Basty bet
Азат елдің ар-намысы – Ата Заң!
Жуалы жұртшылығы Конституция күні мерекесін сән-салтанатпен атап өтті
Конституция күні – ел өміріндегі ерекше мереке. Еліміздің егемендігі мен халқымыздың тәуелсіздігі, болып жатқан оң өзгерістер мен игі бастамалар мен маңызды мәселелердің барлығы ең біріншіден Ата Заңмен тікелей тамырлас. Сондықтан Конституция күні мемлекеттік мереке саналады. Бұл күн – халық өміріндегі ерекше күн. Ата Заңға құрмет – елге деген құрмет саналады. Сондықтан Конституция күні мерекесі барлығымыз үшін қастерлі болуға тиісті.
Конституция елдің негізгі заңы ретінде Қазақстан халқының ерік-жігерін, оның ең жоғары құндылықтары адам, оның өмірі құқықтары мен бостандықтары болып табылатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде елді бекітуге деген ұмтылысын көрсетеді.
30 тамыз – Конституция күні мерекесі қасиетті Жуалы ауданында да ерекше атап өтілді. Аудандық «Достық» мәдениет үйінде өткізілген ресми мерекелік іс-шарадан осыны анық аңғарғандаймыз. Ата Заң мерекесіне арналған салтанатқа жиналған қауымның бір-біріне деген құрметі, мерекелік лебіздер білдіруі, бәрі-бәрі жарасып-ақ тұр.
Салтанатты шара басталмас бұрын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ортаға әкелініп, Мемлекеттік Гимн шырқалды.
Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді.
-Қадірменді жерлестер!
Баршаңызды тарихи мәні зор мерейлі мереке 30 тамыздағы Қазақстан Республикасы Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының Ата Заңы өмірге келді. Ел талқысынан өтіп, таңдауына айналған басты құжатымыздың авторы – бүкіл Қазақстан халқы.
Тоғыз бөлім мен тоқсан сегіз баптан тұратын Ата Заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп басталады. Бұл мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі.
2022 жылы елімізде конституциялық өзгерістерге қатысты референдум өтті. Референдум арқылы Конституцияның үштен біріне, яғни 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді.
Түптеп келгенде, бұл қадамдар халықтың әл-ауқатын арттыруға және еліміздің болашағын баянды етуге ықпал етеді. Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Конституциясы – халықтың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі» саналатынын айтқан болатын. Сондықтан Конституцияны құрметтеу және оны ұлықтау – біздің басты парызымыз!
Сіздерді Конституция күнімен құттықтай отырып, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Жылдан жылға біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, Келісім мен Бірлігіміз нығая берсін.
Еліміз тыныш, келешегіміз кемел болсын,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Аудан басшысы Жалғас Мұртаза Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мемлекеттік мерекесіне орай облыстың және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі бар бірқатар азаматтарға Жамбыл облысы әкімінің және Жуалы ауданы әкімінің Құрмет грамоталарын және Алғысхатын салтанатты жағдайда тапсырды. Облыс және өңір басшыларының құрметіне бөленген үлгілі қызметкер азаматтардың қатарында Көкбастау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-қаржы агенті Балакүл Мамбеталиева, Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеменің радиооператоры Есмұхан Көшербайұлы, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Жаныгүл Махмудова және Ақсай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-әскери есеп столының инспекторы Қанатбек Жексенбаев, тағы басқа азаматтар бар.
“Жуалы” көпшілік мешітінің имамы, аудандық билер кеңесінің мүшесі, ауданның құрметті азаматы Сейітқазы қажы Медетбеков облыс орталығында өткен мерекелік салтанатқа қатысып Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасына ие болды. Марапатты облыстың әкімі Н.Нұржігітов тапсырды.
Мерекеге жиналған жұртшылықты аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев құттықтап, ізгі тілегін білдірумен бірге, еңбекте үздік азаматтардың бірқатарына Алғысхаттар табыстады. Марапатталғандардың дені мемлекеттік қызметте тер төгіп жүрген үлгілі азаматтар.
Конституция күні мерекесіне арналған жиын ары қарай мерекелік концертке ұласты. Онда «Жаңабаевтар» отбасылық ансамблі және аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының өнерпаздары өнер көрсетті. Онда Отан, туған жер туралы патриоттық әндер орындалып, бишілер де өнерімен жиналған жұртшылықты тәнті етті. Бір сөзбен айтқанда, мерекелік салтанатқа шақырылған көпшілік көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»