Basty bet
Ұлт мүддесі үшін ұйысып, елдігімізді танытайық!
Бүгінде елімізде халқымыз үшін аса маңызды саяси науқанға қызу дайындық жүруде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында жаңа стратегияға сәйкес басты мемлекеттік институттарды кешенді түрде қайта жаңғыртуға кірісу қажеттігін айтқан болатын. Яғни, кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды.
Жылды жаңадан сайланған Президентпен аяқтағалы отырмыз. Мұның саяси мәні зор. Оны қарапайым халық біріміз түсінсек, біріміз түсіне бермейміз.
Биылғы жыл еліміз үшін күрделі кезең болды. Жыл басында орын алған Қаңтар оқиғасының тамырына терең үңілсек, өте қауіпті жағдай. Өткеннен сабақ алып, ауызбіршілікпен, ақылмен, сабырмен, етек-жеңімізді жинап, елдігімізге берік болу қажет екенін түсіндік.
Саясаткерлер кезектен тыс Президент сайлауының мәні мен маңызы жайлы жан-жақты түсіндіруде. Яғни, саяси қауқарынан айырылып, экономикалық әлеуеті шектеліп жатқан күштердің ел тұтастығына сына қағу мүмкіндігін, бұдан бөлек сыртқы дүние де тыншымай тұрғанын айтуда.
Сайлау өткізілген сайын ел дүрлігеді. Бұл – қалыпты құбылыс. Ең бастысы, әлемдегі ахуал күрделеніп, қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түспей тұрған қазіргідей уақытта осындай саяси іс-шаралар мемлекеттігімізді бекіте түссе дейміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты Жолдауында Президент мандатын ұзақтығы жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынып, оның маңыздылығын түсіндірді: “Бұл бастаманың негізі қандай? Бір жағынан, жеті жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді”,- деп атап өтті Президент.
Жаңа президенттік жүйе саяси тұрақтылықты нығайтып, қоғамдық құрылыстың қазақстандық үлгісін орнықтыратынына сенімдіміз.
Алдағы Президент сайлауына біркісідей қатысып, дауыс беру – барлығымыздың азаматтық міндетіміз. Елдің болашағы, ұрпағымыздың жарқын келешегі бәрінен де маңызды. Жақсылықтан үміттіміз. Сондықтан ұлт мүддесі үшін ұйысып, елдігімізді танытайық. Әділетті Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет. Ендеше, қасиетті Отанымызды бірге дамытайық!
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”