Basty bet

Қоршаған ортаға деген құрметіміз төмендемеуі керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды», деп атап көрсеткен еді. Президент сондай-ақ бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасы өңірде кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда.

Елімізде орман қоры небәрі төрт-ақ пайызды құраса, орман алқабы алты миллион гектардан аспайды. Ал оның дені Жамбыл облысында орналасқан. Соңғы кездері тал егу дәстүрі еліміздің түкпір-түкпірінде қолға алынып, тиянақты мән берілуде. Мұның өзі қоғамға пайдасы зор игі бастама. Бұл бағытта көптеген жобалар қолға алынып, жоспарлы жұмыстар атқарылуда.
Экологиялық және биологиялық әркелкілікті сақтауда табиғаты көркем Жуалы ауданында да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бұл шаруамен аудандағы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі табысты айналысуда. Мекеме 2002 жылы облыс әкімдігі қаулысының негізінде құрылған болатын. Бүгінгі таңда аталған мекемені өткен жылдан бері Мәди Нұралиев басқарып келеді.
-Дана халқымыздың «Бір тал кессең – он тал ек», «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қағидалары тал егудің адамзат тіршілігі үшін аса бір маңызды, қажетті іс екендігінің дәлелі. Біздің мекемеге қарасты орман қоры 103 861 гектар алқапты құрайды. Оның ішінде 73629 гектары Қоянды, 30232 гектары Жуалы орманшылығы қаумалдарына қарайды. Мекеме алғаш құрылған кезде 17 адам ғана жұмыс істесе, қазіргі таңда қызметкерлер саны 72 адамға жетіп отыр. Бүгінгі таңда мекемеде дипломды мамандар саны артып келеді. Олар орманды күзету, қорғау, молықтыру және орман пайдалану жұмыстарын жауапкершілікпен атқару үстінде, – дейді мекеме басшысы.
Мекеме басшысының айтуынша, орманшы-қорықшылар арнайы киім-кешекпен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, оларға бес дана «Байкал» тапаншасы мен бір мылтық беріліпті. Сондай-ақ орманшы-қорықшылар жеті үймен және үш тұрғын екі вагонымен қамтамасыз етілген. Орманшылар төрт трактор, 10 автокөлік, мотоцикл және кіші өрт сөндіру кешенімен, алты мініс атымен және 16 рациялық байланыс құралдарымен қамтылған.
Орман өсімін молықтыру жұмыстары бойынша өткен жылы 288 килограмм қарағаш тұқымы жиналып екі гектар алқапқа, 850 килограмм сексеуіл тұқымы жиналып 7,5 гектар алқапқа себілген. Бұдан бөлек, былтыр мекеменің орман қоры жерінде 500 гектар алқапқа 1 миллион 562,5 мың дана сексеуіл көшеттері отырғызылған. Бір гектар тұқымбаққа қарағаш тұқымы, Қоянды орманшылығында 2,5 гектарға сексеуіл тұқымы себілген. Ақсай айналымына 1500 дана қылқанжапырақты ағаш көшеттері отырғызылған. Сондай-ақ былтыр Қоянды орманшылығына 125 гектар алқапқа 225 мың дана сексеуіл екпелері егілген. Жалпы орман екепелері басқа аудандарға да үлестірілуде. Атап айтсақ, соңғы екі жылда Жуалы орман шаруашылығы Меркідегі әріптестеріне – 464 мың, Ақыртөбе мен Байзақ орман шаруашылығына 200 мың қарағаш көшеттерін берген. Бұдан бөлек, аудан орталығындағы «Жастар аллеясына», ауылдық округтерге, ауданның орта мектептеріне, Шерхан Мұртаза атындағы саябақты көгалдандыру, абаттандыру үшін екі мың дана сәндік ағаштарын бөлген. Бір ғана Шерхан Мұртаза саябағы ашылғаннан бері онда мекеме тұқымбағынан өсірілген 20 мыңнан аса ағаш көшеті отырғызылыпты. Қазіргі таңда олардың барлығы тамыр алып, жайқалып өсіп келеді. Әрбірден кейін оны күтіп-баптау мекемеге сеніп тапсырылыпты.
Президент Жолдауында айтылғандай орман қорына екпе көлемін көбейту мақсатында биыл 620 гектар алқапқа1 миллион 937 мың дана сексеуіл көшетін отырғызу жоспарлануда. Қазіргі таңда жер дайындау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 1500 дана қылқанжапрырақты ағаш көшетін, ал 2021-2025 жылдар аралығында 3695 гектар алқапқа сексеуіл көшетін отырғызу көзделген.
Аудан аумағында екі ерекше қорғалатын табиғи аумақ жұмыс істейді. Олар – «Берікқара» және «Жуалы-Қарашат» қаумалдары. «Берікқара» мемлекеттік қаумалының аумағы 17 500 гектарды құраса, «Жуалы-Қарашат» қаумалының жалпы көлемі 148 300 гектарды алып жатыр. Өте сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлар дүниесінің қорғалуына, өсімінің молаюына мекеме мамандарының қатысуымен «Берікқара» және «Жуалы-Қарашат» қаумалдарында тоғыз рет мониторинг жүргізілген. Үздіксіз бақылаудың арқасында арқарлардың саны көбейген.
Өткен жылы жабайы аңдар санағы жеті рет жүргізілсе, сирек кездесетін және жоғалып бара жатқан жануарлардың мекендейтін ортасына екі рет мониторинг, жануарлар дүниесін қорғауға 16 рейдтік іс-шара жүргізілген. Жабайы жануарларға жыл сайын көктем-қыс мезгілдерінде минералдық азық тұз, жем, шөп тұрақты шашылып тұрады.
-«Берікқара» қаумалында Қызыл кітапқа енген ерекше құнды ағаш-бұта және шөптес өсімдіктердің 50 аса түрін, жануарлардан – арқар, үнді жайрасы кездестіруге болады. Республикалық маңызы бар «Берікқара шатқалы» мемлекеттік табиғи қаумалын күзету ерекше назарда. Мұнда Берікққара терегі мен Қаратау арқары бар. Қаратау арқарына жыл сайын санақ жұмыстары жүргізіледі. Онда 6 орманшы қорықшы жұмыс істейді. Өткен жылы бір заңсыз аңшылық фактісі тіркеліп, қару тәркіленіп, сотқа жіберілген. Балықтарды және жануарлар әлемі ресурстарын қорғау бойынша мекеме қызметкерлері рейдтік тексерістерге шығып тұрады. Бүгінгі таңда, заңсыз балық және аң аулау бойынша 7 хаттама толтырылған. Аң аулау бойынша толтырылған хаттама сотқа жіберілген. Жалпы 91,9 мың теңге айыппұл салынып, өндірілді. Өткен жылы мекеме қызметкерлері 50 рет рейдке шықты. Барлығы 33 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды. Жалпы 450 мың теңгеге жуық айыппұл салынды. Оның 90 пайызға жуығы өндірілді. Мемлекетке келтірілген залал -150 мың теңгені құрады, – дейді Мәди Нұралиев.
Қоянды орман қоры жерінің орманмен көмкерілген тұсы 50 506 гектарды құрайды. Мекеменің орман қоры солтүстіктен оңтүстікке қарай 100 километр, шығыстан батысқа қарай 80 километрді алып жатыр. Оның басым бөлігі жазық дала болса, 29 пайызы таулы өңірлерде орналасқан. Жуалы орманшылығы Түркістан облысындағы «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығымен шектеседі. Аудан аумағындағы Берікқара шатқалы мен Көксай аумағы жер жағдайы бойынша туристік кластерді дамытуға лайық орындар болып саналады. Мекемеге қарасты аумақта Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген және сирек кездесетін өсімдік түрлерінен жіңішке Штубендорфия, Регель алмұрты, Тянь-Шань жоңышқасы, Бесмүйіз скперотиория, таусағыз, көктікен, Корольков бәйшешегі, сондай-ақ, Грейг, Кауфман қызғалдақтары өседі. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ санатына енгізілген Берікқара мемлекеттік қаумалында сирек кездесетін әрі жойылып бара жатқан Берікқара терегі, сондай-ақ, ақ тұт, Грейг, Кауфман қызғалдағының сирек кездесетін түрлері ұшырасады.
Жануарлар дүниесіне келер болсақ, Алатау арқары, тауешкі, елік, жабайы шошқа, аю, қасқыр, түлкі, жайран, қоян, түлкі, мәлін, дуадақ, бүркіт, қаршыға, бозторғай, басқа да аң-құстардың алуан түрлері мекендейді. Берікқара шатқалында Қаратау арқары кездеседі. Орманшы-қорықшылар Қаратау арқарларын жоспарлы түрде санақтан өткізіп, олар мекендейтін өңірлерге тұзжалаққа тұз салып отырады.
2020 жылы облыс әкімінің арнайы қаулысымен облыстың Жуалы, Талас және Жамбыл аудандарының территорясында «Жуалы-Қарашат» жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалы құрылған болатын. Онда да жануарлар мен өсімдіктер дүниесі өте бай. Атап айтқанда, онда Қаратау арқары, тау сусары, бүркіт, Үнді жайрасы, безгелдек, қарабауыр және ақбауыр бұлдырық, ұзақ, дуадақ, Сібір елігі, борсық, тағы басқа аң-құстар бар. Осыншама табиғат байлығын қорғауға, көздің қарашығындай сақтауға Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі ұжым болып барлық күш-жігерін біріктіріп, жұмыс істеуде.
-Бізде жақсы мамандар, өз жұмысына берілген орманшы-қорықшылар жұмыс істейді. Солардың қырағылығы арқасында орман қорындағы аңдар мен құстарды аман сақтап, Қызыл кітапқа енген өсімдіктердің жоғалып кетуіне жол берілмеуде. Осы жұмыспен мекеме ашылғалы жұмыс істеп келе жатқан аға орманшылар Қанатбек Шоматаев, Қалмахан Қолаханов, Ринат Мәдібекұлы мен Мүсірепбек Жаманқұловтың табиғатты қорғауда қосқан үлестері зор. Ал олардың тәлім-тәрбиесін бүгінде жастар Қанатбек Тәшекеев, Бағдат Орманалиев, Мадияр Дәуітов, Саябек Төлеев пен Азамат Зият алуда, – дейді мекеме басшысы.
Табиғат пен орман қорының басты жауы ретінде орман өрттерін айтуға болады. Мекеменің осы бөліміне жауапты, орман өрт сөндіру стансасының басшысы Нұржан Әбіқаевты реті келіп тұрған сәтте сөзге тарттық.
-Қандайда бір өрт оқиғасы орын ала қалса мекеме қызметкерлері бір кісідей онымен күресуге жұмылады. Маған қарасты бөлімдегі мамандар өз жұмыстарын жақсы біледі. Өз міндеттерін жауапкершілікпен орындап келеді. Бізде өрт оқиғасы көбінде мекеменің Мойынқұм өңіріндегі «Қоянды» орманшылығында болады. Алдыңғы жылы онда найзағайдың салдарынан үлкен өрт оқиғасы орын алды. Оны сөндіруге 30 адам, 8 техника қатысты. Бұл табиғи құбылыс өз кезегінде орманшылыққа едәуір зиянымен елеулі шығын келтірді. Осыған байланысты өрттің қауіпті кезеңінде тәуліктік кезекшіліктер ұйымдастырылады. Орман қорындағы орманшылықтарда бес өрт бақылау бекеті жұмыс істейді. Онда өрт бақылау мұнараларын орнатуды қажет етеді, – дейді ол.
Ал мұндағы орман күзетіне мекеменің аға орманшысы Қалмахан Қолаханов жауапты. Оның айтуынша, өткен жылы орманды қорғау, күзету іс-шараларын орындауда орман заңдылықтарын бұзған 33 тұлғаға хаттама толтырылыпты. Оларға 450 мың теңге айыппұл салынып, толығымен өндірілген.
«Өкінішке орай, халық арасында біле тұра заң бұзуға баратындар азаймай отыр. Қаскөйлермен күрес ешқашан тоқтаған емес. Әркім орманды, өзі өмір сүріп жатқан табиғатты қорғауға тиісті. Кейбіреулер орман қорына демалуға келіп, артына күл-қоқысын шашып тастап кетеді. Оны біз жинаймыз. Үстінен түссек өздеріне тазалатамыз. Адамдардың табиғатқа деген құрметі төмендемеуі керек. Осы жағына келгенде азаматтарымыздың түсінігі кемшін түсіп жататыны өкінішті», дейді ол.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close