Basty bet

Бидай – қырда, күріш – Сырда. Құлпынайдың ғажабы – Жуалыда!

Жуалы өңірі бармағынан бал тамған, өнерлі еңбекқор жандарға бай өлке. Мал, егін, сүт, қолөнер т.б. кәсіп түрлерін алға дөңгелетіп отырған ұлағатты еңбек адамдарының аудан тұрғындарын қажетті өнімдермен қамтамасыз етіп отырған мақтанарлық жағдай. Әсіресе, ауданның үлкен ауылдық округтерінде шағын кәсіп көздерін тапқан кәсіпкерлердің қатары көп. Сондай еңбекқор отбасының бірі – Нұрлыкент ауылдық округінде тұратын Нұрғали Іңкәрбаев пен Зағира Рахманова.
Бұл отбасы өркендетіп отырған кәсіп басқаларынан ерекше. Өйткені, құлпынайды баптау – шыдамдылық пен тиянақтылықты талап етеді. Сұраныс жоғары әрі дәмі тіл үйіретін құлпынай өсіру – кәсіпкерлікте жақсы табыс әкелетін кәсіптің бір түрі.
2021 жылы баласы Рымғалидың бастамасымен құлпынай көшетін сатып алып, үш жыл ішінде 25 соттық жерге егеді. Отбасы жылына шамамен бір тоннадай құлпынай тереді. Байқағанымыздай, тәтті жидектің өсімі жаман емес. «Кей күндері 90-100 келіге дейін құлпынай тереміз. Бірақ алдын ала берілген тапсырыс негізінде жинап береміз» дейді, шаңырақтың түтінін түтетіп отырған ақ жаулықты ана Зағира Рахманова.
Кәсіпкер құлпынайдың «Черный принц» деп аталатын сортын отырғызған. Қар еріп, күн жылуы жерге тараған бойда гүлдеп, жидек түйінін сала бастайтын сорт – күзде алғашқы суық түскенше өнім береді. Аталған сорттан бөлек, Меркі ауданынан жемісі ірі «Альбион» сортты құлпынайды да отырғызып көрген шаруаның таңдауы «Черный принц» сортына түскен. Оның үстіне бұл сортты кәсіпкерлерден жылда тұрақты түрде құлпынай сатып алатын тұтынушылар да жақсы көретінін айтады.
«Құлпынай – өте нәзік жидек. Уақытында өзегін жұлып, суарып, қажетті мөлшерде қоректік заттар беріп тұрмасаң, солып қалады. Біздің дарқан өлкеміздің суы таза ғой, шіркін. Ауылдың арнасынан мөлдір су ішетін алқаптың көркемдігін қараңызшы. Құлпынайдың өсуін, өнім беруін жылдамдататын дәрілік қоспалар бермейміз. Себебі, ондай жидек қышқыл болады, сондай-ақ тосап жасауға жарамайды. Өнімнің табиғи жолмен жетілуіне мән береміз» деп, өз тәжірибесімен де бөлісті әулет иесі Нұрғали Іңкәрбаев.
Ерлі-зайыпты Нұрғали мен Зағира екі қыз, төрт ұлға саналы тәрбие беріп, мейірімін төккен ардақты да аяулы ата-ана. Қазіргі уақытта сегіз немере сүйіп ата-әжеге айналған жандар 50 жасты да еңсерді. Құлпынайды таңғы және кешкі салқынмен күніне екі рет теретін отбасы немерелерін де еңбекке баулып отыр. Жазғы демалыстарын ауылда құлпынай теріп, ата-апасының жанынында өткізіп жатқан үш балдырғанның қуанышында шек жоқ.
Сұхбат алу барысында еңбекқор жандардың өз істерін сүйетіні анық байқалды. Барлық сауалымызға жылы жүзбен жауап беріп, жаңадан қызыл реңге боялып келе жатқан құлпынайдан да дәм таттырды. Расымен де, өте дәмді. Жомарттық пен кеңпейілділік адам бойындағы ізгі қасиеттер.
Отағасы болашақта құлпынай алқабының көлемін ұлғайтып, Қырғызстан елінен құлпынайдың жаңа сортын әкелу туралы жоспармен бөлісті.
Айта кету керек, құлпынай – дәрумендерге бай жидек. Құрамында ағзаға пайдалы С дәрумені өте көп. Сондай-ақ жидекті дұрыс мөлшерде тұтынған жағдайда ағзаны қажетті көлемде темір, магний, калий, кальций, цинк, марганец, фосфор, кремний, мыс және йодпен қамтамасыз етуге болады. Сонымен қатар құлпынайдың көміртектері қан құрамындағы қантты көтермейтіндіктен, қант диабеті дертіне шалдыққан адамдарға тұтынуға рұқсат етілген. Жуырда құлпынай жидегінің қатерлі ісік жасушаларының өсуін баяулататын қасиеті бар екені анықталды.
Ал, еңбекқорлық пен мейірім, бауырмалдық пен махаббат үйлесім тапқан отбасыны Алла Тағала күш-қуаттан айырмасын. Кәсіптерінің ауқымы кеңейіп, өнімдерінің өсімі арта берсін дейміз!

Рашид КЕМЕЛБЕК
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,
қазақ журналистикасы ББ-ның ІІІ курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close