгіт-насихат тобын Ұлытау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Нұржан Орынбаев бастап келді. Кездесу жиынына аудандағы әлеуметтік сала мамандары (консультанттар және ассистенттер) және ауылдық округтерден ынталы тұрғындар шақырылды.
Әлеуметтік салаға жауапты басқарма басшысының айтуынша, Ұлытау облысына ерікті қоныс аударған әр азаматқа 247 500 теңге беріледі. Одан бөлек, тұрғын үйді жалдау үшін бір адамға 51 750 теңге және тұрғын үйді сатып алуға төрт миллион теңге қаражат берудің тетіктері қарастырылған. Ал Ұлытау облысының Ұлытау ауданына көшіп барған отбасыларға жергілікті атқарушы органдардың тарапынан бір гектардан егістік жер, одан бөлек, шаруа қожалық басшылары төрт түлік малмен де қамтамасыз етпек.
Әрине, алмақтың да салмағы бар. Осыншама қайтарымсыз көмекті алып отырған отбасылар сонда кемі бес жылға дейін тұрақты тұрып, өңірдің жан-жақты дамуына еңбек етулері қажет. Бұл – бағдарламаның басты шарты.
Дала табиғатымен және мыңғырған төрт түлігімен көрікті емес пе? Туған жер де, өңірлер де халқымен көрікті. Ұланғайыр атырапты алып жатқан Ұлытау облысында халық өте аз шоғырланған. Мысалыға алатын бослақ, облыстың екі ауданының халқын қосқанда оның саны 50 мыңға да жетпейтін көрінеді. Жиынға келіп қатысып, сөз сөйлеген ауылдық округ әкімдерінің айтуынша, кейбір әкімшілік аумақта небәрі 300 ғана тұрғын тіркелген. Тиісінше, шалғай ауылдарда бос тұрған тұрғын үйлер өте көп. Облыста 10 мың гектардан астам егістік алқап болатын болса, қазір оның жартысына жуығы ғана игерілуде. Себебі, оны игеретін жұмыс күші жетіспейді. Өңірде техникалық мамандар тапшы. Егістік алқаптарды игеру осындай мәселелерге байланысты жүзеге асырылмай отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, Ұлытау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Нұржан Орынбаев өңірде мұғалімдер мен дәрігерлердің, тағы басқа салаларда мамандардың жетіспейтінін жеткізді.
-Қазір облыста түрлі салаларда барлығы 150 бос жұмыс орны бар. Мұның барлығына сұраныс берілгенімен, келіп жатқандар тым аз. Міне, біз осы олқылықтың орнын толтыруға міндеттіміз. Ұлытау облысын көркейту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды тапсырмасының бірі. Облыста халық санын көбейтіп және еңбек ұтқырлығын арттыру Үкіметтің және облыс басшылығының тұрақты бақылауындағы мәселе. Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы осында оңтүстік өңірлерден көшіп келетін отбасыларға тұрғылықты тұруға барынша жағдай жасауды және азаматтардың қауіпсіздігін басты назарда ұстауды қатаң тапсырған. Біздің оңтүстік өңірлерді аралап, жұртшылықтың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуіміздің де бір себебі осы.
Өңірде жер көп, халық аз. Жұмыс көп, бірақ соған келіп жатқан мамандар жоқ. Бұл өңірді дамытуға үлкен қолбайлау болып отыр. Осында ерікті қоныс аударам дейтін ниеті бар отбасыларға өңір басшылығының тарапынан барлық жағдай жасалады. Біз сіздерді Ұлытауда күтеміз,- деді салаға жауапты басқарма басшысы Нұржан Серікұлы.
Қосымша айта кететін болсақ, жиынның барысында қатысушыларға Ұлытау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары, Жезқазған қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, Ұлытау және Жаңаарқа аудандарының «Мансап орталығы» филиалдарының мамандары, Жаңаарқа ауданына қарасты Айнабұлақ және Жұмажанов ауылдық округтерінің әкімдері түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, азаматтардың басқа да сұрақтарына жеке-жеке түсінік берді.
Жиында біздің ауданнан аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, Б.Момышұлы ауылының әкімі Керімхан Төреқұлов және Б.Момышұлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов сөз сөйлеп, тақырыпқа байланысты ой-пікірлерін білдірді.

Таңдаулы материалдар

Close