Basty bet

Игерусіз жатқан жайылымдар мен жер телімдері ел игілігіне қайтарылуда

Игерілмей жатқан жайылым және егістік жерлерді мемлекетке қайтару Президенттің тікелей бақылауында тұрған мәселе. Ол Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауларында, басқа да халыққа арнаған үндеулерінде аз айтылған жоқ. Ең бастысы сең қозғалды. Бүгінге дейін игерусіз жатқан жайылымдар мен егістік жерлер ел игілігіне қайтарылуда. Бұл жұмысты ауданда аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімі, жер инспекциясы және ауыл әкімдерімен бірлесе атқаруда. Бүгін біз осы бір мәселенің шешімін оңтайлы тауып, игерусіз жатқан егістік пен жайылымдарды қайтаруда жайылымды тиімді пайдалану жоспарлы жұмыс істеп жатқан бөлім басшысы Қадырхан Жарасұлымен сұхбаттасқан едік.

– Қадырхан Жарасұлы, бүгінгі таңда елді мекен маңайындағы жайылым жердің тапшылығы ауыл тұрғындары тарапынан жиі көтеріліп келеді. Оны өзіңіз де ауылдық округтерді аралау барысында естіп, біліп жүрсіз. Осы мәселенің шешімін табу мақсатында қандай жұмыстар қолға алынды? Әңгімеміздің әлқисасын осыдан бастасақ.
– Халық тарапынан жиі көтерілетін мәселенің бірі, өзіңіз айтқандай жайылым. Бұл бағытта Мемлекет басшысы тапсырмасына сай көп жұмыстар атқарылу үстінде. Облыс әкімі де, аудан әкімі де жайылым мәселесін тұрақты аппарат отырысына қойып, талдап отырады. Дегенмен бұл мәселе там-тұмдап болса да шешімін тауып келеді.
Бүгінде ауылшаруашылық жерлерінің көлемінде өзгеріс болмағанымен ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрінен екіншісіне ауыстыру шаралары жүргізілуде. Атап айтқанда, елді мекендерге бекітілген жайылымдық жерлердің жетіспеушілігін жою мақсатында ауылдық округтерге жүз гектардан астам жайылымдықтар қосымша бекітіліп берілді. Әлі де бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табу үстінде.
– Ақыры жайылым мәселесін сөз еткен екенбіз, қазіргі таңда қанша гектар жайылым жер жетіспейтіндігін дөп басып айта аласыз ба? Жайылым жерлерді анықтау, қайтару бағытында жүргізген талдау нені көрсетті?
– Жайылымдарды пайдалануды реттеу мақсатында облыстық жер қатынастары басқармасы прокуратура органдарымен бірлесіп зерделеу жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде аудан тұрғындарының меншігінде тіркелген мал басынан бордақылау алаңдарында ұсталып отырған мал санын шегеріп тастағанда аймақта 90,9 мыңға жуық жайылым жер жетіспейтіні анықталды.
Жайылым жерлердің жетіспеушілігі бүгінде мал басының негізінен тұрғындардың меншігінде болуынан қалыптасып отыр. Сонымен қатар отыз жыл бұрынғы мал басымен салыстырғанда, қолдағы мал басы 50-70 пайызға артқан, осыдан келіп жайылым тапшылығының туындағанын көріп отырмыз.
– Жайылым мәселесін шешу бағытында қандай шаралар қолға алынуда, оның бір шешімі бар ма?
– Осыған байланысты жайылымдарды пайдалануды реттеу шараларын бес бағыт бойынша жүргізілуді қолға алдық. Таратып айтсақ, бірінші бағыт – босалқы жер қорындағы жайылымдарды экономикалық айналымға қосу. Бүгінгі таңда 9700 гектар жайылым жер ауылдық елді мекендерге қосымша бекітіліп берілді. Оны біз түгендеу жұмыстарын жүргізіп, анықтадық.
Екінші бағыт – елді мекендерге жақын 5 километрлік радиуста орналасқан жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жолымен ауылдық округтер теңгеріміне беру. Себебі тұрғындар мал басын ауыл төңірегіне бағуда. Бұл бағытта 13,5 мың гектарға жуық жердің 1,8 мың гектары қайтарылып, қалған мыңдаған гектарды иеленіп отырған жер пайдаланушыларға ескерту жасалды. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табуда.
Үшінші бағыт – орман қорындағы жайылымдықтар мен шабындықтарды пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында ветеринарлық нормадан артық мал басын ұстап отырған тұрғындардың төрт түлігін осы жерлерге шығаруды ұйымдастыру. Бүгінгі таңда 17,2 мың гектар орман қоры жерлерінен 61 жер пайдаланушыларға жайылым жалға беріліп отыр.
Төртінші бағыт – агроқұрылымдармен Меморандум жасасу арқылы өнім жиналып алынған жерлерге кедергісіз мал бағуға рұқсат беру. Көптеген шаруашылық, егістік жерлеріне науқан аяқталған кезде ауыл тұрғындарының мал жаюына рұқсат берген. Қазіргі таңда 103 агроқұрылыммен келісім жасалып, 14,0 мың гектарға жуық алқапқа мал жаюға рұқсат берілді.
Бесінші бағыт – игерусіз жатқан жайылым жерлерді мемлекетке қайтару шараларына жүргізу. Бұл бағытта анықталған игерусіз жатқан 7,6 мың гектар жайылым жердің 1,8 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылып, бұл бағыттағы жұмыстар да жалғасуда.
– Жайылым жетіспеушілігі мен оны пайдалануды реттеу бойынша белгіленген межелерге жету көрсеткіштері қандай?
– Бұрын жайылымдарды пайдаланудың тәртібі мен схемасы аудан бойынша жүргізіліп келсе, биылдан бастап жайылымдарды пайдалануды реттеу жолдарын қарастыру жұмыстары әрбір ауылдық округ бойынша жеке-жеке жүргізіледі. Біз аудандар арасында бірінші болып бастадық. Мәселен, Ақтөбе ауылдық округіне екі елді мекен (Жаңаталап, Бәйтерек) қарайды. Онда округі бойынша ақпарат аула саны, халық саны, жер көлемі, елді мекен жерлері, ауыл шаруашылығы жерлері, босалқы жерлері бойынша қаралады. Мал басына қажетті жайылым есебі, қажетті жайылым жерлер, оның ішінде сыртқа шығарылатындары, елді мекен шегіндегі жайылымға шығатын мал саны барлығы арнайы карта бойынша талданады.
Мәселен, ондағы 286 аулада 1623 халық тұрады. Тұрғындар иелігінде 31 мың бас мал тіркелген. Оның 30 мың басы сыртқа шығарылған. Ал ауыл маңайындағы мал басына есептелгенде 1,5 мың гектар жайылым жетіспейді. Алайда ауылдық округтің проблемасын шешу үшін қосымша босалқы жер қорынан 338 гектар жайылым жер қоғамдық мал өрісі үшін қосылып берілді.
Қазақстан Республикасының «Жайылымдар туралы» Заңы талаптарына сәйкес әрбір ауылдық округ бойынша екі жыл мерзімге арналған жайылымдарды пайдаланудың тәртібі мен схема картасы әзірленіп, аудан мәслихатына ұсынылды. Жайылым туралы заңына сәйкес бұл құжат аудандық мәслихаттардың шешімдерімен бекітілуі тиіс.
«Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң шеңберінде Жер, Орман, Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстеріне, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару және Жайылымдар туралы заңдарға өзгерістер енгізілуде.
Сол сияқты, өзіндік қосалқы шаруашылықтар туралы заңы жобасында тұрғын ауладағы ұсталатын мал басын реттеу тетіктері қарастырылуда. Осы заңдар қолданысқа енгізілген жағдайда жайылымдар жетіспеушілігін жоюдың жаңа тетіктері өндіріске енгізілетін болады.
– Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасымен бірлесе жүргізген зерделеу жұмыстары не берді? Нені анықтай алдыңыздар? Оның шешімін қалай табуды ойластырудасыздар?
– Облыс әкімдігі жер қатынастары және прократурамен бірлесе жүргізілген зерделеу барысында аулаларында көп мал ұстап отырған тұрғындар анықталды. Мәселен, бір аулада 50 бас жылқы, 200 бас қой-ешкі ұстап отырғандар бар. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2008 жылғы 24 қаңтардағы № 28 бұйрығымен жеке қосалқы шаруашылқтарда елді мекендердің шекаралары шегінде мал ұстау және ауыл шаруашылығы пайдаланымындағы елді мекен жеріндегі мал бағу жүктемесінің ветеринарлық нормативтері жұмыс істемеуде. Елді мекенде өзіндік қосалқы шаруашылыққа 0,15 гектар жер берілсе, оның ішінде тұрғын үйі мен ауласы қосымша бақшасы орналасқан аумақтың орташа есебі 700 шаршы метрді алып жатса, қалған 800 шаршы метріне 20 бас сауын сиыр немесе 65 қой, ешкі ұстауы қажет.
Нормаға сай болмаған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 406 бабына сәйкес жеке тұлғаға 20 айлық есептік көрсеткіш немесе 61200 теңге айыппұл салынады. Бір жыл ішінде заңбұзушылық қайталанған жағдайда 40 айлық есептік көрсеткіш немесе 122400 мың теңге айыппұл салынуы тиіс. Бірақ әзірге ветеринария инспекциясы тарапынан ондай қатал шаралар қабылдап жатқан жоқ, тек түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close