Basty bet

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІ

«Үлгілі отбасы – қоғам тірегі» демекші, үлкеннен үлгі алып, артынан ерген ұрпағына өнеге көрсетіп жүрген отбасылардың беделі әр уақытта да асқақ. Осындай отбасылар қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл саналатын Күреңбел ауылында да баршылық. Солардың бірі – Амантай Туғанбаевтың отбасы.

Отағасы Амантай Күзембайұлы саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, бүгінгі күні бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер. Ел арасында «Қарты бар ел – қазыналы ел» деген жақсы сөз бар. Ардақты ардагерлерге қаратылып айтылған сөзге сүйенер болсақ, Амантай ата зейнет жасына жетсе де, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Ол – ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Амантай Туғанбаев 1957 жылы Қошқарата ауылында дүниеге келген. Балалық шағы Күреңбел ауылында өткен. 1973 жылы бұрынғы Ленин орта мектебін тамамдайды. Әкесі Күзембай Ұлы Отан соғысының ардагері, ардагер-ұстаз болған. Ал, анасы Ұлбике үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысқан.
– Әкем ұстаз болған, әке жолын жалғап барлығымыз ұстаздық қызметті таңдап, әке жолын жалғастырдық. Бізді ұстаздар әулеті деседе болады.
42 жылдан астам саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Амантай Туғанбаев алғашқы еңбек жолын бұрынғы Ленин қазіргі Күреңбел орта мектебінде бастаған. 1975 жылы Түркістандағы индустриалды-педагогикалық техникумын өндірістік оқу шебері мамандығы бойынша бітірген. Педагогикалық еңбек жолын еңбек пәнінің мұғалімі болып бастаған ол көп ұзамай өзінің біліктілігі мен білімділігін көрсете білді. 1996 жылдан бастап мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының қызметінде жұмыс жасады. Қызметтен қол үзбей жүріп, сырттай Тараз қаласындағы педагогикалық институтты тамамдайды. Бір салада табан аудармастан еңбек етіп, аталған мектепте директор болып зейнет жасына шыққанша еңбек пәнінің мұғалімі қызметін атқарды. Сол уақыттан бастап мектептің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосты. Еңбегі елеусіз қалған жоқ: «Қазақ КСРО Халық ағарту ісінің үздігі», “ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына” арналған марапатымен, «Жуалы ауданының 80 жылдығына арналған мерекелік» медалімен, облыс, аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Зейнетке шыққан соң күнделікті тірлікке үйренген Амантай Туғанбаев тағы бір пайдалы іспен айналысып, ауылдың жоғын жоқтап, түгендеп, қордаланған мәселелерді тұрғындармен бірге көтеруде. Ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде «Таза Қазақстан» республикалық акциясына да атсалысуда. Тазалық – ауыл айнасы. Ауылдағы бастауды тазалап, айналасын қоршап, абаттандыруға күш салуда. Әлі де қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, мәдени, спорттық шараларға араласады. Сондықтан да мектеп ұжымы, ауыл жастары ардагерді ардақтап, әрдайым құрмет көрсетеді.
Халықтың алақанындағы азаматтың жаманын жасырып, жақсысын асырып, сыртқа шашпау қазақ әйеліне ғана тән қасиет қой. Осы ретте, Туғанбаевтар отбасының отанасы Жаңагүл Жапарова Сарысу ауданының қызы. Ол саналы ғұмырының 40 жылын білім саласына арнаған жан. Өзінің биязылығымен, көркемдігімен ауылға сыйлы ақ жаулықты аналардың бірі. Жаны тазалықты, әсемдікті сүйеді. Әрдайым өзінің көркемдігімен, бірқалыпты мінезімен отбасының берекесін келтіріп, бір шаңырақтың ұйытқысына айналған.
Амантай аға 42 жыл отандасқан жарымен өмірге үш ұл, бір қыз әкеліп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Балалары әр саланың маманы. Үлгілі отбасының ұрпағы өніп-өсіп, перзенттерінен 8 немере сүйіп отыр.
-Әр отбасының өмірлік ұстанымы, бала тәрбиесіндегі ерекшелігі әртүрлі. Бірі балаға қаталдық танытса, бірі мейірімін төгеді. Дегеменде ата-ана бауыр еті баласының жаман адам болғанын қаламайды. Мейлі қаталдық танытсын, мейлі шексіз сүйіспеншілікте тәрбиелесін, біздің қалауымыз бір ол – баламыздың адам болуы. Ол үшін баланы жастай тәрбиелеп, өмірдің қилы кезеңдеріне төтеп бере алатындай тұлға қалыптастыру қажет. Біздің отбасымыздың ұстанымы – еңбек ету. «Еңбек бәрін де жеңбек» деген.
Ұлттық құндылықты құрметтеу, сақтау, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу аға буын өкілдерінің еншісінде. Әр жанұяда қазақтың салт-дәстүрі ұлықталса, жөн-жоралғысы жасалса, оны көріп өскен ұрпақ міндетті түрде бойына сіңіреді. Сондықтан біз барынша ата-бабадан қалған ұлттық құндылығымызды ұрпағымызға көрсетуге тырысамыз.
Әулеттің қайсыбір ұстазын алмайық, бәрінің де аудан әкімі мен аудандық білім бөлімінен алған марапаттары бар. Әрине, марапат та керек, дегенмен «шәкіртің жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып жатса, ұстазға одан асқан бақыт бар ма?»- дейді ардагер ұстаз Амантай Күзембайұлы.

Лаура МұсабекоВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close