Basty bet

Жіті ішек инфекцияларының алдын алу шаралары және алғашқы көмек көрсету

Жедел ішек ифекциялары – бұл бактериялар, вирустар, қарапайымдылар тудыратын және балалар мен ересек адамдарда ішек қызметінің бұзылуымен (диарея) сипатталатын жұқпалы ауру. Жұқпалы жедел ішек ауруларынының бас көтеретін мезгілі жаз айлары болып есептеледі. Ішек инфекциясы-жұқпалы ауру. Инфекция ауыз арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп жетіледі де, микробтары нәжіспен ілесіп, сыртқы ортаға тарайды. Инфекция гигиеналық тазалықтың төмен дәрежеде болуынан, азық-түліктерден, жуылмаған көкөністерден, пісірілмеген сүттен, сапасыз тағамдарды пайдаланғаннан, шала пісірілген тағамдарды қолдану, ауызсуды қайнатпай ішкендіктен жұғады. Жаз айларында инфекцияны шыбындар таратады.
Аурудың алғашқы белгілері: іштің жиі-жиі судай өтуі, дене қызуының көтерілуі, асқа тәбеттің болмауы, шөлдеу, құсу, бас ауру, жалпы әлсіздік, ауырсыну, дәретіне қан қоспасының немесе кілегейдің пайда болуы. Науқаста қайталамалы құсық, іш өткен сайын жағдай ауырлай түседі. Өйткені, организм өзіндегі тіршілікке қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Аталған клиникалық белгілер пайда бола бастаса дәрігерге көрінуі керек. Мұндай кезде дәрігер келгенше немесе жеткенге дейін біраз уақыт кетеді. Сондықтан, мүмкіндігінше ем жасай бастаған жөн. Ол үшін сұйықтықты мол, көбірек ішкен жөн. Өздігінше емделу аурудың асқынуына әкеліп соғуы немесе созылмалы формаларына ұласуы мүмкін. Антибиотик қабылдау сырқаттың клиникалық сипатын өзгертеді, мұның өзі дұрыс диагноз қоюды қиындатады.
Алдын алу шаралары:
Ішек инфекциялары – кір қолдың ауруы.Оның алдын алу үшін:
-жеміс-жидектер мен көкөністерді ағынды су астында жақсылап жуғаннан кейін пайдалану;
-өнімдердің жақсылап қуырылып, қайнатылуына көңіл бөлу;
-дайын тамақты пайдалану кезінде оның исіне, дәміне мұқият мән беріп, тез бұзылатын тағам өнімдерін тоңазытқышта сақтау;
-суды тұтынар алдында міндетті түрде қайнатыңыз немесе шыны бөтелкедегі суды ішіңіз.
2023 жылдың эпидемиялық маусымында жіті ішек инфекцияларының алдын алуға бағытталған 3-айлықты өткізу туралы №124/198-ә 5 мамыр 2023 жылдың «Инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы бекітілген.
Міндетті түрде жеке бастың тазалығын сақтау қажет. Кей жағдайларда ауру өте ауыр түрде өтіп, өмірге қауіп тудыруы мүмкін.
Біздің әрқайсысымыз өзіміздің денсаулығымызды және айналамыздағы басқа адамдардың денсаулығын қорғауға жауапты екенімізді сезінуіміз керек.

Мөлдір Оңалбекова,
санитарлық эпидемиологиялық
қызмет маманы

Таңдаулы материалдар

Close