Basty bet
Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру маңызды
Сыбайлас жемқорлық – қазіргі таңдағы қоғамның өткір мәселелерінің бірі. Ол ел экономикасына орасан зиян келтіріп, мемлекеттік басқару мен қоғамдық тәртіпті бұзады, Мемлекеттің кез-келген азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын қатаң сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
Жемқорлықты жоюды мақсат еткен жергілікті атқарушы органдар жолдауда берілген тапсырмалардың шындыққа айналып, заңнамалардың талапқа сай орындалуына мүдделілік танытуды міндеті деп санайды. Мемлекеттік органдардың ашықтығы мен жауапкершілігі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік органдардың қызметшілері халыққа мемлекеттік қызметтерді электронды түрде қолжетімділігі жөнінде кеңінен насихаттауда. Бұл да белгілі бір дәрежеде сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың жолы болып табылады.
Мемлекет басшысы өз Үндеуінде: «Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз» дегенде мемлекеттік қызметшінің барынша адал болуы керектігін айтып отырғанын жақсы білеміз.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру болып табылады. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет дегеніміз ол жемқорлыққа қарсы белсендіа азаматтық позиция. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда жастармен жұмыс жасау маңызды рөл атқарады. Жас кезінен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұратындай мінез қалыптастыру – бұл әлеуметтік зұлымдықты жоюға мүмкіндік береді. Бала кезінен тұлғаны қазақстандық патриотизм және сыбайлас жемқорлықты қабылдамау рухында тәрбиелеу маңызды болмақ. Талай сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін іске асырған кездегі құқықтық сауаттылығы әлсіздігінің салдары. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – жалпыұлттық шара. Жастарды адалдыққа, жауапкершілікке және этикаға тәрбиелеу сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетеді. Тек қоғам болып бірігіп әрекет еткенде ғана, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күрес жүргізуге болады.
Жәнібек МЫРЗАЛИЕВ,
Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі