Basty bet

Борандыдағы бірегей жоба

Қолданыстағы өткелдің мәселесі аудан тұрғындарына жақсы таныс. 1916 жылы салынған нысан бастапқыда су ағызу және мал айдау мақсатында пайдаланылған. Ол кезде бүгінгідей қарқынды автокөлік қозғалысы болмағаны белгілі. Уақыт өте келе өткел арқылы автокөліктер көп қатынай бастады. Алайда оның ені бір мезетте бір ғана көліктің өтуіне мүмкіндік беретіндіктен, қарсы бағыттағы көліктердің қозғалысы қиындап, кептеліс жағдайлары жиі туындап отыр.
Жаңа жоба осы өзекті мәселені шешуге бағытталған. Екі жолақты автомобиль өткелі іске қосылғаннан кейін көліктердің екі бағытта да қауіпсіз әрі кедергісіз қозғалуына мүмкіндік туады. Бұл – жолдағы уақыт шығынын азайтып, көлік қозғалысын реттеуге және қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді.
Жобаның басты ерекшелігі – автомобиль жолының темір жолдың астынан өткізілуінде. Сондықтан нысан «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылуда. Өткелдің үстімен темір жолдың бес жолы өтетіндіктен, құрылыс барысында асығыстыққа жол беруге болмайды. Сол себепті де әрбір кезең мұқият есептеліп, техникалық және қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуда.
Сырт көзге құрылыс жұмыстары баяу жүріп жатқандай көрінуі мүмкін. Алайда мұндай күрделі нысанда басты назар құрылыс қарқынына емес, жұмыстың сапасы мен қауіпсіздігіне аударылады. Себебі, темір жол қозғалысы тоқтамайтын аумақта жүргізіліп жатқан құрылыс кезінде кез келген техникалық қателік ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Бүгінде құрылыс жұмыстарының бірінші кезеңі толық аяқталған. Атап айтқанда, темір жолдың 3 және 5-жолдарындағы жұмыстар ақталып, қазіргі таңда пойыздар аталған жолдар арқылы қатынауда.
Нысанның негізгі өлшемдері де ауқымды. Теміржоласты жасанды өткелінің жалпы биіктігі – 5,30 метр, ұзындығы – 51,060 метр. Ішкі ені – 11 метр, сыртқы ені – 12,40 метр. Ал, көлік қозғалысына арналған пайдалы биіктігі 5 метрді құрайды. Нысандағы құрылыс жұмыстарына жауапты маман Мұсабек Рахимовтың айтуынша, жасанды өткел көліктің бірнеше түрінің қауіпсіз өтуіне есептеліп жобаланған. «Бұл көпірден биіктігі 4 метр 60 сантиметрге дейінгі көліктер өте алады. Құрылыс жұмыстарын осы талаптарды ескере отырып жүргізудеміз. Жоба бойынша мұнда көліктің барлық түрінің қауіпсіз өту мүмкіндігі қарастырылған» дейді ол.
Бірінші кезеңде ауқымды жұмыстар атқарылды. Құрылыс барысында тіректер орнатылып, арматуралық құрылымдарды бекіту, топырақ қазу, жерді нығыздау және бетондау жұмыстары жүргізілді. Мердігер компанияның тарапынан құрылыс жұмыстарының әрбір кезеңі жіті бақылауда. Негізгі мақсат – жуалылықтар ұзақ жылдар бойы қауіпсіз әрі сапалы пайдаланатын нысан салу. Құрылыста заманауи технологиялар мен сапалы құрылыс материалдары қолданылуда. Атап айтқанда, өткел құрылысына В-30 маркалы сапалы бетон пайдаланылуда. Бетонды алыс қашықтықтан тасымалдау оның сапасына әсер етуі мүмкін. Осыны ескере отырып, Бауыржан Момышұлы ауылында арнайы бетон өндіретін зауыт іске қосылған. Қажетті бетон нысанға сол жерден жеткізілуде. Бұл – құрылыс материалын уақтылы қамтамасыз етіп қана қоймай, оның сапасын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның рұқсатымен құрылыс жұмыстарының екінші кезеңі басталғанына он күндей болған. Осы кезеңде темір жолдың 1, 2 және 4-жолдарындағы пойыз қозғалысы уақытша тоқтатылып, қазу жұмыстары қарқын алып отыр. Құрылыс алаңында 10 адам еңбек етуде. Олардың қатарында жергілікті тұрғындар да бар. Нысанда экскаватор, тиегіш, самосвал, жол нығыздағыш және топырақ нығыздағыш секілді арнайы техникалар жұмыс істеуде. Құрылыс жұмыстарының басы-қасында Жанболат Бейсенбайұлы да жүр. Ол нысандағы жұмыстардың ұйымдастырылуына атсалысып, құрылыс барысын бақылауға және жұмыстардың сапалы орындалуына өз үлесін қосуда.
Мердігер компанияның жауапты маманы Мұсабек Рахимовтың айтуынша, жасанды өткелдің арғы бетінде құрылыс жұмыстарын жүргізу салыстырмалы түрде жеңілірек болады деп күтілуде. Бұл алдағы кезеңде құрылыс қарқынын арттыруға мүмкіндік береді.
«Құрылыс жұмыстарын биыл жобаға сәйкес аяқтау жоспарланып отыр. Біз ең алдымен жұмыстың сапалы орындалуына мән береміз. Негізгі мақсатымыз – көпірді белгіленген мерзімде аяқтап, оны жуалылықтардың қауіпсіз әрі қолайлы пайдалануына беру. Әрине, алдағы күндері ауа райының қалай болатынына нақты болжам жоқ. Дегенмен, жауын-шашынсыз, қолайлы ауа райы сақталса, құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жалғаса береді» дейді нысанның құрылыс жұмыстарына жауапты маман.

Таңдаулы материалдар

Close