Basty bet
Негізгі мақсат – азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру
Жуалы ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен Халыққа қызмет көрсету орталығында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заң талаптарын түсіндіру мақсатында «Өз құқығыңды біл» атты құқықтық акция өткізілді.
Шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру және халыққа қолжетімді құқықтық көмек көрсету.
Қоғамдық қабылдауға аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі, өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімі, ішкі саясат бөлімі, Б.Момышұлы ауылының әкімі қатысты. Қабылдау барысында тұрғындар жер қатынастары, кәсіпкерлікті қолдау, мемлекеттік бағдарламалар, әлеуметтік мәселелер және өзге де құқықтық сұрақтар бойынша сауалдарын қойып, тиісті сала мамандарынан жан-жақты жауап алды.
Шара барысында азаматтардың көтерген мәселелері мұқият тыңдалып, оларға заң талаптарына сәйкес құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кейбір өтініштер сол жерде шешімін тапса, қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер бақылауға алынып, заң талаптарына сәйкес қаралатын болды.
Сондай-ақ, аудан тұрғындарына азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі, еңбек, тұрғын үй, әлеуметтік қамтамасыз ету және басқа да құқықтық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мұндай қоғамдық қабылдаулар мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтып, халықтың көкейіндегі мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.
Құқықтық іс-шара соңында тұрғындар тарапынан қойылған барлық сауалдарға тиісті түсіндірмелер беріліп, алдағы уақытта да осындай қоғамдық қабылдаулардың тұрақты түрде өткізілетіні атап өтілді.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»