Basty bet

Мейірбан жүректі медбике

Мейірімі мен жан жылуы, төзімділігі мен ісіне беріктігі арқылы емделушінің дертінен айығуына себепкер жанның бірі – медбике. Әрине, халықпен жұмыс істеу қызық әрі қиын. Оған жүктелетін жауапкершілік те көп. Осындай жауапкершілігі жоғары жұмысты абыроймен алып жүрген мейірбан жүректі медбикенің бірі – Камшат Амиреева.
Ақ халатты жандардың сенімді серігіне айналған медбикелердің жұмысы қашанда үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Дәрігер емінің нәтиже беруі де ең алдымен медбикенің ұқыптылығына байланысты. Осы салада ұзақ жыл еңбек еткен кейіпкеріміз алдына келген науқастан көмегін аяған емес.
Камшат Амиреева 1979 жылы Сарысу ауданы Ақтоғай ауылында туған. Мектепті тамамдаған соң, Жамбыл медициналық колледждің «Емдеу ісі» факультеті бойынша оқып фельдшер мамандығын алып шығады.
2015 жылы күреңбелдік Шалғын Көпбаевпен бас қосады. Алғашқы жұмысын Күреңбел ауылдық дәрігерлік амбулаториясында медбике болып бастайды. Әрі қарай аудандық емхананың саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығында жұмысын жалғастырады. Бүгінгі күні аурухананың профилактика бөлімінің саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығында медбике қызметін атқаруда. Осы мамандығына қосымша ТАРПИ-де логопед мамандығы бойынша жоғарғы білім алған.
-Өзімнің мамандығым, қазіргі атқарып жатқан жұмысым қатты ұнайды. Менің мамандығымның негізгі мақсаты – тұрғындар арасында саламатты өмір салтын насихаттау зиянды әдеттерден аулақ болу, жұқпалы аурулардың алдын алу, дұрыс тамақтану негіздері, дене белсенділігін арттырудың маңыздылығы, психикалық денсаулықты және репродуктивті денсаулықты қорғау мақсатында тұрғындар арасында және жалпы білім беру мектеп оқушылар арасында және мектепке дейінгі мекемелер арасында бүлдіршіндер және мекеме қызметкерлер арасында іс-шаралар өткізіліп ақпарат танымдық жұмыстары мен насихат жұмыстарын жүргізіп халықты ақпараттандыру болып табылады,- дейді мейірбан жүректі медбике Камшат Жаңабекқызы.
Медицина саласында 25 жылға жуық үздіксіз еңбегі елеусіз қалған емес. Әр жылы аудан, облыс әкімдігі мен денсаулық басқармасының марапатын иеленген.
Негізі медицина саласында «ерліктің көбін медбикелер жасайды» деген тәмсіл бар. Әсілі, бұл сөздің айтылуы да тегін емес.
– Мейірбикелер науқастың күтім процесіне толығымен жауапты, сол үшін де басты міндеті – мейірім көрсету. Біз емделушіге толық күтім қамтамасыз ету үшін кәсіби психологиялық және рухани қасиетімізді іске қосамыз. Адам еңбегінен қуаныш таба білсе, бойына жаңа күш қосылады. Осындай зор шабытпен жасап жүрген қызметім мені биікке жеткізіп отыр,- дейді кейіпкеріміз.
Расымен де, қарапайым ғана жұмыс болып көрінгенімен, мейірбикелер атқаратын жұмыс асқан жауапкершілікті қажет етеді.
Камшат Жаңабекқызы бүгінде отбасының берекесін ұйытып, балаларын өсіріп, жарының да қас-қабағын бағып отырған ардақты жан, аяулы ана. Отағасы Шалғын Көпбаев кәсіпкер. Бүгінде екеуі бір ұл, үш қызды тәрбиелеп, олардан екі немере сүйген бақытты отбасылардың қатарында. Үлкен қызы Фарида Астана медицина университетін тамамдап, жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмыс атқаруда, ал екінші қызы аталған медицина университетінің 6 курс студенті, ұлы Қазақ-Түрік лицейінде оқиды, одан кейінгі қыздары №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда білім алуда.
Білікті, жан-жақты адам қашанда айналасындағылардың тілін тауып, жылы шырай танытып, қолынан келген көмегін аянып қалмайды. Кейіпкеріміз де дәл сондай жанның бірі. Жұмыста да, үйде де ауызбіршілікті, бірлікті алдыңғы орынға қояды.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close