Basty bet
Ұстаз – рухани тәлімгер
Хазіреті Әли «Кім маған бір әріп үйретсе, мен соның құлы болуға дайынмын. Мені қаласа сатып жіберсін, қаласа басыма бостандық берсін, қаласа құл етіп алсын» деген екен. Сөзіміздің басын Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың сәлемі мен салауаты болсын) «білімнің қақпасы» деп атаған ұлы тұлғаның сөзімен бастағандағы мақсат ұстаздық етудің қаншалықты мәртебелі мамандық екенін түсіну.
Жерлесіміз, даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» деп ұстаздарға баға берген.
Демек, ұстаз болу – мәртебе, құрметті мамандық, әрі үлкен жауапкершілік. Шәкіртті тәрбиелеудің артында қоғамды тәрбиелеу деген ұғым тұр. Дана халқымыз сол себептен де «ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деп айтса керек. Ұстаз шәкіртке белгілі бір ғылым берумен ғана шектелмейді, ол шәкіртіне рухани тәрбие де береді. Өйткені, ұстаз өзінің бойындағы әдебімен, көркем мінезімен, сабырлылығымен, кәсіби біліктілігімен және жақсы мінез-құлқымен көпшілікке үлгі-өнеге көрсетеді.
Алла Тағала Құран Кәрімде «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат алады» деген. Ал, ардақты Пайғамбарымыз (Алланың сәлемі мен салауаты болсын) «Ілім үйреніңіздер, ілімге қажетті байыптылық пен байсалдылықты да қоса үйреніңіздер. Сіздерге ілім үйреткен кісіні құрметтеңіздер, сыйлаңыздар» деп айтқан. Осы аят пен хадистерде Алла да, елшісі де білім иелерінің артықшылығын айқын көрсетіп беріп отыр. Ілімді үйренуде байыптылық пен байсалдылықты да үйренуге үндейді.
Адам баласының қоғамдағы орны оның білім деңгейімен өлшенеді дейтін болсақ, осы жердегі «білім» сөзіне терең мән беріп қарауымыз керек. Әр нәрсенің киімі болғаны сияқты ғылым-білімнің де өз киімі бар. Ол – рухани тәрбие. Онсыз алған білім киімсіз адам тәрізді. Әдепті болуды үйретпей берілген білімнің адамға апат әкелетінін бұрынғы ғұламаларымыз айтып кеткен. Батыр Бауыржан Момышұлы бір сөзінде «мәдениеттілік адамның үстіне киген қымбат киімінде немесе мінген көлігінде емес, маймылға қымбат киім кигізіп, қымбат көлікке отырғызып қоюға болады, бірақ одан маймыл мәдениетті болып кетпейді» деген екен.
Мұнымен айтқымыз келгені, ұстаз шәкіртіне көркем мінез, әдептілікті үйретуі керек. Ол баланың бойына имандылықты, ата-анаға құрметті, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсетуді сіңіруі керек. Ұлтжандылық, отансүйгіштік секілді қасиеттерге баулу қажет. Бұл айтылғандардың барлығы балаға құр жалаң сөзбен берілмейтіні де белгілі. Айтылған қасиеттер әлбетте ұстаздың бойынан, әрбір ісінен, отырысынан, жүрісінен, тұрысынан көрініп тұруы керек. Сонда берілген білімнің зая кетпесі даусыз.
Бір ұстаз шәкіртін ертіп базарға барады. Сөйтіп базар аралап келе жатса, бір бейтаныс адам ұстазды көрсетіп «қараңдар, кәпірлердің басшысы келе жатыр» деп айқай салыпты. Шәкірті ашуға булығып әлгі адаммен жанжалдаса жөнеліпті. Сонда ұстазы шәкіртіне: «Егер дауласуды тоқтатып кетіп қалатын болсаң, саған келеңсіздіктерден құтылудың жолын көрсетемін», – депті. Содан шәкірті дауды тоқтатып қайтып кетеді.
Кейін ұстазы қайтып келгенде, бірнеше қораптарды көсетіпті, оның іші әртүрлі хаттарға толы екен. «Мына хаттарға қарашы, бірі «исламның шейхы» деп бастайды, бірі «ұлағатты ұстаз» деп бастайды, бірақ бұл айтылғандардың бірде-біреуіне мен лайық емеспін. Адамдар басқа адамды қалай көрсе, солай атайды, кешегі базардағы кісі де солай, ал сен оған ашуланып жатырсың» депті.
Әрбір ұстаз шәкіртіне осылай әрдайым дұрыс жол көрсетіп, тәрбие бере алуы керек. Білім нәрімен сусындатқан шәкіртіне кітаптағы ғылымды үйретумен шектеліп қалмай, оның жандүниесінің де баюына атсалысу қажет.
Сөзіміздің соңын хакім Абай атамыздың бір шумақ өлеңімен қортындылауды жөн көрдік.
«Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға».
Ғалымжан Қонақбаев,
аудандық Зиябек Толымбайтегі мешітінің бас имамы