Basty bet

«Бiз болашақты, елдiктi, қатардан қалмауды ойлауымыз керек»

дейді «Жуалы» мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбекұлы

Лұқпан хакім ұлына: «Ұлым, әңгімелесетін болсаң білімді, ғалым адамдармен әңгімелес, олардың сұхбатынан қалма. Неге десең, Аллаһ тағала жерді жаңбырмен қалай тірілтсе, адамдардың жүрегін ғалымдардың хикмет сөздерімен солай тірілтеді» деп өсиет айтқан екен. Иә, «Аталы сөз сүйек балқытады», «Жақсы сөз жан семіртеді» дейді дана халқымыз. Сондықтан жүрген жерімізде өсек-аяңнан аулақ болып, даналарымыздың сөзін жеткізер қазыналы жандардың әңгімесін тыңдауға, оқуға асығайық.
Маусым айында газет бетінен «Тәрбие тағылымдары» атты жаңа айдар ашқан болатынбыз. Ондағы мақсат – қазыналы қарияларымыз бен көпті көрген, көңілге түйгені мол жандармен сұхбаттасып, имандылық, жас ұрпақ тәрбиесі туралы және бүгінгі қоғамдағы маңызды мәселелер жайлы сөз қозғап, ой бөлісу, ойлы оқырманға тағылымы мол мақала ұсыну.
Жаңа айдардың шымылдығын ардагер ұстаз, өмірден көрген, түйгені мол қадірменді қариямыз Әбілқасым Ергебеков атамыз ашқан болатын. Бұл жолғы сұхбатымызды «Жуалы» мешітінің имамы, аудандық билер кеңесінің белді мүшесі Сейітқазы қажы Медетбекұлымен құруды жөн көрдік.

-Сейітқазы қажы Медетбекұлы, бүгінгі қоғамда жас отбасылар арасында ажырасу өте көп. Көбінде ойланбай, ашумен жасалып жатқан бұл жағдай басқаны былай қойғанда баланың жандүниесіне өте ауыр тиері сөзсіз. Сіз имам ретінде, аудандық билер кеңесінің мүшесі ретінде халықтың арасында көп жүргендіктен оның себеп-салдарын жақсы білесіз. Әркімнің басындағы жағдай әртүрлі. Дегенмен, осы мәселеге имам ретінде, жанашыр ел ағасы ретінде не айтар едіңіз? Жалпы, ажырасуды қалай азайтуға болады?
-Бисимиллаһи рахмани рахим.
Ажырасу – пайғамбарымыз ең құптамайтын ісі. Ол туралы Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде де айтылады. Бұл – болашағымыз үшін үлкен қасірет.
Жалпы ажырасуға келетін болсақ, қазіргі жастар әрине барлығы демеймін бірақ тез қызыққыш, жақсы көруі де, жек көруі де бір сәтте.
Абай атамыз «Әсемпаз болма әрнеге» дейді. Өкінішке қарай, кейбір жастар тар ойлайды. Барлығы тез бола қойса дейді, сабырсыз, шыдамсыз, еліктегіш.
Ал, ата-аналарға келсек, кейбір ата-аналар жастардың ортасына килігіп, араласады. Осы орайда енелерге айтарым, ене жас келіннің тәрибесінде орны бөлек жан. Алайда кейбір енелер келін тәрбиелеуде көп қателесіп жатады. Келінге жәй түсіндіріп айтатын дүниені қатты айтады да, керісінше қаттырақ айту керек жерде жұмсақ айтады. Олай емес, әр нәрсе өз орнымен болуы керек. Бала тәрбиесінде әл-Фараби бабамыз былай дейді: «Мұғалімнің өте жұмсақтығы да, өте қаталдығы да балаға пайдасыз». Дәл осы сияқты, жаңа айтқанымдай, әр нәрсе өз орнымен болғаны дұрыс.
Өкінішке қарай, елімізде ажырасу дерегі өте көбейіп кетті. Статистикалық деректерге сүйенсек, ажырсау отау құрған отбасылардың 40 пайызына жуықтайды екен. Бұл – қоғам үшін, болашағымыз үшін үлкен қасірет. Себебі, ата-ананың бар қуанышы, үміті балаларында. Еліміздің тірегі де ынтымағы берік, үлгілі-өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған отбасылар.
Ажырасқан отбасында ортада бала болса, бәрінен де сол қиын. Толық отбасында өспеген баланың жан дүниесі әлем-жәлем болады, жалтақ болып есейеді. Ата-ананың ажырасуы балаға қатты соққы.
Аудандық билер кеңесінің құрамында бес мүше бар. Билер кеңесінің жұмысына тоқталсам, біз алдымызға келген жастарды көп жағдайда татуластырамыз. Әйелге де, еркекке де адам табылады. Бірақ балаға ешкім өзінің туған анасындай, әкесіндей бола алмайды. Өмірде бала толық отбасында алаңсыз өсуінен асқан бақыт жоқ. Жастарға осылай түсіндіргенде көбі ақылға келіп, татуласып жатады.
Елдің ішінде жүргенде көріп, естіген жағдайларымыздың бірі – ата-аналардың жас отбасының мәселелеріне орынсыз килігуі. Ата-ана да араласпайтын жерде араласпау керек. Имам болып жүргенімде куә болған жағдайлар – жастардың ата-анасы, яғни құда-құдағилар бір біріне «мен саған былай бердім, сен болсаң маған бұлай бердің» деп дүние үшін ренжісуі себеп болып жатады. Адам ең бірінші орынға дүниені емес, отбасын, балалардың бақытты болашағын қоюы керек.
Бұрын ажырсау дегенді ел ішінде өте сирек еститінбіз. Анау ауылда пәленшенің баласы немесе қызы ажырасыпты десе, үлкен ұят еді, өте ауыр тиетін. Ал, қазір керісінше кімнің баласы ажыраспай жатыр деп сөйлейді. Абай атамыздың 45 Қара сөзінің бірінде «Пәленше де жүр ғой. Мен одан гөрі жақсымын дейді. Сонда жаманмен өзін салыстырып адам жақсы бола ма дейді». Сондықтан ата-ана қызына барған жеріңе тастай батып, судай сің деп құлағына құюы керек.
Кейбір отбасылар жетіспеушілікті айтады. Бұл дүние бір кем дүниесіз болмайды. Төрт құбыласы тең адам жоқ. Ең бастысы, Алла тағала баламыздан, денсаулығымыздан сынамасын. Дүние-мүлік деген уақытша нәрсе. Денсаулығың болмаса, ештеңе де қызық емес. Сондықтан барды бағалай білуіміз керек.
Адам мәңгілік емес. Адам ұрпағымен мың жасайды. Сондықтан балаға барымызды беруіміз қажет. Бала – періште.
Ал, енді ажырасуды қалай азайтуға болады деген мәселеге келсек, ажырасуды азайту үшін әрбір отбасында ұлттық құндылықтарымызға негізделген мықты тәрбие керек. Қазір бала өзі біледі деп ойлайтындар көбейді. Ол дұрыс емес. Бұрын жастар болашақ жар таңдауда үлкендердің кеңесіне құлақ асатын. Себебі, үлкендер нәпсі көзбен емес, ақыл көзбен қарайды.
Ұлы дана, ойшыл атамыз Абай Құнанбаев:
«Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан қапы қалма» дейді. Сондықтан жар таңдауға немқұрайды қарауға болмайды. Ынтымағы мықты, тәрбиелі жандардың отбасында өскен ұл мен қыз да ділі мықты болып есейеді.
-Ұлды, қызды қалай тәрбиелеу керек. Бүгінгі бала тәрбиесінде не жетіспейді?
-Халқымызда «Балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» деген нақыл сөз бар. Яғни, ең бірінші өзіңді тәрбиеле. Бала – ата-ананың айнасы.
Ұлы ғұламаларымыз балаға жеті жасқа дейін берген тәрбие бәрінен де маңызды деген. Адамның ғұмыр бойы есінде қалатыны осы жастағы тәрбие. Одан кейін баланы тәрбиелеймін демей-ақ қой.
Тәрбие ананың құрсағында басталады. Аяғы ауыр әйел өзінің денсаулығына қатты мән беру керек. Яғни, қатты ашуланбау керек, жаман әдеттерден аулақ болуы тиіс. Ата-бабамыз баланы үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Яғни, ұят болады, тәйт, обал болады деген сөзбен тәрбиелеген.
Бала тәрбиесінде бүгінгі күні жетіспейтін нәрсе – ата-ананың балаға жете көңіл бөлмеуі. Барлық мәселе осыдан басталған. Ата-ана бала-шағаны бағудың қамымен жұмысынан шаршап келеді де, ең бастысы баламның тамағы тоқ, киімі бүтін деп ойлайды. Бір дастарқанның басында отырмайды. Әр қайсысы бөлек-бөлек, бір-бір телефонмен өздері жеке отырады. Ең құрығанда бір күнде 10 минут бірге отырып әңгімелеспейтін отбасылар бар. Қариялардан естіген бір әңгімем бар еді. Бір заман болғанда әкеңнің үйінің қасынан өтіп бара жатып, кіріп жағдай сұрасқың келеді, бірақ кіріп жағдай сұрауға уақытың болмайды. Айтқың келіп тұрады, бірақ айта алмайсың. Сондай-ақ балаңның үйінің қасынан өтіп бара жатып балам қалайсың деп сұрай алмайсың дейді. Қазір сол заман келгендей. Барлығы бар. Бірақ қадірін білмейміз. Ештеңені орнымен пайдаланып, қадірлемейміз.
Халқымыз «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» деп тегін айтпаған. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ислам дінін таратқан кезде кейбір кісілер бисимилласын айтқанмен бірден мұсылман болып кеткен жоқ. Көп адамдар Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жүріс-тұрысына, сөзіне, киіміне, әдептілігіне еліктеп мұсылман болған адамдар. Сондықтан тәрбиені өзіңнен бастауың керек. Өзің арақ ішіп, темекі шегіп отырсаң балаңа сен арақ ішпе, темекі тартпа деп қалай айтасың? Ондай жағдайда бала ақылыңды тыңдамайды да. Бала өзіңе қарап бой түзейді.
Балаға кішкентайынан бисимилланы үйрету керек. Бисмилла айтылған жерде шайтан болмайды.
Тәрбие, мәдениет қол жуудан басталады. Ұят тұрған жерде иман тұрады. Бисмилла тұрған жерде бала жамандыққа бармайды.
«Шешен болар балаңды тіл қатқаннан танисың, ұста болар балаңды балтасынан танисың, ұры болар балаңды түн қатқаннан танисың» дейді даналарымыз. Мұның бәрі ата-ананың берген тәрбиесі арқылы болады. Баланы кітап оқуға, еңбекқор болуға тәрбиелеу керек. Ал, баланың түн қатып жүргеніне дер кезінде көңіл бөлмесең, оның соңы не болары белгілі. Бала түн қатып жүріп, құр жүрмей бір нәрсені іле келсе, балаға мұның не, тәйт демей, балам дүние тапты десең, бала оны дұрыс көріп, әрі қарай жалғастыра береді. Қарапайым болғанымен, әр нәрседе үлкен мән бар. Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде ешбір ата-ана баласына жақсы тәрбиеден басқа ештеңе қалдыра алмайды дейді.
Сондықтан балаға кішкентайынан өнер, білім, әдеп үйрету керек.
-Бұрынғы қариялар мен қазіргі қариялар туралы айтыңызшы. Бұл сұрақты қойған себебім – меніңше айырмашылығы жер мен көктей. Қазір отырған жерінде жастарды ұйытып сөйлей алатын, сөзіне ісі сай қарияларымыз өте аз.
Үлкен қызметте болған, сырттай үлгі тұтатын ел ағаларын жақынырақ танысаң, сөзі мен іс-әрекетінен еріксіз жерінесің. Яғни, әлі күнге дейін нәпсісін жеңе алмаған, жастарға айтары жоқ, әңгімесі өсек-аяң, өтіріктен аса алмайтын, ар-ұятты емес, бас пайдасын жоғары қоятын ел ағаларына қарап қатты қынжыласың.
-Тау халқының жақсы бір сөзі бар: «Жақсы қариясы жоқ ауылда жақсы жастар өсіп-өнбейді» дейді. Жастар жақсы болуы үшін қариялар жақсы болуы керек. Қазіргі қарияларға қарасақ, бас қосқан жерде айтатын әңгімесі – өсек-аяң, біреудің дүниесі, қызметі. Салауатты, артында қалатындай өсиет айтатын қариялар өте аз. Мәңгілік еш нәрсе жоқ. Мәңгілік Алла тағала ғана. Адамзаттың асыл арманы – артында жақсы атын қалдыру.
Сырым Датұлы жайлы мынадай әңгіме бар еді.
Сырым сынамаққа Бөкен биге сәлем бере барса, қарт:
– Қай баласың? – депті. – Даттың баласымын, – депті Сырым.
– Қой баға алмайтын жаманнан да қолақпандай ұл туады екен-ау! – дейді Бөкен.
– Отындық ағаштан оқтық мүсін шығады деген қайда? Шалдың үш түрі болады деуші еді: қадірсіз шал, қазымыр шал, қыдырма шал. Өзің соның қайсысың? — депті Сырым.
Сонда Бөкен қарт селк етіп: — Бала, қадірсіз десең халқымнан сұра, қазымыр десең қатынымнан сұра, қыдырма десең көршімнен сұра? — деген екен.
Сондықтан абыз қария болу керек. Ол жас үлкен кісінің жастардың алдындағы міндеті. Қариялар қадірлі болу үшін өзінің орнын білуі керек.
Жалпы, адам өзінің сөйлейтін орнын білуі керек. Сөз құдіреті өте күшті. Сөз төрт топқа, адам үшке бөлінеді. Бірінші топтағы сөз – айту керек, тыңдауға қажет, екінші айтуға керегі жоқ, тыңдауға керегі жоқ, үшінші тыңдау керек, айтпау керек, төртінші айту керек, тыңдамау керек. Соның ішінде сөздің асылы біріншісі. Сөзің аузыңнан шыққанша сен егесің, шыққан соң ол саған ие болып шыға келеді.
Ал, адам үш түрлі дегенім – бірінші ғалым адам, ондай адамды көрсең, етегінен ұстап ажырама дейді даналарымыз. Екінші – залым адам. Ғалымның білгенін ол да біледі. Бірақ, сұрасаң, білмеймін дейді. Олардан аулақ жүру керек. Үшінші – надан адам. Олар білмейді, білгеннің тілін алмайды. Қарғыстың ең жаманы да «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген.
Осы жерде Амангелді Айталы ағамыздың «Қазір адамдарға ақыл айтсаң да бәлеге қаласың. Ақыл айтсаң өзім білем деп шығады» деген сөзі есіме түседі.
Сөзді ойланып айтпасаң, сөз шарап сияқты нәрсе. Сөз құдіреті өте күшті. Одан адамның басы ауруы да мүмкін, жазылуы да мүмкін. Бір ауыз сөзбен адамды бақытты етуге де, көңілін қалдырып, мәңгі жау етуге де болады.
Сондықтан қариялар сөйлеу мәдениетіне қатты мән берсе деймін.
Бұқар жырау бабамыз:
«Ай, заман-ай, заман-ай,
Түсті мынау тұман-ай.
Істің бәрі күмән-ай.
Баспақ, тана жиылып
Фәни болған заман-ай.
Құл-құтандар жиылып,
Құда болған заман-ай.
Арғымағын жоғалтып,
Тай жүгірткен заман-ай.
Азаматың құлапты,
Жұрт талық болған заман-ай.
Арғымақтың жалы жоқ,
Жабылар жалымен теңелер.
Жақсылардың малы жоқ,
Жамандар малымен теңелер» дейді.
Мәңгі емес өмірде мәңгі өмір сүретіндей бет жыртысудың қажеті жоқ. Артымызда жақсы іс пен жақсы сөз қалдыруымыз керек. Көп оқыған, мәдениетті адам – қашанда жоғары тұрады.
Алдыңғы арба қариялар қайда барса, артқы арба жастар сонда барады. Қариялар карта ойнап, орынсыз сөйлеп отырса, жастар да соларға еліктейді. Сондықтан жақсы болу – барлығымызға міндет. Себебі, дана қария болу адамның жас кезінен басталады.
-Халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Бесік түзелу үшін әйел түзелуі керек.
Бүгінде кейбір әйел-аналарға қарап, болашағымызға күмәнмен қарайсың. Себебі, кафелерге бара қалсаңыз, 60-70 пайызы әйелдер отырады және жәй отырмай ішімдік ішіп отырады. Әйелдердің бұл іс-әрекетіне не дейсіз?
-Біздің халық дана халық. «Еркек тентектеу болса, одан туған баланың бір-екеуі бұзықтау болып туады. Ал, әйел ақымақ болса, барлық бала ақылсыз болып туады» деп түйіндейді. Немесе бұл бала жатырында жатып құрыған дейді.
Сондықтан аналардың арақ ішуі – қасірет. Тәрбие құрсақтан басталады. Әйел ерімен жарысып көше кезуі, арақ ішуі қасірет.
Қадір Мырзәлі ағамыз: «Еркек кемшіліктен жаратылған, әйел кешірімнен жаратылған» дейді. Әйел ерін, ері ананы, яғни әйелін көтеріп отырудың өзі үлкен тәрбие.
Абай атамыз бала кезінде оқудан демалысқа келгенде анасына жүгіріп келіп құшақтағанда анасы «Балам, бірінші әкеңе барып сәлем беріп кел» дейді. Өте қарапайым көрініс болғанымен, тәрбиелік мәні зор. Бір ауызсөзбен анасы баласына әкеге деген құрметті көрсетіп отыр.
«Ауруыңды жасырсаң, өлім әшкере қылады» дейді дана халқымыз. Кейбір әйелдер күйеуін балаларының көзінше жерден алып жерге салып отырады. Баланы ешқашан олай жақсы етіп тәрбиелей алмайсың. «Еркек – үйдің иесі болғанымен, әйел – үйдің киесі» деген. Сондықтан үйдің берекесі, ынтымағы, босағаның беріктігі әйелге көп байланысты.
Жерлесіміз Батыр Баукең «Әйел үш-ақ нәрсесі болса, жақсы әйел болады. Ол үш нәрсесі болмаса, алтын басты әйелден бақа басты еркек артық. Яғни, әйел бірінші балаларына жақсы тәрбие беру керек. Екіншісі дастарқанына, үшіншісі отағасына жақсы қарауы керек» дейді. Бұдан шығарар қорытынды сырт көзге жылтырап, бірақ, өзі арақ ішіп отырса, дастарқаны, үй-іші лас болса, күйеуінің үсті-басы кір болып жүрсе, ол әйел жақсы әйел емес.
-Сейітқазы қажы Медетбекұлы, келіннің сәлем салуының түпкі мақсаты – түскен жеріне бас июі, сыйлауы емес пе? Еліміздің әр жерінде келіндер сәлемді әртүрлі жасайды. Меніңше мұның айырмашылығы жоқ деп ойлаймын. Бастысы ниеттің дұрыстығы. Алайда, үлкендер тарапынан келіннің сәлемін сынға алып жататындар кездеседі. Осы мәселе туралы айтыңызшы.
-Иә, еліміздің әр түкпірінде сәлемді әртүрлі салады. Бірақ оның бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Дұрыс айтасыз, ең бастысы келіннің қайын жұртына деген ниеті түзу, дұрыс болуы маңызды. Осы орайда айтқым келетін дүние сәлемнен бөлек еліміздің әр жерінде әруақтарды еске алуда Құран оқудың да әдісі бар. Яғни, бір жерлерде Құранды тамақтан кейін оқыса, бір жерлерде тамаққа дейін оқиды. Бірақ, оның екеуі де дұрыс, екеуінің де ниеті бір. Сол себептен мұны «тырнақ астынан кір іздеп» үлкен мәселеге айналдырмай, кең көзқараста ойлауымыз керек. Бұдан да үлкен нәрселелерді жөндеуіміз керек.
Ұстазым Қайрат Жолдыбайдың бір сөзі есіме түсіп отыр. «Біз мұсылман сақал қою керек, қоймау керек, тақия кию керек, кимеу керек, мәсі кию керек, кимеу керек деп айтысып жүргенде, басқа діндегілер бізге қарап күліп отыр» дейді. Мәселе сыртқы белгілерімізде емес, мәселе – ниетте, білімде. Біз тар, ошақтың қасындағыны ғана ойламай, үлкен, одан жоғары нәрселерді, мәселелерді, болашақты, елдікті, қатардан қалмауды ойлауымыз қажет. Үміт үзбей, еңбек етуіміз керек.
Бауыржан атамыз «Тұрған су сасиды, ойламаған ми сасиды» дейді. Адам барлығын алдын алып, алдын ала ойлануы керек.
-Бүгінде Аллаға шүкір дейік имандылыққа бет бұрған жастарымыз көп. Яғни, намаз оқиды, ораза ұстайды. Бірақ, байқап жүргеніміздей, олардың көбінің сөзі, іс-әрекеті біздің менталитетімізге сәйкес келмейді. Өкініштісі, меніңше осындай жандар арамызда көбейіп кеткен сияқты. Сіздің көзқарасыңыз қандай, жалпы имандылық туралы айтыңызшы.
-Қазір жастардың арасында мешітке келіп намаз оқитындары көп. Бұл құптарлық нәрсе. Бірақ, осылардың арасында халқымыздың сан ғасырдан бері келе жатқан салт-дәстүрін ширк деп есептейтін жастар көбейді. Тіпті адасқандары соншалықты көбі елімізге ислам діні 1991 жылы келді деп ойлайды. Әрине, бұл пікір дұрыс емес. Ата-бабамыз ислам дінін ұстанғалы 12-13 ғасыр болды. Оған бір дәлел алғашқы мешіттердің бірі біздің көне Тараз қаласында болуы.
Жастарымыз неге адасты? Біз 70 жыл бодандықта болып, еліміз тәуелсіздігін алғанда елімізде жастарға Құран үйрететін медресе болмады. 19 облысымызда 63 қана мешіт болды. Қазір 3500-дей мешіт бар. Содан медресе болмағандықтан жастар білім алғысы келді де олар Пәкістанға, Индияға, Сирияға, Сауд Арабияға барып оқыды. Олар ол жақта Құранды оқып келді, оған қоса сол халықтың дәстүрін, табиғатына қарай киім кию үлгісін бәрін қоса ала келді де, біздің бабаларымыздың дәстүрін жоққа шығарды. Біздікі тура жол, басқанікі қате деген оймен келді. Тіпті әке-шешең намаз оқымады ма оларды тыңдауға болмайды деп ойлады.
Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) дінді 23 жылда таратты. Неге? Мұсылман болу әсте-әсте деген. Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) дінге халықты ақырын-ақырын алып келуінде де үлкен сыр жатыр. Және Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) дінді қиын, ауыр жолмен емес, парасаттылықпен, жұмсақтықпен, жеңіл жеткізген. Яғни, әр халықтың салт-дәстүрі шариғатқа қарсы келмесе оған ешкім тыйым жасауға болмайды. Біз де ешқандай шариғатқа қарсы келетін салт-дәстүр жоқ. Барлығы да сүзгіден өткізілген құндылықтар. Барлығының тәрбиелік мәні бар, шариғат шеңберінен шықпайды.
Сонымен бірге біздің салт-дәстүрімізді теріске шығарып жүрген жастарымыздың 60 проценті орысша оқып, орысша бітіргендер. Орысша оқыған соң, орысша ойлайды. Барлық сөзді тура мағынада түсінеді. Ал, біздің халқымыз астарлап, тұспалдап сөйлеген. Бұл халқымыздың даналығы. Оған бір ғана дәлел, «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деген нақыл сөз. Ал, орысша оқыған жастар мұны дұрыс түсінбегендіктен, басқаша ойлайды. Терең ойлана алмайды. Қазақ еліктегіш халықпыз. Өзгенің қаңсығын таңсық көреміз, сүзгіден өткізбей өзімізге қабылдаймыз.
Ұлы Отан соғысы бес жыл болғанда оның зардабы шарпымаған отбасы қалған жоқ. Бірінің күйеуі, бірінің баласы, бірінің бауыры соғысқа аттанды. Бес жыл болған соғыстың жүректерге салған жарасы 80 жылға жуық уақыт өтсе де әлі толық жазылған жоқ. Ал, біздің тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды. Бес жыл емес, 30 жылда осы жолда адасқан адамдардың бүгінде немересі, шөбересі бар. Яғни, олар ұрпақтарына да сол тәрбиені берді. Сондықтан бұл өте қауіпті.
Осы тұста Қаңтар қасіреті менің ойыма келеді. Бұл қасіретті оқиға болмай тұрып менің жүрегім бұл мәселенің тамыры өте тереңге кеткенін білгендіктен бір жамандықтың болатынын сезетін. Бұл өте күрделі мәселе. Сондықтан оған бір жақты баға беруге болмайды. Мемлекет басшысының өзі оқиға туралы бірден халыққа ештеңені ашып айтпады. Неге? Себебі, шындықтың өзін халыққа бірден айтпай, өз уақтысымен айтатын кез болады. Кейде шындықтың да пайдасынан зияны көп болуы мүмкін. Шындықты халық оны дұрыс түсінуге дайын болғанда ғана айтпаса, ол да қауіпті.
Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) досы Әбу Бәкір бір сөзінде «Мен пайғамбарымыздың жанында бес жыл жүрдім. Көп нәрсені үйрендім. Бірақ халыққа оның жартысын ғана айтым, жартысын айтпадым. Себебі, оны дұрыс түсінуге халықтың санасы дайын емес еді» дейді.
Алайда қай жерде де жақсылықтан үміт үзбеуіміз керек. Өз халқымыздың құндылықтарына оралмай болмайды. Адасқандарымыз ат айналып қазығын табар деп ойлаймын. Сан ғасырлардан бері келе жатқан тура жолымызды ұстануымыз керек. Еліктеп ел бола алмаймыз.
-Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құру тұралы бастамасы халықтың көкейіне болашаққа деген үлкен сенімді ұялатты. Жаңа Қазақстанды құру жолында бізге қандай қасеиттер керек деп ойлайсыз?
-Ең бірінші білім мен ғылымды, тәрбиені жақсылып қолға алу керек. Президентіміз айтқандай, қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман.
Абай атамыз айтады:
«Мен көдім дүние деген иттің көтін,
Жеп жүр ғой біреуінің біреуі етін.
Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда,
Көбінің сырты бүтін, іші түтін».
Яғни, мәңгілік ештеңе жоқ. Мәңгілік Алла ғана. Мәңгі емес дүниеде мәңгі өмір сүретінідей бет жыртысып, дүниенің соңына түсіп, адамшылықты ұмытудың түкке қажеті жоқ.
Абай атамыз айтқандай, адам имандылықты, ұятты бірінші орынға қоймай, адам кемел, толық адам бола алмайды. Адам екі тумай адам болмайды дейді. Яғни, ар-ұяттың жоғары дәрежесіне жетпей, жақсылыққа жете алмаймыз. Біз Абай атамыздың көрсеткен жолымен жүрмей, ата-бабамыздың ата дәстүрімен сусындамай ұшпаққа шыға алмаймыз.
«Ойпаң жерге тебіндеп шөп бітеді,
Кей жігітке мал мен бас көп бітеді.
Жас өспірім балалардан болыс қойсаң,
Қашан түсіп қалғанша жеп бітеді» дейді. Яғни, қоғамдағы ең үлкен кесапаттың бірі жемқорлықты жою үшін адамда ар-ұят, тектілік, отансүйгіштік тәрбие кішкентайынан сіңірілуі керек.
Адамның күні адаммен. Адам адамға қарайласу керек.
Бір данамыздың мынадай сөзі бар еді. «Көп адам көрдім үстінде киімі жоқ, Көп киім көрдім ішінде адамы жоқ». Шынында бізде ішінде адамы жоқ киімдер көп.
Шерағаң айтқандай, алтын сандықтың үстінде нан сұрап отырғанымыз да жемқорлықтың, енжарлықтың салдары.
Бұл жалған дүниеден шешен де, көсем де, бай да, жарлы да өткен. Сондықтан адамдықты жоғары ұстайық.
Ең мәдениетті халықтың бәрі өзінің ұлттық құндылықтарын жоғары бағалай біледі. Сол құндылықтарымыздың бірі де бірегейі – ана тіліміз. Мәшһүр Жүсіп Көбейұлы бабамыз: «Дүниеде 72 тіл бар. Қаншама тілдің ішінде ең әулие тіл араб тілі. Себебі, ол тілде Құран түскен. Қанша жерден үлкен болсаң да, Құдайдан үлкен емессің. Екінші әулие тіл – қазақ тілі. Әулиелік те, шешендік те қазақ тілінде тұнып тұр. Бірақ, екі қазақтың бірі шешен сөйлей алмайды. Барды білмей қор қылып жүр» дейді. Барымызды құрметтеу, қадіріне жету арқылы рухымызды көтереміз.
Барлық мәселеде әркім өзінен бастауы керек. Қоғамда осындай келеңсіздіктер бар екен деп көндікпеу керек. Қоғамды түзейтін өзіміз. Алладан үміт үзбей, өз үлесімізді қосуымыз керек. Алланың тілегімізді бергенінің бір дәлелі – қаңтардағы оқиғада еліміздің тағдыры қыл үстінде тұрғанда дұрыс шешілуі деп білемін. Бізге қиын жағдай Аллаға оңай. Тегін адам патша болмайды. Патшаға Алла жәрдем береді.
Басшылықта текті ұрпақтар көп болсын, лайым! Патшамызға қолдау білдіріп, елдің дамуына үлесімізді қосайық!
-Әңімеңізге үлкен рақмет! Сұхбатымызды оқырманның кәдесіне жарар деген оймен Ислам ғалымы шейх Әдәб Әлидің баласына айтқан насихатымен түйіндегім келіп отыр. «Балам, таң ағарып ата бастағанда дүние есігін ашып, кешкі азан айтылғанда өмірден өтіп кететін жандар жеткілікті. Сондықтан әр күніңнің қадірін біл!
Ақылыңды, бойыңдағы күшті, аузыңдағы сөзді қашан, қай жерде айту керектігін білгейсің. Әйтпесе, бір күні жел ұшырған қауқарсыз жапырақ кейпіне түсерің анық. Ашуың мен нәпсің бір жақ боп, ақылыңды жеңіп кетпесін. Ылғи да сабырлы, тұрақты, жігерлі болуға ұмтыл!
Ата-анаңды құрметте! Береке үлкендермен бірге жүретінін есіңнен шығармағайсың! Бұл жалғанда наным-сеніміңнен қол үзіп қалар болсаң, жап-жасыл күйіңде қурап, шөлге айналасың. Ақжарқын бол, ашық айт. Әр сөзді көңіліңе ала берме. Көпбілемдікке салынба, әр көргеніңді айта берме. Өзіңді жақсы көретін жерге көп барма, сый-құрметтен айырыласың. Үш кісіге жаның ашысын: надандар арасындағы ғалымға, байлығынан қол үзген кедейге, құрметке ие болып жүріп абыройынан айырылған адамға» деген екен.
Құрметті оқырман, қоғам болып күшімізді өткірді мұқалтуға, мықтыдан мін табуға, ел қамын ойлаған ерлерді аңдуға емес, жалқауды жұмыс істетуге, мұқтаж жанға көмектесуге, бұзықты түзеуге, ең бастысы өзіміздің ниетімізді, пиғылымызды түзеуге жұмсайық!

Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close