Basty bet
Туған тіл – тәуелсіздіктің басты тірегі!
Біздің Отанымыз – байтақ та, бай, сәулетті – Тәуелсіз Қазақстан. Елімізде қаншама ұлт пен ұлыстардың өкілдері тұрады. Әр ұлт өкілдерінің өз ана тілі бар. Тіл – халықтың басты қасиетті байлығы. Ана тілі адам баласының бойына ана сүтімен еніп, бойға тарайды. Біз өз тілімізді мақтаныш етіп, алақанымызға аялап ұстағанымыз абзал.
Егер мәселенің шындығына келсек, қазіргідей әлемдік бәсеке жағдайында барлық жағынан алғанда, күшті ұлттар ғана өз мүддесі үшін күресе алады. Күшті ұлт болу үшін күшті мәдениет жасау қажет, ал өзінің толыққанды мемлекеттік тілі жоқ ел ешқашан өзгенің тілімен күшті мәдениет жасай алмайды. Өйткені ұлттық мәдениет тірегі біреу ғана, ол – мемлекеттік тіл.
Мемлекеттік тіл – ел тұтастығының ең басты кепілі. Ол – ел халқын біріктіретін, ортақ іске жұмылдыратын, елге деген перзенттік ықыласты қалыптастыратын бірден-бір құрал. Бір тілде сөйлемеген халық біріге де алмайды, өздерін бір шаңырақтың мүшесімін деп сезіне де алмайды. Себебі, бір-бірінің тілін түсінбеген халықтың бір-бірінің ой-ниеттерін, мақсат-мүдделерін түсінуі де қиын. Егер ұлтты ұлт ретінде ұйытатын тіл десек, түрлі халықтарды өзара топтастыратын да олар сөйлесетін, бір-бірімен қарым-қатынас жасайтын да тілдің ортақтығы.
Қазақ тілінің бүгіні мен болашағы туралы жарық көрген мақалалардың қатарында «бұл тіл отбасы, ошақ қасында ғана пайдалануға жарайтын тіл, оны дамытамын деп әуреленудің қажеті жоқ» деген ащы пікірлер айтылған мақалалар да болды. Көптеген қазақ тілді басылымдар кезінде оларға қарсы шыққан болатын. Дегенмен, ойланып қарасақ, осындай қатқыл пікірлер айтудың астарында не сыр жатыр деген күмән де қылаң береді.
Бәлкім қазақ тілінің мүшкіл халге түсуіне себепкер өзіміз шығармыз?… Олай дейтініміз, әзірге тілді дамыту тұрғысында қолға алынып, атқарылған істерден гөрі қызыл сөздің басым екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Өзін ұлттың патриоты, тілдің жанашыры ретінде көрсеткісі келген кез келген адам «бәріміз де қазақ тілінде сөйлеуіміз керек» деп мінберден айқайлайды да, мінберден түскеннен кейін өз шаруасын күйттеп, жайына кетеді. Мұндай көзқараспен тілді дамыту әрине, өте қиын. Ондаған жылдар бойы дауыс көтергенімізбен, одан әлі күнге дейін нақты нәтиженің шықпай жатуының бір себебі де сірә, осында болса керек
Тілді үйреніп-білу адамның бала кезінен қалыптасады. Олай болса, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісінің, яғни балабақша мен мектептің тіл үйретуде алатын орны орасан зор. Өзін тіл жанашырымын деп санайтын кез келген адам да әңгімені дәл осы мәселеден бастауы керек. Ол үшін бірінші кезекте оқулықтар сапасын жақсартып, одан кейін қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдер біліктілігіне көңіл бөлу қажет
Қазақ тілі – халқымыздың ана тілі. Адам баласы дүниеге келіп, есі кіре бастағаннан-ақ адамдық қасиеттерді қалыптастыратын әдептілікті, ізгілік пен ізеттілікке толы халықтың нұрлы, асыл сөздерін, тілдің жан тербетер әсер күшін ана тілінде ұғып үйренеді. Қазақ тілі – қазақ халқы үшін әдебиет, мәдениет, ғылым мен білім тілі, оқу-ағарту тілі, түрлі іс қағаздарының тілі. Қазақ тілі – өте бай көркем тілдердің бірі. Қазақ тілін оқып, дұрыс игеру – тіл мәдениетін меңгерудің жолы. Тіл мәдениеті тіл ұстартудың бір түрі. Қазақтың Қазақстаннан басқа жерде Отаны жоқ. Қазақ тілі Қазақстанда дамымаса, басқа қайда дамиды? Қазақ тілі Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар басқа туысқан республикаларда, сондай-ақ шетелдерде тұратын қазақтардың да ана тілі екеніне ешкім дау тудырмаса керек.
«Тәрбие басы – тіл» деп Махмұд Қашқари бекер айтпаса керек. Қазақ топырағынан өсіп-өнген әрбір азаматтың перзенттік парызы тілге деген құрметтен басталуы керек. Тілді білу, оны толыққанды меңгеру отбасынан, балабақша мен мектептен бастау алуы қажет. Жастарға тілді үйретумен бірге дұрыс тәрбиенің де берілгені дұрыс.
Мемлекеттік тіл – ұлттық болмысымыз бен руханиятымыздың, тәуелсіздігіміздің басты тірегі. Әрине, мемлекеттік тілді өркендету мәселесі бірінші кезекте ұлттық патриотизммен тығыз байланысты болуы керек. Өйткені, ұлт пен тіл – егіз ұғым. Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да құдіретті!
Айгүл ТӨРЕБАЕВА,
облыстық «Тілдерді оқыту орталығының»
Жуалы аудандық
бөлімшесінің меңгерушісі