Basty bet
МАМАНДЫҒЫН МАҚТАН ТҰТҚАН ЭЛЕКТРИК
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” атты Қазақстан халқына Жолдауында Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс” қағидатына тоқталды. Яғни, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болатынын, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы керектігін баса айтты.
“Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруы тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.
Халқымызда “Жұмыстың көзін тапқан, байлықтың өзін табады” деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет”,- деді Мемлекет басшысы.
Аудандық электр стансасының диспетчері Серікбай Әбішевтың еңбек жолы, жинаған тәжірибесі жастар үшін үлкен тәрбие. Еңбек жолын бақылаушы болып бастаған инженер-электрик электромонтер, үш фазалық жүйенің мастері, бас инженер қызметтерін атқарған.
2010 жылдан бастап диспетчер жұмысын абыроймен атқарып келді.
Серікбай Бектасұлы Шымкент облысы Түркістан ауданы Бабайқорған ауылында көпбалалы, қарапайым шаруа отбасында өмірге келген. Мектеп бітірген соң, Монғолияда әскери борышын өтеп, Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтының инженер-электрик факультетінде оқиды.
Ата-анасы үш ұл, жеті қызды өмірге алып келіп, тәрбиелеп, барлығын жоғары оқу орнында оқуын қамтамасыз еткен. Бұл отбасының ұл-қыздарын мектепте “үздіктер отбасы” деп те атаған екен. Себебі, мектепті бірі “Алтын белгімен, бірі “Күміс белгімен” аяқтаған, басқаларының да сабақ үлгерімі жақсы болған.
Еңбекқор, тату отбасында ержеткен Серікбай Бектасұлы электрик болуды бала кезден армандаған екен.
-Бала кезден үйде электр жүйесіне қатысты жұмыстарды істей беретінмін. Осы сала жаныма жақын болғандықтан мектеп бітірген соң өзім қалаған мамандық бойынша оқуды жөн көрдім.
Біздің жұмыс – өте қауіпті жұмыс. “Электрик бір-ақ рет қателеседі” деген сөз бар ғой. Сондықтан жұмыста техникалық қауіпсіздікті қатаң сақтау керек,- дейді Серікбай Әбішев.
Диспетчер қызметінде 28 қызметкер жұмыс істейді. Яғни, бес кезекші электромонтер, төрт шұғыл тобының монтеры, төрт жүргізуші және ауыл-ауылдағы электромонтерлар. Электромонтерлар аудан тұрғындарының электр жарығын үзіліссіз қамтылуын қамтамасыз етеді. Яғни, кезекшілер түрлі жағдайларға байланысты орын алатын авариялық жағдайлар, жеке үйлер мен мекемелерде болатын түрлі ақауларды қалпына келтірумен айналысады. Серік Бектасұлы диспетчер қызметінің жұмысын ұйымдастырып отырады.
Өз ісінің майталманы жас мамандарға білгенін үйретуге ерінбейді. Жұмысқа деген талабы, қызығушылығы бар жас мамандарды, жалпы жұмысқа қабылданған жұмысшыларды бір ай тағылымдамадан өткізіп, оларға бағыт-бағдар береді.
-Қазір кейбір жастар бұл жұмысты істегісі келмейді. Көбі таза киініп, жалақысы көп жұмыстарды істегісі келеді. Сондықтан бұл жұмыста тек осы саланы ұнататын жастар ғана қалады. Біз үшін олардың өмірінің қауіпсіздігі өте маңызды.
Электрик асығыс шешім қабылдап, оқыс қимылдар жасамауы керек. Қауіпсіздік ережелерін сақтамаған маман ең бірінші өзінің өміріне қауіп төндіреді.
Қай сала болсын, адал еңбек еткен жан табысқа да, абыройға да кенеледі. Жұмысын жақсы көріп, беріліп атқарған адамның еңбегі қашанда еленері сөзсіз,- дейді Серікбай Бектасұлы.
Серікбай Әбішев марқұм жолдасы Хадиша Шабанбаева екеуі екі ұл, бір қызды өмірге әкеліп, тәрбиеледі. Ұл-қыздарының үшеуі де жоғары білімді мамандар. Олардың жоғары білім алуына өз үлестерін қосты.
Қыздары Арайлым аудандық ауруханада балалар невропатолог дәрігері болса, Еділ Таразда әскери бөлімде рота командирі, кенжесі Нұрсұлтан аудандық орман шаруашылығы мекемесінде маман.
-Балаларға жақсы тәрбие бердік деп есептеймін. Балаларыма ризамын. Олар қандай тірлікті қолға алса да, бірінші менімен ақылдасып, батамды алып барып бастайды. Ең бастысы, адал жолмен жүріп, қоғамға адал қызмет етуде,- дейді Серікбай Әбішев.
Мамандығын мақтан тұтқан, кәсіби, тәжірибелі электриктен жас электромонтерлардың үйренері көп.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
“Жаңа өмір”