Basty bet

Мемлекеттік қызметші – мемлекеттік биліктің айнасы

Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады. Қоғам мемлекеттік қызметшіні өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды және өзінің тәуелсіз Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенеді. Мемлекеттік қызмет қашанда мінсіз болуы тиіс. Себебі, еліміздің бүгіні мен келешегі, сонымен қатар, елдегі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы мемлекеттік қызметкерлердің атқаратын жұмысына және білім-білігіне тікелей байланысты.
Қазіргі қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекеттік қызметшілерге деген талабы өте жоғары. Нақты айтатын болсақ, ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – жауапты міндет. Өйткені, ол қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді.
Қазіргі әлемде мемлекеттік қызмет қоғам өмірінің ортасынан ойып тұрып орын алады. Мемлекет образының қалыптастыру миссиясы оның өкілдері – мемлекеттік қызметшілерге жүктелген. Мемлекеттік қызметшінің жағымды имиджін қалыптастыру және нығайту барысында мемлекеттік қызметтегі әрбір тұлға өз қызметінің барлық жауапкершілігін толықтай сезініп, қызмет амалдарын жетік меңгерген өз ісінің білікті маманы болуы қажет.
Халықпен етене байланыста жұмыс істеу – бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан бәріміз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын басшылыққа алып жұмыс істеудеміз. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының ауқымды міндеттерін әрқайсымыздың үйлесімді қызметіміз арқылы ғана іске асыруға болады.
Мемлекеттік қызметші – мемлекеттік биліктің айнасы. Кез келген елдің дамуы мен жетістікке жетуі ең алдымен мемлекеттік қызметшіге тікелей байланысты. Сондықтан мемлекеттік жүйені жетілдіру де қызметкердің кәсіби біліктілігіне, өз ісіне жауаптылығына, ішкі мәдениеті мен әдепті мінезіне байланысты қалыптасады
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік қызмет институтында жаңа реформалар қолға алынып, салаға енгізілген жаңашылдықтар аясында жаңа заңдар қабылданып, тиісті заңнамаларға толықтырулар енгізілуде. Сонымен қатар халықтың арыз-шағымын қарау тәртібі де өзгеріп, бюрократиядан арылу шаралары жүзеге асуда.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет жүйесінде мансаптық өсу (меритократия қағидаты) жеке сіңірген еңбектері мен жетістіктерінің негізге алынуы жағымды жаңалықтың бірі болып отыр. Осы орайда, Мемлекет басшысының негізгі саяси ұстанымдарының бірі – ашықтық және халықпен кері байланыс орнату мақсатында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халыққа жақын, әрбір адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсініп, оны дәл сол кезде орындай алмасаң да түсіндіріп, оған дұрыс жауап беріп шығарып салу – біздің парызымыз. Мемлекеттік қызметші атану – абыройлы міндет.
Ауданда саналы ғұмырының көп бөлігін мемлекеттік қызметке арнап, салада абыроймен еңбек етіп жүрген жандар көптеп кездеседі. Олардың арасында облыстың, ауданның дамуына қосқан орасан зор үлестері мен өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарғандары үшін көтермелеу шаралары қолданылғандар да аз емес. Өткен жылы Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, облыс және аудан әкімдерінің Құрмет грамоталарымен және Алғысхатымен барлығы – 21 қызметші марапатталды.
Жуалы ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, меритократия қағидаты тек теория жүзінде ғана емес, үлгілі қызметкерлердің мансаптық жолмен өсуі іс жүзінде орындалуда. Мемлекеттік қызметкерлерді төменнен жоғарыға сатылап өсіру мемлекеттік мекемелерде кәсіби мамандардың тұрақты әрі жемісті еңбек етуіне мүмкіндік береді. Ал, бұл өз кезегінде халықтың игілігіне бағытталған мақсат жоспарларды жүзеге сапалы және тиімді асырудың кепілі. Меритократия қағидаты бойынша 2022 жылдың қорытындысымен ауданда 8 мемлекеттік қызметші әртүрлі лауазымдарға тағайындалды.
Жуалылық мемлекеттік қызметшілер қызметте және спортта жоғары жетістіктерге қол жеткізу үстінде. Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Тараз- Арена» спорт кешенінде 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні мерекесіне орай Жамбыл облысының мемлекеттік қызметшілері арасында спартакиадаға ауданның мемлекеттік қызметшілері қатысып, аудан командасы жүлделі үшінші орыннан көрінді. Бұл өз кезегінде өңірдегі мемлекеттік қызметтің оң имиджінің қалыптасуына септігін тигізетіні сөзсіз.
Мемлекеттік қызметші күнін мерекелеудегі басты міндет – қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, сондай-ақ азаматтардың өз елі үшін мақтаныш сезімін және Отанға қызмет етуге қашанда дайын болу сезімін одан әрі нығайта түсу деген сөз.
23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні мерекесімен барша әріптестерді шын жүректен құттықтаймын! Ел игілігі жолындағы жауапты қызметтеріңізге толайым табыс, мәртебелі істе біліктілік пен төзімділік тілеймін!
Денсаулықтарыңыз мықты, отбасыларыңыз аман, барлық байыпты бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!

Рәтбек КӨСЕМБАЕВ,
аудан әкімі аппаратының басшысы.
Әдеп жөніндегі уәкіл

Таңдаулы материалдар

Close