Basty bet
Алма бағы жайқалған…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы егемен елімізді одан әрі дамытудың, биік табыстарға жеткізудің стратегиялық жолы.
Ел Президенті өз Жолдауында қордаланған мәселелерге тоқтала келе, ауыл шаруашылығы саласын да айналып өтпеді. Еліміздің дамуында маңызды рөл атқаратын ауыл шаруашылығы саласын дамытпай, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосыла алмайтындығымызды атап өтті.
Асыраушы саладағы бірқатар өзгерістер жайында айтып, жаңа ұлттық жобаны әзірлеуді тапсырған болатын. Сонымен бірге Жолдауда ауыл шаруашылығында кәсіби мамандардың жетіспеушілігі, суғару технологияларының ескіргендігі туралы да баса айтылды.
Одан бөлек, Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында ауыл шаруашылығы саласын назардан тыс қалдырған емес. Сонымен бірге, шаруаларға мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер де қарастырылған. Ал біздің Жуалы ауданын аграрлы аудан деп айтуымызға болады. Жуалының шұрайлы топырағына шаншыған шыбықтан шынар өсіп шығатыны жайында бұған дейін қаншама рет айтылған шығар. Біз де осыны қайталаудан танбаймыз. Өйткені, жасыл желегі жайқалған аумақтың көз жауын алатыны ақиқат. Әрі сулы да нулы өлкенің бағы мен бары да осы табиғи келбетінде болса керек.
Қазір бұл тұмса сұлулыққа қолмен егілген бақтар сән бере бастады. Яғни Жуалы өңірі қарқынды бақ өсіру мен жеміс ағаштарының санын көбейту жөнінен алдыңғы қатардан орын алатындығы жасырын емес.
Бүгін біз Қызыларық ауылдық округіне қарасты Сұрым ауылындағы «Қуана-Бер» шаруа қожалығының жайқалған алма бағы туралы әңгімелейтін боламыз. Естеріңізде болса, өткен жылы бұл шаруа қожалық өңірдегі қуаңшылыққа қарамастан сарымсақ өсіріп, мол табысқа кенелгендігі туралы жазған болатынбыз.
Енді бүгін шаруа қожалықтың иесі, ірі кәсіпкер Жарқын Қалтаев жайқалған алма бағы туралы кеңінен әңгімелеп берді.
Кәсіпкердің айтуынша, ол бұл алма бағын биылғы жылы сатып алған екен. Бүгінде алма ағаштарының барлығы өз жемісін жақсы берген, барлығы да көздің жауын алатындай жайқалып тұр. Мұнда, аппорт, привосход, циганка, голден аталатын алманың сорттары бар. 200-300 түп жаздық алма болса, қалғаны күздік-қыстық алмалар.
Біз алма бағына барған күні қызу еңбектің үстінен түстік деуге де болады. Себебі, мұнда Жарқын Қалтаевтың жетекшілігімен 40-қа жуық мектеп жасындағы балалар және егде жастағы қыз-келіншектер алма жинастырып, арнайы қораптарға салып жатыр екен. Балалар мәз-мейрам күйге енген. Еңбектеріне қарай ақыларын күндігіне алады. Еңбекқор балаларды көргенде көңіліңе жылулық сезімі ұялайды. Өйткені, балалар ата-анасына қолғабыс болып, табыс тауып қыркүйек айында басталатын жаңа оқу жылына мектеп формаларын, тағы да басқа керек жарақтарын өздері сатып алады.
– Бұл әлі бастапқысы, – деп бастады сөзін Жарқын Қалтаев. – Қыркүйек айында Сұрым, Ақтөбе ауылынан жұмыс істеуге ниет білдірген азаматтардың барлығын маусымдық жұмысқа қабылдаймыз.
Алдағы уақытта алманы өңдейтін, алмадан шырын дайындайтын үлкен зауыт ашу жоспарда бар. Ондағы мақсат – ауданымыздың гүлденіп, дамуына титтей де болсын өзіндік үлесімді қосу. Сондай-ақ, өздеріңізге белгілі даланың баласы қалаға қашатын уақыт болды. Бір жағынан жастарды ауылда тұрақтандыру үшін де осындай үлкен зауыттарды іске қосып, жастарды тұрақты жұмыспен қамтысақ, жас буынның ауылға деген қызығушылығы артар еді, – дейді Жарқын Орынбасарұлы.
Ірі кәсіпкер ендігі кезекте алма бағына электр сымдарын тарта отырып, жарықтандыруды ойлап отыр. Осы орайда мемлекет тарапынан көмек болса деген ойын да жасырмады. Сонымен бірге келер жылдың қаңтар айында, алма ағаштарын түгелімен бұтап, топырағын құнарландыру үшін де бірнеше тәсілдерді қолданып көретіндігін айтады.
Шаруаның алға қойған жоспарлары мен мақсаты айқын. Жерді игеруді, тиімді пайдалануды, ең бастысы ауданның дамуына үлесін қосуды көздеп отыр. Сонымен бірге, кәсіби мамандарбен бірге жұмыс істей отырып, кәсібін одан әрі дамытуды ниет етуі оңды шешім.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»