Basty bet
Тұрғындар толғандырған сұрақтармен қайырылды
30 мамыр күні жергілікті уақытпен сағат 17:00-де Қазақстанның барлық ірі қалаларында (аудан орталықтарында) «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы өтетіні туралы жергілікті басылым бетінде және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында (БАҚ-та) хабарлама берілген болатын. Аталған акцияға сәйкес, өткен жұма күні ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында өңір тұрғындарына кеңес беру алаңы ұйымдастырылды.
Айта кету керек, «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясының мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету. Кез келген азамат еліміздің заң қоғамдастығындағы ең үздік өкілдерден тегін қажетті консультация ала алады. Олардың арасында белгілі адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, сот орындаушылары, мемлекеттік органдардың басшылары және басқа да жауапты бөлімдердің өкілдері бар.
Акцияны ұйымдастырушылар – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік билік органдары және Қазақстанның үздік заңгерлері мен адвокаттары.
Тұрғындарға құқықтық кеңес беру бағытындағы маңызды іс-шараны аудан әкімінің орынбасары сөз сөйлеп ашып, акцияның мақсат-міндеттеріне кеңінен тоқталып, құқықтық кеңес алуға келген азаматтарға алғыс білдірді.
Айта кететін болсақ, «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясының аясындағы құқықтық, онымен қоса, азаматтарға мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге байланысты кеңес беруге арналған алаңда аудандық прокуратураның прокуроры Замир Қыстаубай, аудандық Заң кеңесінің меңгерушісі, адвокат Оразбай Шуақбаев, Жамбыл облыстық Заң консультанттары палатасының Жуалы ауданы бойынша заң консультанты Жандос Қалдыбеков, жеке сот орындаушы Айдар Зәуірбеков, аудандық ПБ-ның ЖПҚ бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Дияс Үсіпбаев, сонымен қатар, аудандық әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Мұрат Сапаев, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлшат Наурызова, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Медет Дамиров, аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария бөлімдерінің басшылары – Ержан Серкебаев, Қадырхан Жарасұлы және Бақыт Сүйіндіков, сонымен бірге, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және мемлекеттік-құқықтық жұмысы бөлімшесіндегі аудан әкімінің бас инспектор-заңгері Қайрат Жапбаров әртүрлі сұрақтармен қайырылған азаматтарға заңдылық тұрғысынан құқықтық кеңестер беріп, сұрақтарға да тыңғылықты жауап берді.
Акция барысында байқағанымыздай, аудан тұрғындары және азаматтар негізінен прокурордан, адвокаттан, жеке сот орындаушы мен нотариустан, сонымен қатар, мемлекетттік қызмет көрсететін жауапты тұлғалардан құқықтық, т.б. салаларда тегін кеңестер алып, тарқасты.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»