Basty bet
Тілі бірдің – тілегі бір!
«Бірлік болмай, тірлік болмас» демекші, берекені көздеген ел қашанда мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерекше.
Ата-бабамыз аңсаған «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманға» қол жеткізуіміз біздің еліміздегі сан түрлі ұлт пен ұлыстың өзара бірлігі арқау болғаны шындық. Ел бірлігі – тұтас халықтың достығы. Ал, тұрғындары түрлі ұлт өкілдерінен құралған елді мекендердің өзара ауызбіршілікте өмір кешуі мен мызғымас достығы өзгелер үшін қашанда үлгі.
Құшағы кең қазақ елі қиын-қыстау кезеңдерде көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына басты. Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі. Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдеріқатарының артқаны осының дәлелі. Бұл – нағыз патриоттардың қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде қазақ тілінің рөлі туралы пікірімен бөлісті. «Тілдер туралы айтар болсақ, Қазақстан өзінің тарихы мен этникалық ерекшелігіне байланысты көптілді мемлекет.
Бұл біздің байлығымыз. Сонымен бірге, мемлекеттік тіл – қазақ тілі, сіз де осыны есте сақтап, қазақ тілінің мәртебесін нығайту үшін шаралар қабылдауыңыз керек, бірақ бұл басқа тілдерде сөйлейтін азаматтарды кемсіту мақсатында емес, зиян тигізбеу керек» деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елімізді, тілімізді дамытуға бәріміз ұмтылуымыз керек. Қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін рухани ұлықтап, жүзеге асыра отырып, республиканың экономикалық өркендеуі мен Қазақстан халқының рухани жай-күйіне, ынтымағы мен бірлігіне байланысты болғандықтан, еліміз бұдан да нығайып, тәуелсіз бола түседі. Әр адам өзінің мәдениеті, салт-дәстүрі бар, халқы бар, тілі бар екенін бағалайтынына сенемін.
«Өзге халықтың тілін, мәдениетін білу адамды осы халықпен тең етеді» деген ұлы Абайдың сөзі әрбіріміздің ұранына айналуы тиіс.
Арада талай жылдар өтті, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз екеніне көз жетті. «Тіл тағдыры – ел тағдыры». Мен осы ауданда туып-өстім. Менің ата-анам әзірбайжандықтар. Балабақшада 31 жылдан бері тәрбиеші болып жұмыс істеймін. Осы жылдар ішінде мен қазақ тілінде мінсіз сөйлеуді үйрендім. Қазіргі таңда аудан орталығындағы №1 бөбекжай-балабақшада қазақ тобында тәрбиеші қызметін атқарудамын.
Өзім еңбек ететін топтың бүлдіршіндерімен түрлі қызықты ойындар ойнатып, ойлана білуге, оларды жан-жақты, алғыр бала болуға тәрбиелеудемін. Сондай-ақ, оларға әртүрлі балабақша деңгейінде, жастарына сай сабақтар мен түрлі ертегілерді тыңдатып, жұмбақ жасырып, жаңылтпаш айтқызып бүлдіршіндердің әр күнін қызықты етіп өткізуге тырысамын. 1 мамырдағы бірлік мерекесіне орай тәрбие сағатын өткізуді жоспарлап отырмын.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінде қазақ халқына ризашылықтан басқа айтарым, тілегім жоқ. Бұл – қазақ халқының жақсылығы. Отаным – Қазақстан, елім – Қазақ елі. Бұл қасиетті топырақты құтты қоныс етіп отырған барлық ұлттың өкіліне тек қана бірлік, бақыт пен шаттық, береке тілеймін.
Пачиза Алахвердиева,
№1 бөбекжай-балабақшасында тәрбиеші.
Б.Момышұлы ауылы