Basty bet

АУЫЛ ТҰРМЫСЫ ЖЫЛДАН-ЖЫЛҒА ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ

Кезекті іссапарымызды аудан орталығының іргесінде орналасқан Шақпақ ауылдық округіне арнадық.

Ауылдық округ әкімі Нұрбақыт Балтабаев үстіміздегі жылдың шілде айында ауыл әкімдерінің сайлауында ауыл тұрғындарының дауыс беруімен сайланды. Нұрбақыт Айдарханұлы осы өңірдің тумасы. Яғни ауылдық округтің тыныс-тіршілігімен етене таныс азамат.

Ауылдық округтің құрамында бес елді мекен бар. Яғни, Шақпақата, Т.Дүйсебайұлы, Ынтымақ, Амансай ауылы мен Шақпақ станциясында 772 аулада 4 121 адам тұрады. Этникалық құрамына келсек, алты ұлттың өкілінен құралған. Атап айтқанда, 3 671 қазақ, 362 әзірбайжан, 96 орыс, 12 өзге ұлт өкілдері бар.

Ауылдық округте 272 шаруа қожалық, екі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, 68 жеке кәсіпкер және сүт өңдейтін, нан кептіру цехы мен ағаш тілетін цех жұмыс істейді.

2024 жылы шаруа қожалықтар 460 гектарға күздік бидай, 1 570 гектарға арпа, 850 гектарға мақсары, 3 гектарға көкөніс егіп, өнімін жинап алды. Сондай-ақ 3 506 гектарға көпжылдық шөп егілген. Ал 2025 жылдың өнімі үшін 460 гектарға күздік бидай егу жоспарланып, бүгінгі таңда күзгі дала жұмыстары сәтті аяқталды.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарламалар шеңберінде ауылдық округ бойынша “Медеу”, “Рамазан” және “Рахманбеков” шаруа қожалығы екі ЮТ-904 тракторына және “Погрузщик” техникасына тапсырыс беріп, “Медеу” шаруа қожалығы бір ЮТ-904 тракторын және “Рамазан” шаруа қожалығы “Погрузщик” техникасын алды.

Ауылдық округ әкімінің айтуынша, 2024 жылы екі жас азамат мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, өз кәсіптерін ашып, жұмыс істеуде.

-Биыл 25 тұрғын қоғамдық жұмысқа тартылды. Бес азамат тұрақты жұмысқа жолданды. Сонымен бірге 17 жас “Жастар тәжірибесі” бағдарламасымен, 6 жас “Алғашқы жұмыс орны” бағдарламасымен, алты азамат “Күміс жас” бағдарламасымен жұмыс істеуде.

Ауылдық округ бойынша алты отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

NEET санатындағы жастар саны ІV тоқсанда біреу болып отыр,- дейді ауылдық округ әкімі. -Ауылдық округте 2022 жылы дайындалған жобалар бойынша Шақпақата ауылында Кемелбеков, Желтоқсан, Оразбаев, Сүгіртегі көшесі мен Т.Дүйсебайұлы ауылынан Жамбыл, Б.Момышұлы көшесі мен С.Нарбайұлы көшесінің бұрылысы жөнделді. Яғни ауылдық округте жол мәселесі 90 пайызға шешіліп отыр. Сонымен қатар жыл соңына дейін Шақпақата ауылынан Сүгіров көшесі мен Рысқұлов көшесі, Т.Дүйсебайұлы ауылынан Жамбыл көшесін жарықтандыру көзделуде.

Биыл Амансай ауылына кешенді модульдік блок орнату арқылы ауызсу мәселесі өз шешімін тапты. Бұл ауылда 25 отбасында 169 тұрғын тұрады. Амансай ауылымен қатар ауылдық округке қарасты елді мекендер толығымен ауызсумен қамтылды.

Ал 2025 жылға Т.Дүйсебайұлы ауылындағы С.Тотайұлы көшесін жөндеу жоспарлануда.

Жалпы келесі жылға 15 жоба дайындалды. Олар: жол жөндеу, көше жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолын салу, ауыл келбетін жақсарту мақсатында Шақпақата ауылының орталығынан саябақ жасау, футбол алаңшасын жасауға бағытталған жобалар.

Ауылдық округте ауыл жастарының демеушілігімен де көптеген жұмыстар атқарылуда.

Жалпы ауыл тұрғындарының демеушілігімен бір мұқтаж отбасына “Асарлатып үй салу” жобасымен тұрғын үй салынуда. Бүгінгі таңда үйге жылу жүйесі жүргізілуде. Әрі қарай ішін әрлеу жұмыстарын жүргізіп, жыл соңына дейін бітіріп беру жоспарланып отыр.

Сонымен бірге “Шақпақата” бөбекжай-балабақшасына 1991 жылы туған ауыл азаматтары аудандық мәслихаттың депутаты Ермек Абдивайтов бастаған ауыл азаматтары балаларға ойын алаңшасын тарту етті.

Ауылдық округ тұрғындарының ауызбіршілігін ерекше атап өтуге болады. Мәселен, жыл сайын “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық дәлізінің бойында қыс мезгілінде жолда қалып қоятын жолаушыларды ұйымдасып тамақпен қамтамасыз етіп, жол ашылғанша үй-үйге бөлісіп алып, жылы жаймен, ыстық тамақпен қамтуға белсене атсалысады. Былтыр тіпті, Ынтымақ ауылынан Хамит Сыздықбаев деген азаматтың бастамасымен ауыл жастары халықаралық жол бойына жастар қазан-ошағымен барып, ыстық сорпа жасап, жолаушыларға ыстық шәй беріп, елдің алғысына бөленді.

Ауыл жастары келесі жылы Шақпақата ауылының кіреберісіне ауыл атауы жазылған стелла орнатуды жоспарлауда.

Сондай-ақ, Амансай ауылынан түлеп ұшқан кәсіпкер азаматтар ауыл балаларына арнап ойын алаңшасы мен футбол алаңшасын салып беруді қолға алуда.

Ауылдық округте Ынтымақ ауылы тұрғындарының ауызбіршілігін де ерекше атап өтеуге болады. Атына заты сай ауылдың тұрғындары қандай іс болса да, бірлесіп, бір-біріне көмектесуге әрдайым дайын тұрады. Ауылдан биыл жаңадан медициналық пункт ғимараты бой көтерді. Медициналық нысан жыл соңына дейін тұрғындар игілігіне пайдалануға берілмек.

Ауыл жастары спортпен тұрақты түрде айналысады. Әсіресе, спортшылар бокс, волейбол, баскетболдан түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр.

Ауыл жастарына керек дүние – мәдениет үйі мен спорт кешені. Бұл екі нысанды салу  мәселесі аудан басшылығының да басты назарында. Егер жобаларға қаржы бөлінсе, алдағы жылдары шешімін табады деген ойдамыз.

Ауылдық әкімдік – ауылдық округтің айнасы. Сондықтан халыққа барынша сапалы қызмет көрсету, ауылды көркейту – біздің басты міндетіміз. Жоспарлаған жобалардың жүзеге асуы әрине алдымен оның қаржылай қолдау табуына тікелей байланысты. Екіншіден, халықтың бірлігі, ынтымағы, қолдауы үлкен маңызға ие,- дейді Нұрбақыт Айдарханұлы.

Иә, қазақта “Бақ қайда барасың” десе, “Ынтымаққа барамын” деген сөз бар. Кез келген елдің дамуының алғышарты – ынтымақ, бірлік, тұрақтылық.

Ынтымақ-бірлігі жарасқан ауылдардан құт-береке кетпесін деп тілейік!

 

Перизат Шымыртайқызы,

“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close