Basty bet
Ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажына баса назар аударылады
Қалың көпшілікке белгілі болғандай, еліміз 2022 жылдың алғашқы күндерінде аса ауыр оқиғаны басынан өткерді. Еш алаңсыз жатқан елімізге тұтқиылдан лаңкестік шабуылдар жасалып, қасиетті Отанымыздың тәуелсіздігіне, халықтың қауіпсіздігіне үлкен қатер төндірген «Қасіретті қаңтар» оқиғасы бәріміз үшін де өмір бақи сабақ болып қалатыны анық. Сондай сұрапыл ауыр күндерде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің ертеңгі болашағына байланысты тағдырлы шешімдер қабылдауының арқасында, сонымен қатар, осындай қиын сәтте халқымыздың сабырлы қасиеттерінің арқасында біз бұл қасіретті ел болып еңсере алдық. Өңірлерде орын алған жаппай тәртіпсіздіктердің салдарынан бүлінген ғимараттар қайта қалпына келтірілуде. Кәсіпкерлердің де шығындары мемлекеттің есебінен ақырындап өтеліп жатыр. Ең бастысы, біз қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін аман сақтап қалдық. Бұл үшін Ұлы Жаратушыға мың тәуба.
Осы ретте қаңтар қасіреті кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Үндеуінде айтылған: «Қастерлі Отанымыз – Қазақстан әлем картасындағы егемен ел ретінде қуатты мемлекетке айналады, экономикамыз анағұрлым қарқынды дамиды, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы жақсара түседі.
Мен мұны зор сеніммен айтып тұрмын. Өйткені, оған қол жеткізу үшін қажетті реформалар мен нақты іс-шаралар жоспарын ұсынатын боламын»,- деген осы сөзі тұтас халқымыздың жүрегіндегі үміт отын оятып, жігерлендіргені анық.
Біз мұны неге айтып отырмыз? Себебі, елімізде қордаланған мәселелердің көптігі, халықтың билікке деген наразылығының соңы міне, осындай сұрапыл оқиғаға айналып отыр. «Қасіретті қаңтар» оқиғасы елімізге үлкен сабақ болды деп отырғанымыз да сол.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығы негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдерімен қатар, аудан әкімдері әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуі, ал ауыл әкімдері айына бір рет жергілікті халықпен кездесу өткізуге міндетті.
Жергілікті деңгейдегі әкімдер ендігі кезекте халықпен жиі-жиі кездесіп, олардың мұң-мұқтажымен және ауылдардағы қордаланған проблемаларды шешуге ықпал жасауға міндеттенеді. Мұндай кездесулер әрине, жергілікті халықтың арасындағы әлеуметтік проблемалардың оң шешілуіне әрі оның уақтылы орындалуына жол ашатыны сөзсіз.
Аптаның бейсенбі күні Президенттің тапсырмасына сәйкес, алдын ала бекітілген кесте бойынша аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық әкімдіктің бірқатар бөлім басшылары ауданға қарасты Боралдай және Қошқарата ауылдық округтеріне барып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың мұң-мұқтажына тағы бір назар аударды.
Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылындағы мәдениет үйінде өткен жиынға округке қарасты Ертай және Рысбек батыр ауылдарының тұрғындары да шақырылды. Жиынды сөз сөйлеп ашқан аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, кездесудің мақсат-міндеттеріне тоқталды. Бастысы – бұл кездесудің Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында және жергілікті жердегі мәселелерді тиімді шешу мақсатында ұйымдастырылып жатқанын баса айтты. Келесі кезекте сөз алған аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков те бұл кездесудің жөні бөлек екенін, Президенттің тапсырмасына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен жиі-жиі кездесулер ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.
-Өздеріңіз жақсы білесіздер, аудан басшысы жергілікті тұрғындардың алдында жылына бір рет есеп береді. Бұған дейін аудан басшысының есептік жиыны сіздердің ауылдарыңызда өтті. Ал бүгінгі кездесу есеп беру жиыны емес. Тиісінше, жергілікті халықтың өтініштері мен мұң-мұқтажын тыңдап, оны дер кезінде назарға алып, зерделеу жасау арқылы шешуге бағытталған басқосу болғалы отыр. Осы жиында айтылған мәселелердің барлығы міндетті түрде хаттамаланып, оның тиісті заң шеңберінде орындалуына күш салынатын болады. Айтылған мәселелердің барлығы бірден шешіледі деп айтудан аулақпыз. Дегенмен, жергілікті атқарушы органның өкілдері, халық қалаулылары, басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілдері халық тарапынан көтерілген мәселелерге терең зерделеу жасай отырып, оның оң шешілуіне барынша ықпал ететін болады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жаңа Жолдауынан да хабардар болғандарыңыздай, алдағы уақытта жаңа Қазақстанды құру, елдің экономикасын дамыту арқылы халықтың тұрмысын, әл-ауқатын арттыру бағытында 30-ға жуық Конституциялық Заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі деп күтілуде. Оған қосымша елді тұтастай жаңғырту үшін жаңадан 20 Заң қабылданатын болады. Бұлар жаңа Қазақстанды құрудың негізгі алғышарттары болмақ,- деді Ерғали Өтемісұлы.
Кездесу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Боралдай ауылдық округінің жергілікті қоғамдастықтың төрағасы Уәлихан Жаманқұлов, округтің орталығы Көлтоған ауылына спорт кешенін салу, ауызсуға байланысты мәселе ретінде су есептегіш құралдарды сырттан үйдің ішіне кіргізуге ықпал жасауға және су мен газ құбырларын тарту үшін ауыл ішінен қазылған шұңқырларды жабуға көмек сұрады. Ал ауыл тұрғыны Лесбек Көпжасаров қайтарымсыз грант алудың тәртібін сұрады.
Айта кету керек, У.Жаманқұлов көтерген ауылға спорт кешенін салу мәселесі аудан әкімі Олжас Қаржауовтың округ тұрғындары алдындағы есебінде де көтерілген болатын. Оның айтуынша, ауылда спортқа жақын балалар өте көп. Бүгінде көлтоғандықтар өз ауылынан шыққан белгілі балуандарымен мақтанады. Спортқа бейім балалар аудан орталығына немесе облыс орталығына қатынау арқылы спортпен айналысуға мәжбүр. Өйткені, ауылда дене шынықтыру мен спортпен айналысуға арналған нысан мен құрал-жабдықтар жоқ. Ал ауыл мектебінің спортзалында жаттығуға мүмкіндіктер аз. Сондықтан ауылға спорт кешенін салудың қажеттілігі айтпаса да түсінікті. Аталған сұраққа аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов тиісті заң шеңберінде жауап беріп, спорт нысанын салу үшін тиісті нормативтерді де атап өтті.
Округке қарасты Рысбек батыр ауылының тұрғындары Жарас Әлішеров пен Мыңбай Тәжібаев ауылға спорт алаңшасын салу, газ құбырына қосылу үшін бағаны қымбаттатпау, сонымен қатар, ауылдағы Жамбыл атындағы орта мектептің жылу жүйесін көгілдір отынға қосу қажеттігін айтты.
Ар Ертай ауылының бір топ тұрғыны ауылдағы Л.Көпбаев көшесіне орта жөндеу жүргізген мердігер мекеме өз жұмысын сапасыз орындағандықтан, бір жылға жетпей асфальт жабындысының ойылып, кей жерлерінің шөгіп бара жатқанын, сондай-ақ, ауылдағы «Шіркей» су тоғанына тазалау жұмыстарын жүргізуге көмек сұрады. Сонымен қатар, округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсатбек Байболов округ орталығындағы дәрігерлік амбулаторияның бұрынғы ескі ғимаратын балабақшаға беру туралы ұсыныс айтты. Себебі, ауылдағы «Боралдай» бөбекжай-балабақшасының ұжымы көп жылдан бері балаларды өте тар ғимаратта тәрбиелеуге мәжбүр. Ендігі кезекте амбулаторияның ескі ғимаратын балабақша теңгеріміне беретін болса, балабақшаның да ғимарат мәселесі шешіліп, ескі ғимаратты бұзылудан сақтап қалуға болады. Бұл екі жаққа да тиімді.
Жиында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге аудан әкімінің орынбасары А.Ахметова, аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Сейітбеков, «Жуалы-Су» мекемесінің басшысы Қ.Болысбаев жауап беріп, аталған мәселелердің назарға алынатынын жеткізді.
Кестеге сәйкес, тұрғындармен дәл осындай кездесу Қошқарата ауылдық округінің орталығы Қошқарата ауылында да ұйымдастырылды. Онда ауыл тұрғындары арасынан ең алғаш болып ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Андасбек Мырзалиев округ орталығындағы Д.Қонаев көшесін орта жөндеуден өткізу, көпірді жөндеу, былтыр ауылға ауызсу жүргізген мердігер мекеменің ауыр техникалары қазып кеткен жолдар мен шұңқырларды қайта қалпына келтіру жұмыстары тезірек қолға алынса деген ұсынысын жеткізді. Одан бөлек, ауыл тұрғындары көше жолдарына жөндеу жүргізу, электр жарығының қуаттылығын арттыру, электр бағандарын ауыстыру, Ақтасты ауылының ағын су және ауызсу мәселелерін шешу, әртүрлі деңгейдегі жиындарда бұрыннан көтеріліп келе жатқан Ақтасты бастауыш мектебі ғимаратының мәселесін шешу, тағы басқа сұрақтармен қайырылды.
Кездесуде көтерілген сұрақтардың барлығы жергілікті атқарушы орган өкілдерінің назарына алынып, зерделеулердің нәтижесінде алдағы уақытта ауыл тұрғындарына тиісті әрі нақты жауаптары берілетін болады. Қошқарата ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу барысында аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық әкімдіктің жауапты бөлім басшылары аталған мәселелерге байланысты тиісті заңдылықтар аясында тұрғындарға түсінікті жауаптар берді.
Екі ауылдық округте өткен жиындарда тұрғындар жергілікті атқарушы орган және өкілді органның өкілдеріне жұмыс барысында жіберілген кемшіліктерді тез арада жоюға, қай салада да заң бұзушылықтарға жол бермеу, ең бастысы, қоғамдық бақылауды күшейтуге ұсыныс жасады.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»