Basty bet
Саяси реформаның маңыздылығы кеңінен сөз болды
Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлерінде жалпыхалықтық референдумға тұрғындардың қатысуын қамтамасыз етуге, 5 маусым күні тиісті сайлау учаскелеріне барып, таңдау жасауына бағытталған түрлі деңгейдегі жиындар мен кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Аталған жиындарда жалпыхалықтық референдумға тұрғындардың қатысуын қамтамасыз етумен қатар, Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы да спикерлер маңызды ақпараттарды ұсынып, ұсыныс-тілектер жинақталу үстінде. Бұл әрине, маңызды. Айта кету келек, аталған кездесулердің халықтың дұрыс шешім қабылдауына да тигізер әсері мол.
Өткен аптаның бейсенбі күні жалпыхалықтық референдумды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық штабтың мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары барысында Жуалы ауданына да арнайы атбасын бұрып, жергілікті халықпен кезедсулер өткізді.
Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы орталық кітапхана ғимаратында өткен кездесуді аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды. Кездесуге негізінен кітапхана қызметкерлері қатысып, спикерлермен пікір алмасты.
Алғашқы сөзді алған референдумды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық штабтың мүшесі, халық қалаулысы Гүлдара Нұрымова алып, Конституцияға енгізілетін саяси өзгерістер туралы әңгімелеп, оның өз кезегінде халықтың тұрмыс-тіршілігіне тигізер оң әсерлері туралы да кеңінен ой толғады.
-Елімізді алда үлкен саяси өзгерістер күтіп тұрғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Саяси реформа, жалпыхалықтық референдум өткізу біздің елімізге не үшін қажет болды. Әңгімені алдымен осыдан бастайықшы.
Жалпыхалықтық референдумның өтуіне ең бірінші Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамашы болғанын баса айтуға тиіспіз. Ата Заңға, дәлірек айтқанда, Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдауға байланысты жалпыхалықтық референдумның 1995 жылы өткізілгенін ескерсек, содан бергі аралықта елімізде мұндай үлкен саяси өзгеріс болған жоқ.
Сол тұста қабылданған Ата Заңдағы бірнеше баптарды жаңа заманға сай жаңарту, оны тиісінше, халықтың мүддесіне, оның күнделікті тыныс-тіршілігін, тұрмыстық табысын көтеруге лайықтап өзгерту мәселесі заман талабынан туындап отырғанын халық өкілдері жан-жүрегімен сезініп отыр. Өйткені, еліміз әділетті қоғам құрмай, мемлекет те тиісінше, халықтың мұң-мұқтажына уақтылы құлақ аспай, оған жақын болмайынша, біз алға басып, даму жолына түсе алмайтынымыз анық. Жалпыхалықтық референдумды да өткізудегі басты мақсат осы.
5 маусымдағы жалпыхалықтық референдумдағы халықтың таңдауынан кейін Конституцияның 33 бабына 50-ден астам өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі деп күтілуде. Оның бірқатарынан сіздерді хабардар етіп, қарапайым жалпақ тілмен жеткізетін болсам, біз таяу жылдары суперпрезиденттік басқару үлгісінен қарапайым президенттік басқару үлгісіне өтетін боламыз.
Осы кездесуді пайдаланып, қосымша айта кететін болсам, еліміздің сайлау прцесі жүйесінде, республикалық бюджеттің орындалуын қадалаушы орган болып келген Есеп комитетінің де атқаратын жұмысы жетілдіріліп, аталған орган аудиторлық палата болып қайта құрылады. Конституциялық кеңестің орнына Конституциялық сот құрылымы енгізілетін болады.
Бір сөзбен айтқанда, 5 маусымда өтетін жалпыхалықтық референдум соңғы 30 жылдағы үлкен маңызды саяси оқиға ретінде ел тарихында қалатыны сөзсіз. Азаматтық белсенділік таныту – бәріміздің міндетіміз. Еліміздің, жас ұрпақтың болашағы үшін таңдау жасауымыз қажет,- деді халық қалаулысы Гүлдара Алданышқызы.
Гүлдара Алданышқызы саяси өзгерістермен қатар, зейнетақы реформасындағы өзгерістер туралы да әңгіме қозғап, әйелдердің зейнет жасын азайту туралы мәселенің қоғам өкілдері тарапынан көптеп көтеріліп жатқанын айтты. Аталған мәселенің алдағы уақытта оң шешілуіне де әйел-ана ретінде тілеулес екенін де жеткізді. Кездесу барысында қазақ тілінің мәртебесі туралы да мәселелер қозғалып, ана тіліміздің мәртебесін көтеру үшін Парламент қабырғасында да депутаттар тарапынан тиісті ведомствоға ұсыныстар жеткізілгені де айтылды.
Келесі кезекте референдумды қолдау жөніндегі облыстық қоғамдық штабтың мүшесі, мемлекеттік қызметтің ардагері Гүлнар Тұрсынбекова, ауданға қарасты «Зылиха» шаруа қожалығының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев алда өткізілгелі отырған саяси реформаның маңыздылығын сөз етіп, жиналған қауымды референдумға қатысып, ел болашағы үшін таңдау жасауда белсенділік танытуға шақырды.
Республикалық және облыстық, аудандық штаб мүшелерінің бұдан кейін Мыңбұлақ ауылдық округінің орталығы Көлбастау ауылындағы №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің ұжымымен болған кездесуінде саяси реформалар жөнінде, оның ішінде педагогтардың жас ұрпақты тәрбиелеу мен білім беруге қосып отырған үлестері атап өтілді. Осы мақсатта жалпыхалықтық референдумнан, саяси реформадан ұстаздар қауымының да тыс қалмау жайы сөз болды.
Спикерлер келесі кезекте аудандық орталық ауруханада болып, ақ халатты абзал жандармен кездесіп, пікір алмасты. Аурухана ұжымен кездесуде жалпыхалықтық референдумды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық штабтың мүшесі Гүлдара Нұрымова, облыстық қоғамдық штабтың мүшесі Гүлнар Тұрсынбекова саяси реформалардың салмағымен қатар, оның халық өміріне тигізер әсері туралы да сөз қозғады. Гүлдара Алданышқызы денсаулық сақтау саласын дамыту, әлеуметтік саланы ілгерілету, оның ішінде халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған заңнамалар бойынша келелі әңгіме өрбітті.
Кездесуде аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаев, бас дәрігердің орынбасары Нұрбай Ергебеков, сонымен қатар, бөлім меңгерушілері, жас маман-дәрігерлер денсаулық саласында орын алып отырған бірқатар проблемаларды, оның ішінде, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, саладағы қағазбастылықтан арылу, сондай-ақ, ауруханаларда педиатрия бөлімін қайта ашу жайындағы нақты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аудандық аурухана басшылығы 5 маусымдағы жалпыхалықтық референдумға ұжым болып қатысатынына сендірді.
Айта кету керек, ақ халаттылардың кездесуде көтерген мәселелері халық қалаулысы Г.Нұрымованың тарапынан назарға алынды. Аталған мәселелер Парламент қабырғасында көтерілсе, таяу жылдары тиісті министрлік тарапынан оң шешімін табатынына біздің де сеніміміз мол.
Аудандық «Достық» мәдениет үйінде жұртшылық өкілдерімен болған кездесуде де референдумды қолдау жөніндегі республикалық, облыстық штабтың мүшелері, атап айтқанда, Гүлдара Нұрымова, Гүлнар Тұрсынбекова, Бекет Момынқұл, Керімқұл Бегалиев, Жалғас Қошқарбай, аудандық штабтың төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық мәслихаттың депутаты Зиядхан Бүрлібаев, «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Марат Нарымбеков тақырыпқа байланысты кеңінен ой толғап, сөз қозғады. Жиында Президенттің бастамасымен елдегі жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың салмағы мен алдағы басым бағыттары кеңінен сөз болды.
Ең бастысы, халық өкілдерінің алдағы референдумнан тыс қалмай, белсенділік танытуы аса маңызды.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»