Basty bet

“Бақытты басқадан емес, баладан ізде”

Өмірде перзент сүюден асқан бақыт болуы мүмкін емес, бала – отбасының шаттығы, өмірдің мәні, тіршіліктің тірегі. Бала – әрбір үйдің айнасы. Сондықтан бірінші кезекте баланың тәрбиесі тұруы керек. Оған ата-ана тікелей жауапты болғандықтан олардың алдында иманды, салиқалы, білімді ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұрады.

Осы ретте, отбасылық, ағайындық, туыстық, қарым-қатынастарды үйрететін, қазақ шаңырағына тән, жазылмаған қағидалар  – әдептілікке тәрбиелеудің үлкен мектебі деп санайтын Қайрат ауылының тұрғындары Қырғызбаевтар отбасы “Бақытты басқадан емес, баладан ізде” деген өсиетті сөзді өмірлік ұстанымы ретінде ұстанады.

Олар балаларын адалдыққа, адал еңбек етуге, қанағатшыл болуға, бауыр бәрінен де қымбат деген қағидамен тәрбиелейді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету адамның жоғары адами қасиеттері екені айтылып, ұлттық құндылықтармен сусындатады.

Қырғызбаевтар отбасының отағасы Көркембай Мекембайұлы бүгінгі таңда мал және егін шаруашылығымен айналысуда. 2013 жылдан бастап шаруа қожалықтың ісін қолға алып, төрт гектарға жуық жерге картоп егіп, сегіз гектарға дәнді дақылдар себеді. Жылқы бағып, мал бордақылаумен де шұғылданады.

-Қайрат ауылында туып-өстім. Мәскеу қаласында әскери борышымды өтеп, Алматы автомобиль жол құрылыс институтында оқыдым. Тәуелсіздік алған жылдары аудандық полиция бөлімінде учаскелік полиция қызметін атқарып, кейіннен Мыңбұлақ орта мектебі директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істедім. Қазіргі таңда шаруашылықтың жұмысын қолға алып, отбасылық кәсіппен айналысып отырған жайымыз бар.

Әкем Мекембай мен анам Балайым “Ленин” колхозында еңбек етіп, зейнетке шыққан. Анамыз өмірге үш қыз, бір ұлды әкеліп, тәрбиеледі. Менің ақ жаулықты ардақты ана атанып отырған Несіпкүл, Күлімхан, Гүлсағат есімді бауырларым бар. Әкеміз өте сауатты жан еді. Кітап, газет-журнал көп оқып, шежірелерді жақсы білетін. Кішіпейіл, ақкөңілді, жаны баладай таза еді. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын. Газеттің қиындыларын жинап, онымен бөлісіп отыратын еді. Арасында күнделік жазып, уақытын босқа өткізбейтін. Жаңа таралған газетті бірінші қуана алып келіп, ішін оқып шыққанша тыным таппайтын. Міне, осындай адал жанның ұрпағын жалғастырып, бүгінде өзіміз балаларға тәлім-тәрбие беріп отырмыз. Бірінші баланы емес, өзіңді тәрбиелеуің керек деп ойлаймын. Үйдегі перзенттеріміздің ойымен үнемі санасып, жаман әдеттен аулақ болуға шақырамын. Намазымызды оқып, имандылыққа тәрбиелейміз,  – дейді отағасы Көркембай аға.

Ана – отбасының берекесі, өмірдің шуағы. Әрбір ана отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбиінің жыламауын тілейді. Қырғызбаевтар отбасының отанасы Қаракөз Тұрсынқызы бұл ойымызды құптайды. Ұлттық тәрбиемен ата-әжесінен сусындаған ол халқымыздың ұлттық құндылықтарын жоғары қояды. Әсіресе, әйел отбасының жылулығы мен берекесі екенін өмірлік қағидаты ретінде ұстанып, қонақжайлылық пен кішіпейілділікті ұмытпайды. Әрдайым дастарқанда ұлттық тағамдар мен сусындары қойылып, табиғи өнімді тұтынуды жөн санайды. Жыл сайын “Наурызкөже” таратып, “Қымыз мұрындық” жасап, уыз шай беріп, құран оқытуды да дәстүрге айналдырған. Бұл – оның көпті көрген көрегенді қариялардың тәрбиесімен сусындап, бағыт-бағдар алғанының жемісі болар.

-“Қарты бар үй қазыналы” демекші, мені үш айлық кезімнен нағашы ата-әжем бауырына басып, тәрбиеледі. Аяқтандырып, тұрмысқа беріп, ата-ана міндетін орындап берді. Бұл шаңыраққа келгенімде де өнегелі қариялардың батасын алып, келіндік міндетімді атқардым. Ата-енем қонақжай әрі тазалықты жақсы көретін. Бүгінде өзіміз де шаңырағымызға келін түсіріп, қыз ұзатып, немере сүйіп отырмыз. Немере сүю ең керемет сезім. Баладан немере тәтті, – дейді отанасы.

Ұстаз Қаракөз Тұрсынқызы бүгінгі таңда балаларға білім мен тәрбие беру үрдісіне үлесін қосып, Диқан орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етуде. Ол жуалылық ақын Бауыржан Үсеновтың жақсылығын көріп, хат алмасып тілдескенін мақтанышпен балаларына айтып отырады екен. Кезінде ақын Бауыржан Үсенов аудандық байқауда бала Қаракөздің мәнерлеп оқыған “Жетімнің монологы” деген туындысын тыңдаған соң арнайы мектепке іздеп барыпты. Үздік оқушыны Алматы қаласындағы Дарынды балалар мектеп-интернатына оқуға түсуіне ықпал жасайды. Қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсыновамен таныстырып, шәкіртін аманаттайды. Осылайша, ол дарынды балаларға арналған мектепте білім алып, ақынмен жиі хат алысып тұрады. Сабаққа қатысты сұрақтарын жіберіп, соның жазған жауабын негізге алып, емтиханнан сүрінбей өткен екен. Міне, бұл отбасының ерекшелігімен таныса отырып. желтоқсаншы, ақын Бауыржан Үсеновтың өнерді, білімді жастарды бағалап, жерлестеріне қамқорлық жасағанынан біз де хабардар болдық.

Осындай жақсы-жайсаңдардың шарапатын көрген Қаракөз Тұрсынқызы “әрдайым бақытымды басқадан емес, баладан іздеймін. Перзентіміздің жақсы азамат болып, адал еңбек еткенін көру –  біз үшін үлкен бақыт” дейді.

Адалдыққа тәрбиеленген бала қашанда тура жолды таңдап, жақсы азамат болары сөзсіз. Осы ретте, Көркембай аға мен Қаракөз жеңгей үйелмелі-сүйелмелі екі ұл, екі қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеуде. Тұңғыштары Таңшолпан байланыс саласын таңдаған. Шымкент қаласына тұрмысқа шығып, үш баланың аяулы анасы атануда.

Ұлдары Мырзатай аудандық полиция бөлімінде учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны болып ауданның тыныштығы мен қауіпсіздігіне өз үлесін қосып жүр. Ол өткен жылы “Жуалы жайсаңдары” байқауының “Үздік полиция инспекторы” номинациясына ие болған. Одан бөлек, ҚР Ішкі істер Министрінің Алғысхаты мен “Халық алғысы” медалімен марапатталған. Өмірлік жары Диляра екеуі Хантөре есімді перзент сүйіп отыр. Ал, Мұратай Ақсай ауылдық округінде жастар ісі жөніндегі инспекторы болып, елді мекеннің жастарымен жұмысты үйлестірсе, қыздары Жібек №15 мектеп-лицейінің 8 сынып оқушысы.

Мақаламызды Қырғызбаевтар отбасының үлкен ұлы Мырзатайдың “Үлкен бақыт – қандай жағдай болсын сені жақсы көретін, бар кемшілігіңмен қабылдай алатын адамдардың барына сенімді болу. Ал ондай адамдар – әрқашан сенің үйіңде, яғни, ата-анаң мен бауырларың. Өмірде бақытты адам бақытты отбасынан шығады” деген сөзімен аяқтауды жөн санадық. Иә, шындығында бұл отбасы бақытты отбасы саналады. Себебі, олар бақытын баладан іздеп, өмірін балаларының жақсы азамат болуымен байланыстырады.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close