Basty bet

Өрт сөндірушінің әрекеті ерлікпен тең

Қоғамымыздағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші. Күн сайын табиғи апат салдарынан туындайтын немесе қауіпсіздік ережелерін дұрыс сақтамау салдарынан туындайтын өрттермен бетпе-бет келіп, тілсіз жаудың «тілін табуға» тырысатын маман иелерінің қызметі шын мәнінде оңай емес. Кез келген сәтте тілсіз жау өзіңе тап беріп, немесе жалынға оранған заттың үстіңе құлап кетуі, иіс тиіп, ес жоғалтуың әбден мүмкін. Сондықтан төтенше жағдайларда ең алдымен көмекке ұмтылып, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге тырысатын өрт сөндіруші мамандардың еңбегі ерлікпен пара-пар.

Әсіресе, аптап ыстық күндері өрт оқиғалары жиілей түседі. Сондықтан өрт сөндіру қызметінсіз қоғамымызды елестете алмаймыз.
Өрт сөндірушілер әр минут сайын өз өмірлерін тәуекелге байлап, өзіне қауіп төндіреді. Кез келген уақытта қыстың қақаған суығы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан отқа да, суға да түседі. Осылайша, жүктелген жауапкершілікті арқалаған жандар үшін құтқару, көмектесу деген мақсат күн сайын бірінші орында тұрады. Төтенше жағдай кезінде өзінен бұрын өзгенің өмірін құтқаруға ұмтылады. Сондықтан олардың қызметі әлемдегі ең ауыр, күрделі мамандықтардың бірі саналады. Лауазымдарының өрт сөндіруші-құтқарушы болып өзгеруі де тегін емес. Сондықтан өрт сөндіруші нағыз ерлердің мамандығы деп айтар едім.
Осы орайда, аудандағы №7 Өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Жаннұр Үсенбаймен өрт сөндірушілердің қызметі туралы сұхбаттасудың сәті түскен еді. Оның бұл салада жемісті еңбек етіп келе жатқанына биыл он жылдай уақыт болған. Оны өз ісінің майталманы деуге де әбден негіз бар.
Жаннұр Үсенбай 1988 жылы ауданға қарасты Диқан ауылында дүниеге келген. Ауылдағы №27 Диқан орта мектебінің түлегі. Ол Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін көлік техникасы мамандығы бойынша аяқтаған. Жоғарғы оқу орнын тамамдағаннан кейін, Ақтау қаласындағы 25744 әскери бөлімінде Отан алдындағы әскери борышын өтейді. Әскерден оралған соң, аудандағы №7 Өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші болып жұмысқа орналасады.
Кейіпкеріміздің айтуынша, өрт сөндіруші болу оның бала кезгі арманы. Мектеп жасынан бері, өрт сөндіру ісіне деген қызығушылығы арта бастаған. Әсіресе, өрт сөндіруші мамандарының киім үлгісі, көліктері бала Жаннұрды қатты қызықтыра түскен екен. Айтса айтқандай-ақ, ол бала арманына бүгінде қол жеткізген деуге болады.
– Өрт тілсіз жау болғанымен өздігінен пайда болмайды. Ол көп жағдайда адамдардың ұқыпсыздығынан, бейқамдығынан шығып жатады. Адамдарды өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырып, алдын алу жұмыстарын жүргізсек те мән бере бермейтіні өкінішті. Содан кейін қайғылы жағдайлар орын алып жатады, – дейді ол. – Біз қандай жағдай болмасын сақадай сай болуымыз керек. Сол себепті біздер тәулік бойы жаттығамыз, ғимараттың іші мен сыртында жедел құтқару шараларына үздіксіз дайындаламыз. Одан кейін жетекші офицерлердің дәрістерін тыңдаймыз. Практика мен теорияны ұштастырып, үнемі өрт қауіпсіздігі ережелерін пысықтаймыз. Кешкі уақытта техникалық құрал-саймандарды тексеріп отырамыз. Мен алғаш жұмысқа орналасқан кездері, бірінші рет төтенше жағдай болған кезде шақыртумен барған болатынбыз. Ол кезде Шақпақ маңындағы үлкен күре жолда үлкен көлік апаты болған еді. Түрік азаматтарының жүк көліктері аударылып соны құтқаруға бардық. Бірінші рет мұндай жағдайды көріп тұрған мен, біраз абдырап қалған едім. Ол кезде менің жанымда өрт сөндіруші Жамбыл Тәтенов есімді азамат болды. Осы кісіден жұмыс тактикасын жан-жақты үйрендім десем де болады, – дейді Жаннұр Ерболұлы.
Шыны керек, өрт сөндірушілерге айтылар сын көп. «Мал ашуы – жан ашуы» деп қауіпсіздік ережесін сақтамаған тұрғындар, дүние мүлкі отқа оранған соң бәріне өрт сөндірушілерді айыптап жатады. Қолдарынан келгенінше бар мүмкіндіктерін жасайтын өрт сөндірушілердің қандай қауіппен бетпе-бет келгенін тұрғындар сезінбейтін де секілді. Бірнеше сағат тілсіз жаумен арпалысу оңай емес.
Даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының “Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды” деген нақылын ұстанатын бөлімше командирі Жаннұр Ерболұлы жұмыстан қолы қалт еткенде үйде мал шаруашылығымен айналысады. Сонымен бірге, “Шынықсаң, шымыр боласың!” ұранымен достарымен бірге футбол ойнауды да әдетке айналдырған.
Оның жұмыстағы еңбегіне қарай, қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, қызметте жоғарғы нәтижеге қолжеткізгені үшін әр жылдары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитетінің Грамотасымен және аудан әкімінің Алғысхаттарымен марапатталған.
Жаннұр бүгінде жары Эльмира Каипбаева екеуі екі ұл, бір қызды тәрбиелеп отырған жайы бар.
Иә, аяқ асты өрт тұтана қалған жағдайда кез келген адам сол жерді тастап қашуға, үрейге берілуге даяр тұрады. Ал, төтенше жағдайларда кейіпкеріміз сияқты өрт сөндіру мамандары сондай сәтте керсінше жалынның ортасына жүгіре жөнеледі. Бұл оның қызметі ғана емес, міндеті. Сондықтан кейбір жағдайларда азаматтық көмегін ұсынып, көшеде кетіп бара жатқан төтенше жағдайдың куәгері өрттен зардап шегушіні құтқаруға тырысса дереу марапаттап жататынымыз да содан.
Өйткені өрт оңай жау емес. Нағыз ер-азаматтарға, жүректілерге ғана тән мамандық үлкен батылдықты талап етеді. Өртті тез сөндіру үшін ержүрек адам болу аз, ол үнемі физикалық тұрғыдан дайын болып, өрт қауіпсіздігі ережелерін, өрт сөндіру техникасын және отпен күресу амалдарын білетін білікті маман болуы қажет.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close