Basty bet
Жұмысшы топтың жұмысы қорытындыланды
Өткен жылдың соңғы жұмыс күні аудан әкімдігінің жанындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асырушы жұмысшы топтың кезекті отырысы өтті. Жұмысшы топтың отырысын топ төрайымы аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова жүргізді.
Күн тәртібінде қаралатын төрт мәселе бойынша да аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Естаева баяндама жасады.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – аудан әкімдігі жанындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асырушы жұмысшы топтың 2022 жылы атқарған жұмысын қорытындылау.
Екінші мәселе – жұмысшы топтың құрамын жаңарту. Бұл мәселе бойынша жұмысшы топ құрамы кәсіпкерлік палатаның өкілі ретінде жеке кәсіпкер Нүрилә Мәлібекова мен қазақ тілін жетік меңгерген әзірбайжан ұлтының өкілі, аудандық мәслихаттың депутаты Қалды Байрамовпен толықты.
Үшінші мәселе – идеологиялық тұрғыдан мағынасы ескірген құрамдас бөлік пен атаулары қайталанатын көшелерді қайта атау бойынша зиялы қауым өкілдерін тарта отырып мақалалар жариялау, өзге ұлт өкілдері және жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Аталған мәселе бойынша баяндамашының сөзіне тоқталып өтетін болсақ, аудандағы 49 елді мекенде 273 көше орналасқан. Оның ішінде Ақсай ауылдық округіндегі Қайрат ауылындағы Школьная көшесі идеологиялық тұрғыдан атауы ескірген болып саналады. Округ тұрғындарына аталған көшеден жер телімдері берілген, алайда құрылыс жұмыстары жүргізілмеген, бірде-бір үй соғылмаған.
Сонымен қатар, аудан бойынша атаулары қайталанатын көше саны – жетеу. Ол – Жуалы өңірінің тумасы, ҰОС-ның Батыры Дмитрий Пахомовтың есімі Бауыржан Момышұлы ауылындағы бір көше, екі бұрылысқа, Достық атауы екі көшеге, Қызыларық ауылдық округінің орталығы Қызыларық ауылындағы екі көшеге Сламбай Мірсейітовтың есімі берілген.
-Осыған орай, 2022-2025 жылдарға арналған өңірлердегі идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды өзгерту жол картасы аясында, жоғарыда аталған көше атауларын жаңарту жұмыстарын, нақты айтқанда, зиялы қауым өкілдерін тарта отырып мақалалар жариялау, өзге ұлт өкілдері және жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін ұсынамын.
Б.Момышұлы ауылының әкімі және Ақсай, Қызыларық ауылдық округтерінің әкімдіктерінде орналасқан көшелерді қайта атау бойынша тиісті жұмысты жандандырып, талапқа сай жүргізілуін сұраймын,- дейді баяндамашы Ғазиза Тоқсабайқызы. Бұл мәселе бойынша тиісті ауылдық округ әкімдері мен сала басшылары өз пікірлерін білдірді.
Анар Садыққызы мәселені алдағы жылдың жұмыс жоспарына қойып, жүзеге асыру барысында міндетті түрде елдің пікірі ескерілетінін жеткізді.
Төртінші мәселе – жұмысшы топтың 2023 жылы атқарылатын жоспарын нақтылау.
Жұмысшы топтың отырысының соңынан Анар Садыққызы жыл соңында тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған байқаулардың жеңімпаздарын марапаттады.
Ономастиканың бір бөлігі ретінде саналатын жер-су атаулары ғасырлар жәдігері, тіліміз бен тарихымыздың құнды қазына байлығы, мәдени мұрамыздың бір бұлағы саналады. Осы салада, яғни елімізге белгілі өлкетанушылардың бірі Дәулетжан Байдалиев “Жуалы жер-су атауларының этимологиясы” атты кітап шығарған болатын. Кітапта Жуалы өңірі бойынша көптеген топонимдік материалдар жинақталып, олардың ғылыми тұрғыда этимологиялық сыр-сипаты, шығу тарихы зерттелген. Өлкеміздің әрбір жер-су атауларының өткені мен бүгіні жіктеліп толымды да тиянақты тұжырымдар жасалған. Мұндай еңбек өзге аудандарда жоқ деуге де болады. Жас ұрпаққа осындай құнды дүниені сыйлаған Дәулетжан Байдалиев жақында Қазақстан Журналистер одағының мүшелегіне кірді. А.Ахметова ардагер ұстаз, өлкетанушыға ҚР Журналистер одағының мүшесі деген арнайы билет пен төсбелгісін салтанатты жағдайда тапсырды.
Сонымен бірге Тараз қаласында өткен ҚР тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында атау беру, қайта атау жұмыстарын жетілдіру және дамыту мақсатында өткізілген “Ұлттық ономастика – ел айнасы” облыстық байқауының ІІ орын жеңімпазы “Жуалы” тобының жетекшісі аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тіл жөніндегі бас маманы Фариза Оразымбетова, топ мүшелері Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы мен Қызыларық ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Әлия Сыздықбаеваны облыстық тілдері дамыту басқармасының басшысының ІІ дәрежелі Дипломымен марапаттады.
Осы орайда айта кету керек, аталған байқауда облыстық тіл басқарамасының басшысы аудандар арасында үлкен жауапкершілікпен қарап өздері бастап келіп байқауға қатысқаны үшін ауылдық округ әкімі, бас маманы, бөлімнің бас маманына ерекше алғысын білдірді.
Жалпы 2022 жылы аталған сала бойынша өткен барлық байқауда жуалылықтар құралақан қайтқан жоқ. Соның бірі – аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Тоқсабайқызының “Мемлекеттік тілді білу – әрбір азаматтың парызы” атты облыстық байқауға қатысып, білсенділік танытқаны үшін иеленген Алғысхаты.
Анар Садыққызы жұмысшы топтың жұмысын қорытындылай келіп, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тіл жөніндегі бас маманы Фариза Оразымбетоваға алғысын білдіріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»