Basty bet
Ішкі туризм ілгерілесін десек…
Коронавирус инфекциясының салдарынан шектеу шараларын сақтауға енгізілген карантиннің аты жаман ауруды өршітпеумен қатар, халықтың және елдің өміріне тигізген оң әсерінің де барын байқадық. Ол – өз өлкеміздегі көрікті, әсем жерлерді тануға мол мүмкіндік сыйлады.
Осы тұрғыда ішкі туризмді барынша дамытудың қажеттілігі анық аңғарылып отыр. Ішкі туризм – мемлекеттің жарнамасы екені сөзсіз. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның көрікті жерлерін саяхаттап көрмесе де, шет мемлекеттерге саяхаттауға аңсары ауып тұратыны белгілі. Иә, көріп-білген, тәжірибе алмасқан, ой-сананы байытқан өте дұрыс. Бірақ, өз жеріміздің көркіне тамсанбай тұрып, салт-дәстүрімізді, рухани құндылығымызды арттырмай жатып, өзге елдің тарихын білуге, дәстүрімен танысып, әсем жерлеріне тамсану – үлкен қате болар еді.
Сондықтан Қазақстан Республикасының әрбір азаматына еліміздің түкпір-түкпірін қолжетімді бағада аралап, баға беруіне мемлекеттік деңгейде мүмкіндіктер жасаудың маңызы зор. Міне, сонда ғана мемлекеттің туризмі қарқынды түрде дамиды. Оның дамуына әрбір азамат та өз үлесін қоса алады. Қасиетті Әулиеата өңірінде аталған саланы дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарда бірқатар жаңашылдық бар.
Мәселен, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген «Баласағұн» қалашығына алып баратын автожол ағымдағы жылы қолданысқа берілмек. Ал, сандарды сөйлетсек, келушілер санының өткен жылғы көрсеткіші 106,6% өскен. Яғни, бұл өткен жылдарға қарағанда едәуір жоғары.
Тараз туристер көзімен көрікті әрі көне қала. Тарихы мен тағылымы да мол. Соның бірі – аты аңызға айналған махаббат иелері Айша бибі мен Қарахан бабаның кесенесін көріп тамашалап, зиярат етуге арнайылап келетін жандар жетерлік. Киелі жерге еліміздің төрт құбыласынан туристер толассыз келіп жатады. Аңызды естіп, осында атының басын бұрған шетелдіктер де қаншама.
Мәселен, кейбір жандар аты ғасырдан ғасырларға жалғасып келе жатқан ұлы махаббат иелерінің рухына зиярат етуге келсе, енді бір келушілер оны шын мәнінде әулие санайды.
Туризм саласына инвестиция тарту бойынша Жамбыл облысы елімізде екінші орында тұрғанын тілге тиек еткен жөн. 2023-2025 жылдары облыста жалпы сомасы 7 миллиард 355 миллион теңгені құрайтын алты бірдей инвестициялық жоба жүзеге асырылып, осының нәтижесінде 96 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Ішкі туризмді ілгерілету үшін тарихы терең қаламыз бен тамаша табиғатымызға туристердің баға беруінен емес, өз халқымыздың баға беруінен бастауымыз керек…
Мейірім БАЙДІЛДА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
журналистика мамандығының
3-курс студенті