Basty bet
Мектептердің жаңа оқу жылына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 05.08.2021 жылғы №ҚР ДСМ-76 «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы бұйрығы бойынша балалардың дені сау, жан-жақты жетілген азамат болып қалыптасуы үшін мектептерге белгіленген санитарлық талаптар қойылады.
Мектептердің аумағында олардың қызметiмен байланысы жоқ объектілерді орналастыруға жол берілмейді. Мектеп ауласы таза ұсталады, арамшөптерден арылған, аяқ және автожолдар зақымданбаған, тазалауға қолжетімді қатты жабынмен жабылуы тиіс. Барлық үй-жайлардағы еденнің, төбенің, қабырғалардың беті тегіс, саңылаусыз, ақаусыз және механикалық зақымданбаған болуы тиіс. Ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары сабақ басталғанға дейін аяқталуы тиіс. Оқушылар бар кезде апатты жағдайларды жоюды қоспағанда жөндеу жұмыстары жүргізілмейді.
Объектілерде орталықтандырылған шаруашылық-ауыз сумен, ыстық сумен жабдықтау, су бұру көзделеді және олар жарамды жағдайда болуы тиіс. Объектілерде ауыз су режимі ұйымдастырылады. Ауыз су режимін ұйымдастыру үшін объекті басшысының бұйрығымен жауапты адам тағайындалады. Ойын және спорт алаңдарының жабдықтарын қоса алғанда, жиһаз бен жабдық білім алушылар мен тәрбиеленушілердің бойына және жасына сәйкес келеді. Спорт, ойын жабдығы жарамды күйде ұсталады. Білім алушылар мен тәрбиеленушілер үшін сатып алынған өнімдердің (ойыншықтар, аяқ киім, киім, ыдыс, жеке гигиена құралдары, мектеп және жазу құралдары, төсек-орын жабдықтары, парфюмерлік-косметикалық өнім, жиһаз) оның сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары болуы тиіс.
Мектеп асханасында перспективалық маусымдық (жаз-күз, қыс-көктем) екі апталық ас мәзірі жасалады. Мәзірді әзірлеу кезінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің болу ұзақтығы, жас санаты ескеріледі, витаминдік-минералдық кешенмен байытылған тамақ өнімдері көзделеді. Тамақ өнімінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар қоғамдық тамақтану ұйымында сақталады. Тез бұзылатын тамақ өнімдерін сақтау температурасы төмен тоңазыту жабдықтарында және (немесе) тоңазыту камераларында және (немесе) тоңазытқыштарда жүзеге асырылады. Тоңазытқыштарға температураны бақылау үшін термометрлер орнатылады. Білім беру объектілерінің қызметкерлері жұмысқа жаңадан түсер алдында және жыл сайын бекітілген ереже бойынша кезекті дәрігерлік байқаудан өтулері және жұмысқа түсуге рұқсат алулары тиіс.
Объекті әкімшілігі ауа температурасы мен ылғалдылығының оңтайлы жағдайларын қамтамасыз ету үшін ауа ортасын желдету және ауа баптау жүйелеріне (тазалау, жуу, дезинфекциялау, сүзгілерді ауыстыру және т.б.) тексеру жүргізеді. Барлық үй-жайларды кемінде 15 минут күніне үш рет жиілікпен желдету жүргізіледі. Үй-жайлардағы ауаны зарарсыздандыру мақсатында күн сайын адамдар болған кезде (холлдар, тамақтану залдары) тәулік бойы қолдануға болатын жабық үлгідегі ультракүлгін бактерицидті сәулелегіштерді немесе рециркуляторларды пайдаланылады. Рециркуляторларды орнату және саны дайындаушы зауыттың қолдану нұсқаулығына сәйкес есептеледі. Желдету және ауаны баптау жүйелерін тазарту және дезинфекциялау жоспарлы профилактикалық жұмыстар кестесіне сәйкес жүргізіледі. Аталған талаптарды мектептерді жаңа оқу жылына дайындау барысында қатаң ұстану және орындау қажет.
Марат ИСКАКОВ,
аудандық санитарлық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасы басшысы