Basty bet

Жуалы жастары облыстық сайыста жеңімпаз атанды

Талас ауданының орталығы Қаратау қаласының орталық саябағында «Салт-дәстүрім – таусылмайтын байлығым!» атты облыс аудандарындағы «Жастар ресурстық орталығы» мекемелері қызметкерлерінің арасында ұлттық ойын түрлерінен облыстық сайыс өтті.
Жарыс «Әулиета жастары» өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру және өңіріміздің түрлі аудандарындағы жастар саясатын жүзеге асыру аясында еңбек етіп жүрген қызметкерлер арасындағы әріптестікті нығайту, жастар арасында ұлттық ойын түрлерін дәріптеу мақсатында өрбіді.
Ұлттық нақышта өткен іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар және Талас ауданы әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова ұлттық болмысты жас ұрпақтың бойына сіңіруде ата-баба мұрасын жалғастырудың маңыздылығына тоқталып, ұлттық ойын түрлерінен сайысқа түскелі келген жастарға сәттілік тіледі.
Сайысқа Тараз қаласы және аудандардан облысқа қарасты барлығы 11 құрама команда қатысты. Жарысқа қатысушылар «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізілген сында кенже қалып келе жатқан ұлттық ойындар, оның ішінде, асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту, садақ ату сияқты ойын түрлерімен, ат ерттеу мен ұршық иіруден бақ сынасты. Қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар: аңға байланысты, малға байланысты, түрлі заттармен ойналатын, зеректікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін сайыстар.
Соңғы кезде қалыптасқан ойын түрлерінен өздерінің бақтарын сынап қайтқан Жуалы жастары өздерінің дайындықтарын жан-жақты көрсете білді. Ойын нәтижесінде жастарымыз жүлделі I орынды иеленді.

Арслан ӘЛІМБЕК,
аудандық «Жастар ресурстық орталығы»
мекемесінің инспектор-заңгері

Таңдаулы материалдар

Close