Basty bet

Сала еңбеккерлеріне – құрмет пен марапат

Қарашаның соңғы жексенбісі – Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні мерекесі. Осыған орай кеше қасиетті Жуалы өңірінің асыраушы сала қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, бірқатар сала үздіктеріне марапат пен сыйлықтар табысталды. Мерекеге ауданның ауыл шаруашылығы саласында өнімді жұмыс істеп келе жатқан шаруа қожалық басшылары мен сала еңбеккерлері шақырылды.

Кәсіби мерекеге орай алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді.
-Қадірменді ауыл еңбеккерлері және жерлестер!
Баршаңызды ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнімен құттықтаймын. Жыл сайын осы күні дәстүр бойынша аграрлық саланың мамандарына ерекше құрмет көрсетіледі. Өйткені, Сіздер елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып келесіздер.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Ауылдағы ағайынның тұрмысы да осы салаға тікелей байланысты» деп атап өтті.
Халықтың әл-ауқатының артып, өмір сапасының жақсаруы – ауыл шаруашылығы саласының дамуымен тығыз байланысты. Ұлу жылы Жуалы жұртшылығы үшін табысты жыл болды. Диқан қауымының ерен еңбегі мен маңдай терінің арқасында әрбір гектардан 20 центнерден масақты астық, майлы дақылдардан 13,6, ал картоп пен көкөніс алқаптарынан 370 центнерден өнім алынды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Сала жұмысын дамыту жолында қажырлы еңбек еткендеріңіз үшін алғыс білдіре отырып, Сіздерге зор денсаулық, отбасының амандығын тілеймін,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Өңір басшысы ары қарай салада еселі еңбек етіп, жоғары жетістіктерге жеткен бірқатар шаруа қожалық басшылары мен еңбеккерлерді Алғысхаттармен марапаттап, ауыл шаруашылығына арналған құрал-жабдықтар, басқа да бағалы сыйлықтардың сертификатын салтанатты жағдайда табыстады.
Ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлерін аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев та құттықтап, үздіктерді Алғысхаттармен марапаттады. Жиын ары қарай аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close