Basty bet
Бәйтеректе жаңа амбулатория бой көтеруде
Қараша халыққа қашанда қамқор болып, саулығын сақтауға септігін тигізетін сала – медицина екені баршаға мәлім. Ұлт саулығы – еліміздің тұрақты дамуының кепілі. Сондықтан болар, медицинаға қатысты мәселе мемлекет назарынан ешқашан тыс қалған емес. Әсіресе, шалғай ауылдар мен елді мекендерде дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-амбулатория немесе медициналық пункттер салу ісі мықтап қолға алынуда. Соның бірі – Ақтөбе ауылдық округіне қарасты, Бәйтерек ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысын айтуға болады.
Басы ауырып, балтыры сыздай қалса, аудандық орталық ауруханаға қарай бет алатын ақтөбелік жұртшылық ендігі кезекте жаңа ғимараттың игілігін көреді. Аталған дәрігерлік амбулаторияның құрылысын бас мердігер «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС құрылыс мекемесі қолға алған.
Халқының саны 2590-ға жуық Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындары көп жылдан бері тозығы жеткен ескі емханада емделіп келеді. Ауылдық округтің әкімі Көбейсін Хайралаповтың айтуынша, бұл ескі ғимарат бұрын кеңсе болған. 2002 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан емдеу ошағы сол кездері 6 орынға ғана шақталған еді. Енді халық санының артуына байланысты мұнда жаңа ем-дом орталығын салу қажетті саналды. Үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап ауылдың орталығынан зәулім ғимарат тұрғызыла бастады. Ол үшін республикалық бюджеттен 181 млн 773 мың 428 теңге бөлінген.
– Көпұлтты ұлыстар мекен еткен ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы ұзаққа созылмайды деген сенімдемін. Құрылыс қарқыны осылайша жүретін болса, алдағы тамыз айының соңына дейін тұрғындар игілігіне берілмекші. Құрылыс басында барлығы 25 жұмысшы жұмыс атқаруда. Бүгінде ғимараттың іргетасы толық құйылып бітті, енді ішін толтыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталғаннан кейін абаттандыру шаралары қолға алынады, – дейді құрылыстың бригадирі Дүйсенбек Сейдалиев бізбен әңгімесінде.
Жалпы, жұмысты атқару үшін мұнда байқауда жеңімпаз атанған мердігер компания «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС-ның құрылысшыларымен қатар, алты ауыл тұрғыны ерікті түрде іске тартылған. Олар үш мезгіл ыстық тамақпен қамтылып, уақтылы демалуға барлық жағдайлар да қарастырылған екен. Осылайша 25 келушіге арналған ауылдағы жаңа дәрігерлік амбулатория күзге дейін тұрғындарды қабылдай бастамақ.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»