Basty bet

Балабақша – тәрбие мен білімнің алғашқы баспалдағы

Еліміздің ертеңі өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білімінің тереңдігімен өлшенеді. Білімді, жан-жақты қабілеті ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы.
Қоғамымызда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен еліміздің білім беру саласының әлемдік кеңістігіне өтуі білім беру саласында, соның ішінде мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға уақыт талабына сай өзгерістерді енгізуді талап етіп отыр.
Білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек, қателеспейміз. Барлық білімінің бастауы – балабақшада. Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбие мен білім саласында заманауи педагогикалық технологиялар қаншалықты маңызды болса, мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде педагогикалық технологиялар ұғымы кеңінен қолданылатын ұғымның біріне айналды. Ендеше мектепке дейінгі білім беру саласының басты міндеті – өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбие беру үрдісіне заманауи әдістерін енгізу. Әрине бұл үшін мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына педагогтардың заманауи инновациялық технологияларды қолдана білу сауаттылығына да байланысты.
Ауданда 30-дан аса мектепке дейінгі білім ошағы бар. Оның жетеуі жекеменшік балабақша болса, қалғаны мемлекеттік балабақша.
Мемлекеттік балабақшаның бірі – Қарасаз ауылындағы «Қарасаз» бөбекжай-балабақшасы. Балабақша 2012 жылы «Балапан» бағдарламасы арқылы ашылған. Балабақша 140 бүлдіршінге арналған. Қазіргі таңда балабақшаны жоғары санатты, білікті педагог Меруерт Сембиева басқарады.
Балабақшада 6 топ, 22 педагог пен 22 техникалық қызметкер бар.
– Тәрбие мен білім – егіз ұғым. Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі десек артық айтпаймыз. Балабақшада қазіргі заманға сай білімді де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу – білімді, жан-жақты тәрбиешілердің еншісінде. Бүгінде заманға сай әдіс-тәсілдер көбеюде. Балалардың тілін, ақыл-ойын дамыту үшін тәрбиешілер жаңа әдістер мен технологияларды қолдануда.
Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі еліміздің болашағы. Жаңа заман баласын қалыптастырып, дамыту үшін тұлғаның ішкі жан дүниесі мен оның қыр-сырын анықтап, мүмкіншілігі мен қабілетінің дамуына жағдай жасау қажет. Біздің балабақшамызда балаларға үздіксіз білім беруде барлық жағдай қарастырылған. Біз баланың жасына сай сабақ өтіп отырамыз.
Тәрбиеші үнемі ізденіс үстінде болу керек. Балабақшада балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына тәрбиешілердің педагогикалық технологияларды қолдана білу сауаттылығы өте жоғары. Себебі, қазіргі заман балаларының берілген ақпаратты тез қабылдауынан есте сақтау қабілеттері жоғары дамығандығын байқауға болады,- дейді «Қарасаз» балабақшасының әдіскері Сәуле Түлібекова.
«Қарасаз» бөбекжай-балабақшасында тәрбиешілердің барлығы жоғары санатты педагогтар. Қазіргі таңда балабақша ұжымы жас мамандармен де толығуда. Олар жылына екі рет үлкен топтағы бүлдіршіндерді аудан орталығындағы Бауыржан Момышұлы атындағы музейге және Талапты ауылындағы Шерхан Мұртаза атындағы мұражайға саяхатқа апарып отырады. Олар осы шара арқылы балалардың танымдық қабілеттерін оятуда.
Балабақшадағы баланың бір күні таңғы жаттығумен басталады. Әрі қарай балалар ішке кіріп таңғы астарын ішіп болған соң, далаға шығады. Сыртта бүлдіршіндермен ойындар, іс-шаралар өткізеді. Әрі қарай түскі астарын ішіп, бет-қолдарын жуып, түскі ұйқыға кетеді. Түскі ұйқыдан сағат 15.30 тұрып, балалар түстен кейінгі астарын ішіп, сыртқа шығып ойын алаңында ойнайды. Ата-аналар балаларын сырттан алып кетеді екен. Міне, баланың бір күні осылай өтеді.
Балабақшада тәрбиешілердің атқаратын рөлі зор. Өйткені әр баланың өз ерекшелігі, мінезі болады. Солардың барлығын үйлестіре білу үлкен шеберлікті қажет етеді.
-Балабақшаға балаларды жолдамамен қабылдаймыз. Қазір 18 бала өз жолдамасын күтуде. Ол балаларды қыркүйек айынан бастап қабылдаймыз. Қазір барлық жұмыс электронды жүйеге көшкен. Егер баланың жасы қыркүйек айына дейін беске толып қойса, ол автоматты түрде балабақшаның базасынан шығарылып, мектептің базасына енгізіледі. Ал егер бала қазан немесе қыркүйек айында беске толатын болса, онда ол біздің базада қала береді. Бірақ ата-анасы мектепке береміз десе, базадан өзіміз шығарамыз.
Қазіргі таңда балабақшада тәрбиешілердің ұстанымы ауысқан. Ол балаларға басшы емес, білім беру қызметінің тең қатысушысы. Мұндай оқыту баланың интеллектуалды қабілеттілігін айтарлықтай шамада анықтайды. Балалардың мінезін қалыптастыруға, байланыс тілді, логикалық ойлауды, дүниетанымды дамытуға, сыни ойлауды қалыптастыруға және жеке мүмкіндіктерді беретін дамытушы орта құруға мүмкіндік береді,- дейді Сәуле Талғатқызы.
Мектепке дейінгі шақ адам өміріндегі ең маңызды кезең болып келеді. Өйткені осы кезде баланың бойындағы табиғи бар дарыны, қабілеті жан-жақты дами бастайды. Сондықтан осы шақта балалармен анағұрлым жан-жақты дамытушылық әрекеттер жүйелі жүргізілсе, жұмыс соншалықты нәтижелі болады. Тәрбиелі, білімді ұрпақ балабақшадан мектепке дайын шәкірт болып шығады.
Балабақша – барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы. Мұндағы тәрбие мен білім балалардың табиғи мінезін, қабілетін ерте жастан дамытады. Бала – болашағымыз, бала – қуанышымыз. Ендеше мектепке дейінгі үздіксіз тәрбиемен, біліммен қамту басты қазіргі педагогтардың басты мақсаттарының бірі екенін қуана айта аламыз.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close