Basty bet

Сенатор ауданның ахуалымен танысты

Елдің дамуы мен халықтың тұрмысын көтеруге халық қалаулылары да хал-қадірінше атсалысуда. Осыған сәйкес қазіргі таңда жазғы демалысты тиімді пайдаланған Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының депутаттары ел өңірлеріне сапарлап, жергілікті атқарушы органдардың басшыларымен және сайлаушылармен түрлі кездесулер өткізуде.

Мұндағы басты мақсат – ел ішіндегі ахуалмен танысу және жергілікті тұрғындардың түйінді проблемаларына назар аудару. Сонымен қатар ең бастысы – Парламент қабырғасында қабылданып жатқан Заңдар туралы тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу.
Жақында Жамбыл облысына арнайы сапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков жұмыс кестесіне сәйкес, қасиетті Жуалы ауданына арнайы атбасын бұрды. Халық қалаулысына өңірде құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысандар таныстырылды.
Халық қалаулысын Ақбастау ауылының тұсындағы үлкен күре жолдың бойынан күтіп алған аудан басшылары Қарасаз ауылдық ауылдық округіне қарасты Ақбастау ауылына бастап алып барды.
Сенатор Бекболат Серікбекұлының бұл ауылға арнайы келуінің де өз себебі бар. Өйткені, мұнда №16 Жуалы колледжі орналасқан. Жамбыл облыстық білім басқармасына қарасты білім беру мекемесінің оқу-тұрмыстық ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілу үстінде.
1985 жылы салынған ғимарат жөндеуді қажет ететін болғандықтан, күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр айында басталған. Жұмыстар жаңа оқу жылы басталғанша толықтай аяқталуы қажет. Құрылысқа жауапты мердігер мекеменің өкілі және колледж директоры Медет Иманбаевтың айтуынша, оқу-тұрмыстық ғимаратында спорт зал, акт залы және слесарь бөлмесі орналасқан. Қазір мұнда жобаға сәйкес, ішкі әрлеу, сыртқы фасадын ауыстыру, есіктерін ауыстыру, сонымен қатар ғимаратты сейсмикалық тұрғыдан күшейту, тағы бір айта кетерлігі, жылу және электр жүйелерінің желілерін ауыстыру жұмыстары қатар атқарылу үстінде.
Құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан Мәжіліс депутаты Бекболат Орынбеков жауапты мердігерге құрылысты уақтылы аяқтауды және ең бастысы, сапа мәселесіне мән беруді тапсырды.
Халық қалаулысы Ақбастау ауылының тұсынан өтіп жатқан «Б.Момышұлы-Береке-Жұрымбай» бағытындағы ұзындығы 8,2 шақырымды құрайтын аудандық мәндегі автомобиль жолының жөндеу жұмыстарымен танысты. Мердігерлердің тарапынан орта жөндеу жұмыстары жақында ғана аяқталған.
Бекболат Орынбеков келесі кезекте Жетітөбе ауылдық округінің орталығы Кәріқорған ауылында қайта жаңғыртудан өтіп жатқан спортзалдың құрылыс жұмыстарымен танысты. Ауыл тұрғындары көптен күткен бұл құрылыс нысаны бұрын әмбебап дүкен болған ескі ғимараттың негізінен салынуда. Қазіргі таңда ескі құрылыстың шатырын қайта жабу, тағы басқа қосалқы жұмыстар қатар жүргізіліп жатыр. Құрылыстың нәтижесінде ғимарат толықтай қайта жаңғыртылып, ғимараттың ішінен үш бірдей шағын зал жабдықталады деп күтілуде.
Құрылысқа тапсырыс беруші – Жуалы ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі. Мердігер – «BEK stroi» ЖШС. Жобаның құны – 111 млн 330 мың теңгені құрайды. Нысанның құрылысын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылында салынып жатқан 18 пәтерден тұратын үш қабатты тұрғын үйдің құрылысымен танысты.
Құрылысқа жауапты мердігер мекеме – «Бином» ЖШС-ның өкілдері атап өткендей, мұнда құрылыс жұмыстары екі ай бұрын басталған. Қазіргі таңда ғимараттың іргетасын құю жұмыстары толығымен аяқталып, қабырғасы темір-бетон конструкциядан жасалған арнайы қабырға панельдерінен тұрғызылуда.
Айта кету керек, жоғарыда аталған тараздық құрылыс фирмасы былтыр аудан орталығында 18 пәтерлі үш қабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізген болатын. Осының нәтижесінде, жыл соңында ауданда тұрғын үйдің кезегінде тұрған бірқатар мұқтаж жандарға баспана берілді.
Сенатордың Жуалы ауданына сапары аудандық әкімдіктің кіші мәжіліс залында депутаттармен кездесумен қорытындыланды. Кездесуге аудандық мәслихатқа саяси партиялардан сайланған депутаттар шақырылды.
Жиынды аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Жабағы ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөзді Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков алып, жиын барысында Бекболат Серікбекұлы бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды.
-Президенттің бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларға сәйкес, Қазақстан Республикасының Сенаты ағымдағы жылдың басынан жаңаша жұмыс форматына көшті. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жетекшілігімен жоғары палатада көптеген маңызды Заңдар қабылдану үстінде. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, палата спикері Мәулен Сағатханұлы биыл Жамбыл облысына арнайы жұмыс сапарымен келіп, бұл жөнінде облыс басшылығымен және өңір жұртшылығымен кездесулер өткізіп, атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен айтқан болатын.
Қосымша айта кететін болсам, Парламентте республикалық бюджетті қалыптастыру, оның атқарылуын қадағалау, сонымен бірге елді мекендердің дамуына, халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып, тиісінше сапалы Заңдар қабылдануда.
Одан бөлек, саяси реформаларға байланысты Конституциялық Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес Президенттің бірқатар өкілеттілігі Парламентке және жергілікті атқарушы органдарға берілу үстінде. Мұның маңызы зор. Бір сөзбен айтқанда, Сенатта халық қалаулыларының араласуымен қыруар жұмыстар атқарылуда. Мұның барлығын халық білуі қажет.
Сондықтан ел өңірлеріне сапарлап, жергілікті атқарушы органдардың басшыларымен және жергілікті мәслихаттардың депутаттарымен кездесіп, сайлаушылардың ұсыныс-пікірлеріне назар аудару – біздің жұмысымызды одан ары арттыра түседі. Елдегі өзгерістерді және саяси жаңғыру бағытындағы жұмыстарды, жарқын болашаққа бағытталып атқарылып жатқан басқа да жұмыстарды халыққа кеңінен әрі сапалы түрде түсіндіру өте маңызды,- деп атап өтті халық қалаулысы Б.Орынбеков.
Жергілікті деңгейдегі мәслихаттың депутаттарымен болған кездесуде Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралиев та сөз сөйлеп, олармен жақынырақ таныса келе, жергілікті атқарушы органның қызметкерлерімен қатар, халықтың атынан сайланған депутаттарға да жүктелетін міндеттердің өте салмақты екенін баса айтты. Онымен бірге мәслихат депутаттарын ел дамуы жолында аянбай еңбек етуге шақырды.
Ауданның жалпы ахуалына қаныққан Сенатор Бекболат Орынбеков аудандық мәслихат депутаттарының ұсыныс-пікірлерін де назарға алды. Онда негізінен ауыл шаруашылығы саласында туындап отырған жаңа техника сатып алу (техника бағасының тым жоғары болуы), шаруалардың науқандық жұмыстар кезінде кепілдендірілген жанар-жағармайға қол жеткізудегі қиындықтары, өңірге қатысты тағы да басқа өзекті деген мәселелер айтылды.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close