Basty bet
Тірліктің көзін таба білген шаруа
Жыл санап диқаншыларға мемлекеттен көптеп көңіл бөлінуде. Мемлекет қамқорлығын сезінген шаруалар өздеріне тиесілі жерлеріне халыққа қажет өнімдерін егіп, нарыққа шығаруда.
Еселі еңбек етіп жемісін көріп жүрген Түктібай ауылындағы «Әли» шаруа қожалығының жұмысын ерекше айтуға болады. Шаруа қожалық иесі Әлімжан Досыбаев бастапқыда «Злиха» шаруа қожалығында жеті жылдай сушы болып еңбек ете жүріп, шаруаға қажетті дүниелермен танысады. Бала кезден шаруаға ебі бар еңбекқор азамат 2009 жылы «Злиха» шаруа қожалығынан бөлініп, өзінің шаруа қожалығын жүргізумен айналысып келеді.
Ол бастапқыда 15 гектар жерге арпа, бидай ғана ексе, кейіннен 2017 жылдары жер көлемін 100 гектарға дейін көбейтіп, нәтижесін ақырындап көре бастады. Осылайша жұмысын дөңгелетіп отырған шаруаның бүгінде 33 гектар картобы, 30 гектар арпа, бидайы бар. Шаруа қожалық мемлекеттен субсидия арқылы 25 тонна элиталық тұқым және 18 тонна арпа, бидайға селитра және көктемгі, күзгі жұмыстарға 2 тонна жанар-жағармай алған.
Мұнда картоптың аризона, паролли, коломба, артемис деп аталатын сорттары егілген. Өнімнің күзге дейін аман-есен өсіп жетілуі үшін колорадо қоңызына қарсы «селестоп» және «зетлюкс» деп аталатын дәрумендерімен қоректендіреді.
Шаруа үнемі әкесі Уәлихан Досыбаев, Бегалы Нұржігіт, Керімқұл Бегалиев сынды осы саланың майталмандарының ақыл-кеңестеріне сүйенеді. Әкесі Уәлихан Досыбаевтің кезінде колхозда механизатор болып еңбек етіп, тәжірибе жинағанының көп көмегі тиюде. Ол бұзылған техниканы жөндеп қатарға қосылуына зор ықпалын тигізуде.
-Күннің 12-13 сағаты осы кәсіппен айналысуға кетеді. Себебі, отбасын асыраушы күш осы диқаншылардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде. Дайын болған өнімдерді «Ауыл береке», «Жібек жолы» базарларына сатамыз. Тіпті шекаралас көрші елдерге де жөнелтетін кездеріміз кездеседі.
15 жылға жуық уақыт далада еңбек етіп келемін. Қарамағымда 20-ға жуық азаматтар еңбек етуде. Олар шөп жұлу, суару, жинау, жүйектеу, дәрілеу секілді түрлі жұмыстарды атқарады.
Су тапшылығының алдын алу мақсатында платина соғуды жоспарлап отырмын. Қысы-жазы бұлақтан аққан суды жинап, жаз айындағы егінге пайдалансам деген ойдамын. Жоспарлар, мақсаттар өте көп. Картоп өнімінен алдағы уақытта түрлі өнімдер шығарудан пайда көбірек түседі. Осындай өзгешеліктерді де жасап көруді қолға алудамын. Тынымсыз еңбек нәтижесі ғана мол өнім береді дейді,- диқаншы Әлімжан Батырханұлы.
Диқаншылық – жер ананың шаруаларға берген сыйы. Берген сыйды дұрыс иегере алу ол шаруаның жұмысы. Бұл жұмыстың қиындығы мен қызығы осында. Абай Құнанбайұлының «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақыл сөзі осындай еңбек адамдарына қарата айтылса керек. «Қыс азығын жаз ойла» демекші, ала жаздай еңбектің шаруаларға берері мол болсын демекпіз.
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»