Basty bet
Спорт алаңшасының лентасы қиылды
жомарт түлек Талғат Тұрымбаевтың алтын ұя мектебіне тартуы
“Жомарт түлек” жобасы қолға алынғалы ауданымызда көптеген түлектер білім алған алтын ұя мектептеріне демеушілік жасап, игі істердің ұйытқысы болып, жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетуде.
Сәрсенбі күні №29 Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектепте “Жомарт түлек” жобасы аясында салынған спорт алаңшасының ашылу рәсімі өтті.
Заманауи спорт алаңшасын мектеп түлегі Талғат Тұрымбаев 25 млн теңгеге, яғни өз қаражатына салдырып берді.
Талғат Ералыұлы 1971 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында өмірге келген. Қазіргі таңда Сингапурдегі ” Kusto Group Pte.Ltd” компаниясының директоры.
Талғат Тұрымбаев 2022 жылы республикалық “Жыл меценаты” атағын иеленген.
Жомарт жан алтын ұя мектебімен үнемі байланыста. 2019 жылы мектепке 2 млн теңгеге 20 оқушы компьютері мен бір мұғалім компьютерін және 3/1 түрдегі принтер сыйлаған.
Ал, 2020 жылы мектептің спорт залына 240 мың теңгеге баскетбол щитын жасатып берді. Сонымен бірге осы жылы пандемия кезінде мектеп ата-аналары, оның ішінде тұрмыс жағдайы төмен 15 отбасына 50 теңгеден қаржылай көмек көрсетті.
2022 жылы күз мезгілінде 25 млн теңгеге мектеп жанынан оқушыларға арнап заманауи футбол, баскетбол және де бастауыш сынып оқушыларына арналған ойын алаңшасын жасатты.
Туған жеріне деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімі жоғары, іскер азамат Талғат Ералыұлы пандемия басталғанда аудандық ауруханаға жалпы 102 млн теңгеге реанимациялық құрал-жабдықтармен жабдықталған арнайы жедел жәрдем көлігі, дәрі-дәрмектер, медицина қызметкерлеріне керекті құрал-жабдықтар және 30 оттегі баллон алып беріп, үлкен сауап іс жасап, халықтың алғысына бөленген.
Мектеп жанына орнатылған заманауи спорт алаңшасында бүгінде мектеп оқушылары ойнап, игілігін көруде.
Спорт алаңының ашылу салтанатына аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов, Б.Момышұлы ауылының әкімі Керімхан Төреқұлов және бұқаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыру мекемесі директорының орынбасары Болат Жаңабаев қатысты.
Іс-шара қонақтары спорт алаңының лентасын қиып, тәттіден шашу шашылды.
Әнұран ойналып, игі тілектер айтылды.
Іс-шарада жомарт түлек Талғат Тұрымбаевтың мектебіне деген көмегіне, жас ұрпаққа үлгі боларлық биік патриоттық сезіміне, туған еліне, жеріне деген жанашырлығы мен сүйіспеншілікке толы жүрегі, ықыласы үшін алғыс білдіріліп, мектеп ұжымы мен оқушыларға құтты болсын айтылды.
Алаш арысы Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектептен әлі талай іскер, білімді, өнерлі, спортшы, кәсіпкер азаматтар түлеп ұшатына сенім білдірді.
Мектеп оқушылары споттық би билеп, патриоттық рухтағы әндер орындады.
Мектеп директоры Мұхамеджан Бейшенов оқушыларының спорттағы жетістіктері туралы айта келіп, жомарт түлек Талғат Тұрымбаевқа мектеп ұстаздары, оқушылары мен ата-аналардың атынан алғысын бідірді.
Шара соңынан алаңда 2009-2010 жылы туған 7-8 сынып оқушылары арасында шағын футбол мен стритболдан жарыстар өтті.
Аталған жоба аясында №13 Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектепте де түлектердің демеушілігімен көптеген игі істер жүзеге асуда.
Мектептегі жомарт түлектердің демеушілігімен атқарылған жұмыстар туралы мектеп директоры Азамат Әбеев айтып берді:
-2020 жылы мектепті заманауи үлгіде жабдықтау мақсатында мектеп бітіргендеріне 5, 10, 15, 20, 30 жыл толған түлектер демеушілікке тартылды.
Игі іске мектеп түлектері Ғабит Өтегенов, Әділет Сыздықбаев, Айдар Жетпісбаев, Ерлан Ракишев, Есен Берікбаев өз үлестерін қосты. Бұл іске мектеп ұжымы да үлес қосып, жалпы 1 млн теңге жиналып, мектеп ғимаратының бірінші қабаты заманауи үлгідегі ақпарттық бұрыштармен жабдықталды. Яғни, “Рухани жаңғыру”, “Ұлы даланың жеті қыры”, “Робототехника”, “Қолөнер”, тағы да басқа бұрыштар жасалды.
2021 жылы мектеп бітіргендеріне 30 жыл толған жеке кәсіпкер Айдар Жетпісбаев, Қалижан Сұлтанов бастаған 1981 жылғы түлектер Мемлекеттік рәміздер бұрышын заманауи үлгіде жасатып берді.
Сонымен бірге осы жылы мектеп бітіргендеріне 10 жыл толған түлектер 1 млн теңгеден аса қаржыға футбол алаңына жасанды газон төсеп, жарықтандыру жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ, мектептің әр жылғы түлектері екі млн теңгеге жуық қаржыға өрнектастар (брусчатка) алып берді және мектеп алаңын заманауи шамдармен жарықтандырды. Өрнек тастарды төсеуге мектеп ұжымы атсалысты.
Жалпы мектеп түлектерімен байланыс жасап, демеушілік жұмыстарды ұйымдастырған мұғалімдер қауымы мен мектебіне деген алғысын, ықыласын игі іспен көрсете білген барша жомарт түлектерге алғысымыз шексіз,- дейді мектеп директоры.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»