Basty bet
Округ әкімінің жұмысына сын-ескертпелер айтылды
«Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлыққа сәйкес, аудан әкімі Жалғас Мұртаза келесі кезекте Қошқарата ауылдық округінің тұрғындарымен де еркін форматта кездесу өткізді. Қошқарата ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесуге ауа райының сол күнгі қолайсыздығына қарамастан тұрғындар белсене қатысып, ой-пікірлерін де ортаға салды.
Кездесудің басында аудан басшысы Ж.Мұртаза тиісінше, топырағы құнарлы, жері мен суы малға да, жанға да жайлы өңірдегі көктемгі дала жұмыстарының жайы, мал-жанның амандығын сұрап білді.
-Жуалы ауданы аграрлы өңір болғандықтан, ауыл шаруашылығы саласында істің көзін тауып, өнімді әрі жемісті еңбек етіп жатқан шаруаларға тиісінше, Үкіметтен де көмек-қолдаулар бар. Сіздер ең біріншіден осыны тиімді пайдалануларыңыз қажет. Себебі, еткен еңбектеріңіздің еш кетпеуі бәрінен маңызды,- деді өңір басшысы.
Иә, қазіргі таңда Президенттің тиісті Жарлығының негізінде аудан басшылары ауылдық округтерге жиі-жиі шығып, ондағы туындаған мәселелермен жақсы таныс болуы тиіс. Осы ретте аудан басшысының бұдан бұрын аталған ауылдық округтің тұрғындарымен болған кездесуінде округке қарасты Қызтоған ауылының тұрғындарын модульді блок қою арқылы ауызсумен қамтамасыз ету керек деген мәселе көтерілген болатын.
-Жалпы ауылдық округте бірқатар өзекті мәселелер бар. Оның бірі ретінде мұның алдында тұрғындармен болған кездесуде Қызтоған ауылының тұрғындары маған көп жылдан бері өзекті болып келе жатқан ауызсудың мәселесін шешіп беруді сұраған болатын. Мен бұл мәселемен облыстың әкімі Нұржан Молдиярұлының қабылдауында болғанымды аталған ауылдың тұрғындарына жеткізгім келеді. Аталған мәселені шешуге облыстың басшысы көмек-қолдау көрсететінін айтты. Ендігі кезекте судың қоры зерттеліп, ауызсу құбырын тарту жұмыстары жүргізіледі. Біз бұл мәселені тұрақты назарға алып отырмыз. Одан бөлек, былтыр жаңа оқу жылының қарсаңында Ақтасты ауылындағы бастауыш мектептің де мәселесі шешіліп, құрылысын жеке кәсіпкер жүргізген ғимарат аудандық білім бөлімінің теңгеріміне алынады. Округтегі басқа да әлеуметтік мәселелер кезең-кезеңімен шешіле беретін болады,- деді аудан басшысы тұрғындармен болған кездесуде.
Кездесудің сұрақ-жауап бөлімінде Қошқарата ауылдық округінің тұрғындары ауыл әкімі Жәнібек Мырзалиевке бірқатар сын-ескертпелерін айтты.
Ауыл тұрғыны Серік Белқожаев және Дидар Үсенбеков өз сөзінде, Қошқарата ауылындағы көшелердің бірде бірінде түнгі мезгілде жарық шамдарының жанбай тұрғанын, ауыл көшелерін ағын сумен қамтамасыз етуге тиісті су тоғанын жөндеуге бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалғанын айтып, басқа да атқарылған жұмыстардағы өрескел кемшіліктердің кеткеніне наразы екенін жеткізді.
-Ауылдық округтің тұрғындарынан жиналатын жер, мүлік және транспорттың салықтары тікелей округтің әкімшілігіне түсетіні белгілі. Ал оның қалай, қайда жұмсалып жатқанынан халық хабарсыз. Тек ауылдың орталық тұсында болмаса, басқа көшелердің бірінде түнгі мезгілде электр жарығы жанбайды. Жарықтың төңірегіндегі қордаланған қарыз қашан бітеді? Бағаналардың басына жарықшамдар орнатылғанымен, ол әлі күнге іске қосылған жоқ.
Тағы бір айтайын дегеніміз, ауыл тұрғындарына қажетті ағын су мәселесінің шешілмей келе жатқанына да біраз жылдың жүзі болды. Тіршілік нәрінің тапшылығынан тұрғындар бау-бақша екпек түгілі, тал-дарақтар да қурап, қараусыз қалып жатыр. Ауылда мал жайылымының да мәселесі жылдан-жылға өте өзекті болуда. Бұрын қолдағы азын-аулақ малымызды жаюға шығаратын 150 гектардай ортақ пайдаланыстағы жайылымды бір шаруа өзінің атына заңдастырып алып, бізге мал жаюға мүмкіндік бермей отыр. Осы жағын ойластырып, мәселенің мәнісіне бойлайтын кез әлдеқашан жетті,- деді ауыл тұрғыны С.Белқожаев.
Кездесуде Ақтасты ауылының тұрғыны Нұрлан Құралбеков өз сөзінде, тұрғындарды ауызсумен қамту үшін былтыр ауылға тартылған модульдік блоктың жиі-жиі істен шығатынын және электр қуаты кернеуінің өте төмен екенін айтса, Қызтоған ауылының тұрғындары ауыл шаруашылығы бағытын дамытуға жеңілдетілген несие алудың жолдарын сұрады.
Кездесу соңында аудан әкімі Ж.Мұртаза сөз алып, тұрғындар тарапынан ауыл әкімінің атына айтылған сын-ескертпелердің барлығын ескере келе, ауылдық округтің әкімін жұмысқа салғырт қарағаны үшін және ауылда атқарылған жұмыстарға уақтылы қадағалау жасамағаны үшін қызметтік жауапкершілігінің қаралатынын айтты.
Ауылдық округтің тұрғындарымен болған кездесуден кейін аудан басшысы бірқатар тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»