Basty bet

Дәрігерлік амбулаторияда сапалы медициналық қызмет түрлері көрсетілуде

Әлемде ешқашан өлмейтін, даму үстінде ғана жүріп отыратын мамандықтардың бірі – медицина саласы. Ұлт саулығы – еліміздің тұрақты дамуының кепілі. Сондықтан болар, медицинаға қатысты мәселе мемлекет назарынан ешқашан тыс қалған емес. Әсіресе, шалғай ауылдар мен елді мекендерде дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік- акушерлік және медициналық пункттер салу ісі мықтап қолға алынуда.
Халық үшін ең маңызды сала – денсаулық сақтау саласында біраз жетістік, ауқымды шаралар жасалды. Соңғы жылдарда апатты жағдайдағы ғимараттардың орнына жаңадан денсаулық сақтау нысандары бой көтерді.
Бүгінгі күні аудандағы денсаулық сақтау мекемелері тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Соның бірі ретінде Нұрлыкент ауылдық округіндегі Нұрлыкент дәрігерлік амбулаториясының жұмысын атап өтуге болады. 25 келушіге арналған амбулаториялық жаңа ғимараты 2017 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі таңда мекемеде екі жалпы тәжірибелі дәрігер, бір балалар дәрігері, 11 орта буынды және үш кіші қызметкер жұмыс істейді. Одан бөлек, дәрігерлік амбулаторияға қарайтын медпункт пен фельдшерлік акушерлік пунктте 6 медбике қызмет атқарады. Дәрігерлік амбулаторияда Мұхамеджан Қуандықов пен Нұрдәулет Сүйінбек сынды жалпы тәжірибелі дәрігерлер тұрғындардың денсаулығын нығайту жолында жұмыс істеп келеді.
Аға дәрігер Мұхамеджан Қуандықовтың мұнда жұмыс істеп жатқанына бір жылдан астам уақыт болған. Ол Қарасаз ауылында туған. Сол ауылдағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектепті 2017 жылы аяқтап, сол жылы Астана медициналық университетінің жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығына оқуға түсіп, 2024 жылы қолына дипломын алады. Сол жылы Нұрлыкент ауылдық дәрігерлік амбулаториясына жолдама арқылы жас маман болып жұмысқа орналасады.
Бізді жас маман және жалпы тәжірибелі дәрігер Мұхамеджан Бағдатұлы қарсы алып, жалпы мекеменің жұмысымен таныстырып шықты.
Қазіргі таңда ауылдық амбулаторияның құрамына Нұрлыкент ауылдық округінің Түктібай, Қазбастау және Көкбастау ауылдық округінің Жаңа-Теріс, Бақалы елдімекендері енеді. Аталған аймақтың тұрғындары осында келіп, ем қабылдайды. Жалпы тіркелген халық саны -5000 адамды құрап отыр. Олардың ішінде, 0-1 жас аралығында 82, 1-5 жас аралығында 600, 5-14 жас аралығында 1 534, 14-18 жас аралығында 1 253 болса, диспансерлік есепте тұратын 651 адам бар. Оның ішінде мүгедектігі бар 121 адам. Биылғы жүкті әйелдер саны 32, өткен жылы 52 әйел болған. Жүкті әйелдер денсаулықтарына және есепте тұрғандарына қарай бірі ауданда босанса, енді бірі облыс орталығына жіберіліп отырады. Есепте тұрғандар әр үш ай сайын тегін дәрімен қамтылады. Олар тегін дәріні алмас бұрын қазір базалық электрондық жүйе арқылы тіркеліп, скринингтік тексеруден өтіп отырады.
Емдеу мекемесінде қызметкерлердің алаңсыз жұмыс жасауына толық жағдай жасалған. Амбулатория кабинеттері компьютермен, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етілген. Одан бөлек, зертхана, жаңа заманауи ЭКГ аппараты, төрт емделушіге арналған күндізгі стационар және жедел жәрдем көлігі бар. Оған қоса дәрігерлік амбулаторияға қарайтын әр ауылда жаңадан бой көтерген медпункт және фельдшерлік-акушерлік пункттері бар. Онда бір медбике, ФАБ-та екі медбике бір санитар және қарауыл жұмыс істейді.
-Біз алдымызға келген әрбір науқастың жағдайын күнделікті бақылап, қажетті емдік шараларды қолданамыз. Алайда, денсаулық – баға жетпейтін жалғыз ғана асыл дүние екенін естен шығармаған абзал. Ол адам өміріндегі ең бағалы нығмет болғандықтан, әрбір адам баласы өз денсаулығына көңіл бөліп, үнемі денсаулықтың қорын көбейтіп отырған жөн.
«Тәні саудың – жаны сау» деген әдемі сөз бар. Сол себептен біз бірінші кезекте ауыл тұрғындарының денсаулығына баса мән береміз. Ең басты мақсатымыз – келушілерге дер кезінде алғашқы дәрігерлік көмек көрсету, денсаулығының жақсаруына өз септігімізді тигізу. Біз ем алушылармен тығыз жұмыс жасаймыз. Сырқатына қарай ем-домын жасап, оларды сауығып кеткенше қадағалап отырамыз. Әр көшеге бір медбикеден бекітіліп қойылған. Медбикелерде кезекшілікке бекітіліп, түнгі шақыртуларға барады. Жағдайына қарай науқастарға ем-дом тағайындаймыз. Егер жағдайы ауыр болса, онда біз емделушіні аудан орталығына жібереміз. Мекемеде жедел жәрдем көлігі бар. Ауыл тұрғындары қай уақытта болсада жедел жәрдем қызметін үйіне шақырта алады. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары толығымен «ДамуМЕД» медициналық ақпарат жүйесіне қосылып, тұрғындардың электрондық денсаулық паспорттары базаға енгізілген. Ал скрингтік тексеруден ауыл тұрғындары уақтылы өтуде. Жылдан басынан бері 500-ге тұрғын тексерістен өтті десек болады,- дейді аға дәрігер.
Одан бөлек, Нұрлыкент ауылында Семей полигонына қатысқан 5 адам, Чернобыль апатына қатысқан 2 адам және Ауған соғына қатысқан 9 адам бар. Олардың барлығы тегін дәрі-дәрмекпен қамтылып отырады және Алматы қаласындағы «Алатау», Көкшетаудағы «Бурабай» демалыс орталықтарына жылына екі рет жолдама беріледі. Ал бронхальды астма ауруымен ауыратын балалар да дәл осы демалыс орталығына жолдама арқылы 21 күн емделіп қайтады.
Біз жоғарыда айтып өткендей, амбулатория 25 келушіге арналған. Екі тәжірибелі дәрігер бір күнде 50 келушіні қабылдауға тырысады. Аптасына бір рет аға дәрігерлер өздеріне қарасты ауылдық медициналық пункттерге барса, одан бөлек, айына бір рет кесте бойынша өздеріне қарасты ауылдарға шығып, медпункттерді аралайды. Оған аға дәрігер, аға медбике, акушер, зертханашы және скринингке жауапты медбике қатысады. Зертханашы қан және несеп талдауын алады.
Ауылдық амбулатория толықтай заманауи медициналық құралдармен жабдықталуына байланысты ауыл тұрғындары аудан орталығына сабылмай-ақ амбулаторияда барлық тексерістен оңай өте алады.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close