Basty bet
Ауыл тұрғындарының әрбір мәселесі – басты назарда
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығы негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдерімен қатар, аудан әкімдері әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу, ал ауыл әкімдері айына бір рет жергілікті халықпен кездесу өткізуге міндетті.
Жергілікті деңгейдегі әкімдер ендігі кезекте халықпен жиі-жиі кездесіп, олардың мұң-мұқтажымен және ауылдардағы қордаланған проблемаларды шешуге ықпал жасауға міндеттенеді. Мұндай кездесулер, әрине, жергілікті халықтың арасындағы әлеуметтік, басқа да көкейде жүрген проблемалардың оң шешілуіне әрі оның уақтылы орындалуына жол ашатыны сөзсіз.
Жергілікті тұрғындармен кездесу кестесіне сәйкес, кеше аудан әкімі Жалғас Мұртаза және аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, сонымен қатар аудан әкімдігіне қарасты бірқатар бөлім басшылары мен жауапты мамандары Қарасаз және Билікөл ауылдық округіне барып, тұрғындармен кездесу өткізді. Сонымен қатар, аталған ауылдық округтердегі әлеуметтік нысандарды аралап, ондағы қалыптасқан нақты жағдайлармен танысты.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза алдымен сәрсенбі күні Қарасаз ауылдық округіне қарасты Ақбастау ауылында болып, ондағы №14 Б.Майлин атындағы орта мектептің және мектепке жапсарлас орналасқан «Қарлығаш» бөбекжай-балабақшасының жай-күйімен және №16 Жуалы колледжінің тыныс-тіршілігімен жіті танысты. Әрі қарай аудан әкімі Б.Момышұлы-Жүрімбай тас жолының орта жөндеу жұмыстарын көріп, мердігер тарапқа жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтау керектігін тапсырды. Сонымен бірге, Қарасаз ауылындағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектептің, «Қарасаз» бөбекжай-балабақшасының және ауылдағы орталық саябақ пен кіші футбол алаңшасын аралап көріп, бірқатар түйіткілді мәселелермен қанықты.
Аудан әкімі Ж.Мұртаза бейсенбі күні Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесуде алдымен сөз алған аудан басшысы, жергілікті тұрғындарға ең керегі – көгілдір отын, ауызсу, электр жарығы және сапалы жол екенін айтып, әсіресе жолдардың сапасына бақылауды күшейту керектігін жеткізді. Сонымен қатар, Білім күні қарсаңында аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияға жазушы-публицист Шерхан Мұртазаның есімі берілгендігін және №27 Диқан, №23 Алатау орта мектептерінің құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылында оқушылар үшін есігін айқара ашқандығынан хабардар етті.
Өз сөзінде аудан басшысы, ауданның аграрлы аудан екенін және ауыл шаруашылығы, туризм саласын дамыту істері алдағы уақытта мықтылап қолға алынатындығын тілге тиек етті. Одан бөлек, Қарасаз ауылындағы орталық саябақты жаңғырту және ауылға үлкен спорт кешенін салу жоспарға енгізілгендігін жеткізді.
Жиын барысына сөз алған ауылдық округ билер кеңесінің төрағасы, зейнеткер Нұртаза Омаров Қарасаз ауылындағы Бейбітшілік көшесін жарықтандыру және Батыс Қытай-Батыс Еуропа халықаралық дәлізіндегі Қарасаз ауылына кіре берісті жарықтандыру керектігін, әйтпесе бүгінде ауыл тұрғындарына қауіп тудырып отырғандығын айтты. Сондай- ақ, 21 жастағы Аружан есімді жас келін ауыл жастары тұрақты жұмыспен қамтылса деген тілегін жеткізді. Ал, ауылдық округтің ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Сағындық Тоқбергенов ауылдағы учаскелік полицейдің жұмысының жүйесіз екендігін айтып, қатаң сынға алды.
Ауыл тұрғыны, ардагер ұстаз Есімхан Сеңгірбаев №6 А.Пушкин атындағы орта мектепке директор тағайындауды аудан әкімі назарға алса деген ұсынысын білдірді.
Жиында көтерілген мәселелердің барлығына қаныққан аудан басшысы, оның шешілу жолдарын ауыл тұрғындарымен бірге саралады.
* * *
Аудан басшысы Ж.Мұртаза түстен кейін Билікөл ауылдық округіне қарасты Қарабастау, Әбдіқадыр, Жылыбұлақ ауылдарындағы білім беру ошақтарының және денсаулық сақтау ұйымдарының жай-күйін бағамдап, ауылдық клуб, кітапхана, балабақшаның және «Берікқара», «Тау самалы» отбасылық, туристік-сауықтыру лагерінің жұмысымен танысты.
Ауыл тұрғындарымен кездесу жиыны Қарабастау ауылдық мәдениет үйінде өтті. Тұрғындар жолдаған сауалдардың дені ауылішілік жол салу болса, ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Абсалямов ауылдық округке қарасты ауылдарда орналасқан дәрігерлік амбулаторияны немесе медпункттерді жаңарту мәселесін көтерді. Сонымен бірге, ауыл тұрғыны Мәдіхан Рахманқұлов ауылдан жаңа амбулатория салынар болса, ескі ғимаратты қараусыз қалдырмай өнер мектебі етіп ашу туралы ұсынысын жеткізді. Одан бөлек, ауыл тұрғындары ауылға кіре беріс жолдың жиегіне жабайы жиде ағаштарының қаптап кеткендігін айтып, жою қажеттігін алға тартты.
Жиында көтерілген әрбір мәселеге жіті назар аударған аудан әкімі Жалғас Мұртаза мәселелердің барлығын сала мамандарымен бірге саралай отырып, ауыл тұрғындарының жолдаған сауалдарына кезең-кезеңімен жауап берді. Сонымен қатар, айтылған ұсыныс-тілектер ұдайы бақылауда болатындығын, ауыл-аймақта қандайда бір мәселе туындай қалса аудан әкімі ретінде ауыл тұрғындарымен әрқашан бірге екендігін айтып, сөзін түйіндеді.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»