Basty bet

Ақша өзіңізге жұмыс істесін

Қаржы сауаттылығы – азаматтардың қаржы саласындағы білім деңгейін арттыруды көздейтін, жеке жинақтар мен оларды ұтымды басқаруға баулитын сала. Төменде қаржы сауаттылығының негіздері туралы сөз қозғалады. Бұл – сізге қаржылық тәуелсіз болуға және ақшаңызды ақылмен басқаруға көмектеседі.
Қаржы сауаттылығы ең алдымен өз ақшаңызды сауатты басқаруды білдіреді. Қаржы сауаттылығы азаматтардың әл-ауқатын және өмір сүру сапасын арттыруға әкеледі, тұтынушылар үшін ақпаратқа қол жеткізу аясын кеңейтеді, сондай-ақ халықты көрсетілетін қаржы қызметтерімен қамтуды және қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда қаржы қызметтерінің қарқынды түрде дамыған, бөлшек өнімдер онлайн-пішімге және жаңа цифрлық технологияларға түрлендірілген, неғұрлым күрделі және сонымен бір мезгілде тәуекелді қаржы құралдарына сұраныс арта түскен жағдайда халықтың қаржы сауаттылығын үнемі жаңартып отыруды талап етеді. Халықтың қаржы саласындағы білімін арттыру көрсетілетін қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің негізгі элементі бола отырып, халық пен бизнестің көрсетілетін қаржы қызметтеріне үздіксіз қол жеткізуінің, қаржы тұрақтылығы мен қоғамның әл-ауқатын қамтамасыз етудің шарты болып табылады.
Атап айтсақ, қаржы сауаттылығы көрсетілетін қаржы қызметтері мен құралдарды пайдалана білуді; меншікті қаржы қаражатын басқару дағдыларын; халықтың қаржы жүйесі, оның жұмыс істеу қағидаттарын, сондай-ақ көрсетілетін қаржы қызметтері саласында тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы хабардар болу деңгейін қамтиды. Осылайша, халықтың қаржы сауаттылығының жоғары деңгейі азаматтардың тұрмыс деңгейінің артуына, жеке инвесторлар қаражатының ел экономикасына келуіне, қаржы нарықтарындағы бәсекелестіктің дамуына, қаржы тұрақтылығының нығаюына және халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етеді.
2020 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2020-2024 жылдарға арналған қаржылық сауаттылықты арттыру тұжырымдамасын әзірледі. Тұжырымдама Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 мамырдағы №338 қаулысымен қабылданды.
Тұжырымдама Мемлекет басшысының 2020 жылғы 26 ақпандағы Хаттамалық тапсырмасының халықтың қаржы сауаттылығын арттыру бағдарламасын әзірлеу қажеттілігі туралы 1.1.3-тармағын орындау мақсатында дайындалған және Тұжырымдама Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қаржы сауаттылығын арттыру стратегиясын әзірлеу және іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында әзірленген.
Осы құжат халықтың қаржы сауаттылығын арттыру саласындағы басымдықтарды, мақсаттар мен міндеттерді, мақсаттарға тиімді қол жеткізу және міндеттерді шешу тәсілдерін, нысаналы аудиторияларды, тақырыптық бағытты және 2020-2024 жылдардағы кезеңде ҚР халқының қаржы сауаттылығын жоспарлы түрде арттыру үшін пайдаланылатын құралдарды айқындайды.
Тұжырымдаманы іске асыру көрсетілетін қаржы қызметтерін тұтынушылардың қаржы саласындағы білімін жақсартуға, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, қаржы өнімдеріне қолжетімділікті жеңілдетуге, қаржы жүйесіне деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді.
Қаржы сауаттылығын шартты түрде үш санатқа, басқаша айтқанда үш тармаққа бөлуге болады.
Біріншісі, бұл қаржы ұйымдарының мобильді қосымшаларын, интернет-банкингті пайдалану үшін, кибералаяқтарға қарсы іс-қимыл және т.б. үшін қажетті техникалық білім.
Екіншісі – құқықтық сауаттылық. Көрсетілетін қаржы қызметтерін тұтынушылар ретінде өз құқықтарын білу, қаржы ұйымдарымен жасалған шартты оқи және түсіне білу, заңнаманы білу сізді болашақта көптеген күтпеген жағдайлардан сақтандыруы мүмкін.
Ең бастысы – бұл қаржыны жоспарлау. Үшінші тармақ – меншікті қаражатыңызды жүргізе білу, жеке немесе отбасы бюджетін басқару үшін дұрыс және сараланған шешім қабылдау.
Енді осы тармақтардың әрқайсысын жеке қарастырайық.
Техникалық сауаттылық. Қарапайым гигиена қағидаларының бар болғаны сияқты, цифрлық ақша саласында да онлайн режимде сатып алулар мен банктік аударымдарды жүзеге асыруға ниеттенген әрбір адам білуі тиіс киберқауіпсіздіктің өзіндік базалық ұғымдары бар.
Жыл өткен сайын гаджеттердің көмегімен түрлі қаржы операцияларын жасайтын пайдаланушылар саны өсуде. Заманауи технологиялар біздің өміріміздің ажырамас бір бөлігі болып ене отырып, қолайлығымен қоса, сенгіш пайдаланушылардан ақша алудың түрлі тәсілдерін үнемі жаңартып отыратын виртуалдық қылмыскерлер де істеріне кірісе бастады.
Қаржы алаяқтарына алданып қалмау үшін қарапайым кибергигиена ережелерін есте сақтау қажет. Фишингтің құрбаны болмау үшін күмәнді сілтемелерге көшпеңіз, домен атауы мен хаттаманың дұрыстығын тексеріңіз (https:// – қорғалған, http:// – жоқ). Телефоныңызға жіберілген SMS кодтарды, төлем карталарыңыздың деректемелерін және картаның артындағы кодты ешкімге айтпаңыз, жарияламаңыз. Желідегі күмәнді ұсыныстарға алданбаңыз (жолыңыз болды, сізге біреу мұрасын қалдырды, ұтыс ойынынан, лотереядан, акциялардан және т.б. ұтып алдыңыз деген сияқты).
Өздеріңіз білетіндей, оңай жерде олжа жоқ. Аккаунттарыңызды күрделі парольдермен қорғаңыз (әр қосымшаға, поштаға немесе сайтқа бірегей парольді, банктердің мобильді қосымшаларын енгізу кодтарын қойыңыз). Интернет-әмияныңызға оң әсер етуі мүмкін бонустар, кешбэктер, қаржы ұйымдарының акциялары жүйесінен қалай пайда табуға болатындығын біліңіз.
Құқықтық сауаттылық. Кез келген құжатқа қол қоя отырып, сіз онда жазылғанның бәріне толық келісесіз. Шартқа қол қоя отырып, сіз барлық міндеттемелерді өз мойныңызға аласыз. Ақша істеріндегі ұқыпсыздықтың алдын ала болжанбайтын және әрқашан сәтті бола бермейтін салдарлары болуы мүмкін.
Мұндай мәселелерге ешқашан асықпау керек. Кез келген шартты мұқият оқып шығу, барлық талаптармен танысу, қаржылық қызметтерді тұтынушы ретінде шартта сіздің құқықтарыңыз бен мүдделеріңіз қаншалықты қорғалғанын, онда қандай міндеттемелер жазылғанын, қандай тәуекелдер бар екенін талдау қажет. Егер сіз шартқа қол қоюға күмәндансаңыз, онда істі кәсіби маманға сеніп тапсырыңыз. Мысалы, құжатты сауатты заңгерге көрсетіңіз. Сіздің қаржы қызметтерін тұтынушы құқықтарыңыз заңмен реттелетінін біліңіз. Егер қаржы ұйымы уәкілетті органның бақылауында болса, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы болса, онда сіз қаржы реттеушісіне жүгіне аласыз. Әрбір өтініш бойынша құжаттық тексеру жүргізіледі.
Соңғы заң жобалары туралы хабардар болу үшін қаржы жаңалықтары мен материалдарды жиі оқып тұрыңыз. Сонымен қатар, сіз үнемі жаңартылып отыратын жаңалықтар таспасы бар «Fingramota Online» қосымшасын ұялы телефонға жүктеп, push-хабарламасын теңшей аласыз. «Fingramota Online» пайдаланушыларына алғашқылардың бірі болып қаржы реттеушісінің қызметі туралы, қаржы нарығындағы жағдай, заңнамалық бастамалар және Қазақстанның қаржы заңнамасындағы өзгерістер туралы жедел ақпарат қолжетімді.
Қаржыны жоспарлау. Бұл адамға жолдан тайып кетпеуге және өз мақсатына жетуге жәрдем беретін өте қуатты құрал. Егер сіз қаржы жағдайыңызды жақсартқыңыз, армандарыңызды, мысалы, жаңа үй, автомобиль сатып алуға немесе балалардың оқуына ақша жинақтағыңыз келсе, болашаққа жоспарлар жасаудан бастау қажет. Бұл жоспарлар межелі жерге жету үшін басшылыққа алатын карта сияқты. Қаржыны жоспарлаумен айналыса отырып, өз қаржылық жағдайыңның толық көрінісін көруге және шығыстардың немесе кірістердің қандай баптарын бақылау қажет екенін нақты бағалауға болады.
Қаржы мақсаттарына жету үшін парасаттылық білдіру, ойланбай сатып алуға немесе кредит алуға жол бермеу қажет. Әсіресе шектеу шаралары қолданылатын кезеңде кредиттерден және басқа борыштардан бас тартқан дұрыс болады. Тұрақты негізде ақша жинақтауды ұмытпаңыз, әрбір адамда қаржылық қауіпсіздік жастығы – жұмсалмайтын қор болуға тиіс.
Аса қажет болмаса, тұтынушылық кредиттер алмаңыз. Іс жүзінде қажет болатын заттар ерекшелік болады (мәселен, балаларды қашықтан оқыту үшін компьютер, машинаға арналған қысқы шиналар және т.с.с.). Қалған жағдайларда жеке бюджетке түсетін қосымша ауыртпалықтан бас тартқан жақсы.
Қаржы қызметтерін таңдаған кезде нарықты мұқият зерделеңіз және мониторинг жасаңыз, сіз үшін неғұрлым тиімді жағдайларды іздеңіз.
Резерв жасаңыз. Бюджетті жүргізу, кірістер мен шығыстарды есепке алу, ақша жинақтау сізге неғұрлым жинақы болуға, банктерден немесе басқа қарыз берушілерден артық көмек сұрамауға көмектеседі.
Өз қаржыңызды күмәнді ұйымдарға сеніп тапсырмаңыз. Сіз қаржы алаяқтарының қақпанына және қаржы пирамидаларына түсіп қалуыңыз мүмкін.
Ақшаны табысты іске инвестициялауды үйреніңіз. Ақшаны сақтау жартылай біткен іс, оны көбейте білу қажет. Іс жүзінде қаржы жағынан тәуелсіз адам болу үшін инвестициялау өнерін үйрену қажет. Бұл мәселеде әртараптандыру да маңызды, қысқаша айтқанда, «жұмыртқаларды бір себетте» сақтамаңыз.
Әдетте, қаржыгерлерде «ақшаны ақша тартады» деген бұлжымас қағида бар екенін ұмытпаңыз. Ол үшін ақшаңыз өзіңізге жұмыс істеуі тиіс. Осының бәрін жете түсінгенде ғана, Сіз қаржы сауаттылығыңды арттырып, қолыңыздағы қаржыңызды мақсатты жұмсап қана қоймай, оны қорландыра аласыз.

aqjolgazet.kz

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close