Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, өңірде 2024 жылдың өнімі үшін барлығы – 51 872 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Оның ішінде, жаздық арпа -27 521 гектар (нақты егілгені 27 531 га), майлы дақылдар -17 000 (егілгені 17 325), көпжылдық шөп -4 700 га, (егілгені 4 725), картоп -1 500, көкөніс -445, дәндік жүгері -100, бақша дақылдары -10, сүрлемдік жүгері -496 (егілгені 501 га), барлығы – 51 872 гектар алқапқа түрлі дақылдар егілген.
Алқаптан сапалы әрі мол өнім жинау үшін ең алдымен оған егілетін тұқымдық материалдың сапасына баса мән берген жөн. Ауыл шаруашылығы саласында тұқымның маңызы өте зор. Әсіресе, азықтық дақылдардың адам ағзасы мен деннің саулығына қауіпсіз болуы да тұқымның сапасына тікелей байланысты. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, өңір шаруалары кейінгі жылдары егістік алқаптарға сапалы тұқымның дәнін сіңіруге тырысып бағуда.
Иә, қасиетті Жуалы ауданын ақ бидайы жайқалып, төрт түлігі мыңғырған берекелі өңір дейтін болсақ, топырағы қасиетті, жері-суы дуалы, ауа таза өңір картоп егуге де өте қолайлы саналады. Табиғаттың осынау ерекшелігін жақсы білетін жергілікті шаруалар картоп алқабының көлемін ұлғайтуға да бар күш-жігерін жұмсау үстінде. Биыл өңір шаруалары барлығы -1 500 гектар алқапқа картоп тұқымын сіңірсе, оның 283 гектары Нұрлыкент ауылдық округіне тиесілі. Айта кету керек, ауылдық округке қарасты Түктібай ауылында ілгеріде «Бурненский» совхозында картоп өсіруші болып жұмыс істеп, айтарлықтай нәтиже мен жоғары жетістіктерге жеткен еңбек майталмандары көптеп кездеседі. Қазір олардың арасынан атақты картоп өсіруші, қадірлі қария, ауданның Құрметті азаматы Әбзелбек Тәтековтың ғана көзі тірі.
Картоп – екінші нан. Одақ кезінде дәмі ерекше тіл үйіретін ірімшігімен және ақ картобымен аудан даңқының алысқа тарап, өңір еңбеккерлерінің еңбегі еленіп, жоғары бағаланғанын жақсы білеміз. Кейіннен Одақ тарап, ұжымшарлар бөлінгеннен кейін өңірде шағын шаруашылықтар құрыла бастады. Ауданда Тәуелсіздіктің елең-алаңында құрылып, бүгінде аяққа нық тұрып, кемеліне келген шаруа қожалықтың бірі әрі бірегейі ретінде Түктібай ауылында орналасқан «Зылиха» шаруашылығын атап айтуға болады. Еселі еңбек пен жүйелі жұмыстың нәтижесінде аталған қожалық бірер жыл бұрын «Тұқым шаруашылығы» статусына ие болды. «Зылиха» шаруа қожалығы 2001 жылдан бастап картоп егумен және тұқым шаруашылығымен тұрақты айналысып келеді.
Жұмыс барысында кездескен қиындықтарды қажырлы еңбекпен еңсерген шаруашылық биыл «екінші нан» алқабының көлемін 60 гектарға ұлғайтып отыр. Тұқым шаруашылығы болып танылған шаруашылық көп жылдық тынбай ізденудің нәтижесінде, картоптың голландиялық тұқымын жаңа технологияның негізімен егіп, басқа тұқымдарға қарағанда әлдеқайда мол өнім беретін бірнеше сортты жерсіндіруге күш салып келеді. Көп жылғы ізденіс нәтижесіз болған жоқ. Тұқым шаруашылығы биыл егістік алқапқа картоптың «Пикассо» және «Коломба» аталатын элиталы сорттарын егіп, қазір оны тиісті агротехникалық шараларды сақтау арқылы күтіп-баптау үстінде.
Жақында «Зылиха» шаруа қожалығының картоп алқабында болып, баптау және суғару жұмыстарымен жақынырақ танысқан болатынбыз. Биыл 60 гектар алқапға картоп тұқымы егілгенін жоғарыда айтқанымыздай, алқаптар 15, 10, 5 гектарға бөлінген. Алқаптағы жүйектерге жақында ғана су салынғаны алыстан байқалады. Суғарудың әсері болса керек, картоп сабағының бой алып, гүлдеуі де ерекше.
-Картоп алқабына бірінші суды жақында ғана бердік. Мына тұрған тың алқаптағы 15 гектар алқапқа «Пикассо» картоп тұқымы мамыр айының басында егілген. Бірінші суды салдық, енді екінші суды күтеміз. Әрбір суғару кезеңінің арасы 10-15 күн болуы керек. Бұған дейін алқапта екі мәрте қопсыту жұмыстары жүргізілді. Содан бір апта өткеннен кейін жүйектелді. Қопсыту, жүйектеу және суғарудың белгіленген мерзімдері бар. Күтіп-баптау жұмыстары уақтылы әрі сапалы атқарылғанда ғана картоптан мол өнім алуға болады.
«Пикассо» аталатын картоп тұқымынан бөлек, биыл 10 гектар алқапқа Голландиядан әкелінген элиталы картоп тұқымын сіңіргенбіз. Оның да шығымы жаман емес. Алдыңғы сорт аудандастырылған сорт болса, элиталы тұқымды биыл ғана ектік. Өнімділік жаман болмауы керек. Барлығы күтіп-баптауға байланысты. «Не ексең, соны орасың» деген сөз бекер айтылмаса керек.
Биыл Алатаудың етегіндегі «Көксай» каналынан егістік алқаптарға судың түсуі де жақсы. Сағатына 2,5 текше метр көлемінде су келу үстінде. Бұл – төменде орналасқан Ақтөбе, Қызыларық ауылдық округтері және Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Түктібай ауылының шаруаларына егістіктен мол өнім алуға үлкен көмек. Осыған сәйкес, қазір алқаптарда суғару науқаны да қалыпты жағдайда өтуде. Алладан тілейтініміз, күзгі жиын-терін кезінде еңбегіміз ақталып, маңдай тердің өтеуі мол болса екен,- дейді «Зылиха» шаруа қожалығының бас маманы Нұрлан Лес.
Айтса айтқандай, теміржолдың үстіңгі бөлігінде (Алатау ауылына барар автожолдың бойында) қаз-қатар орналасқан егістік алқаптарға қарасаң, көзің сүйсінеді. Мұнда ақ егіс пен көпжылдық шөп алқабына қарағанда, картоп егілген алқап көбірек. Қазір мұнда суғару науқаны қызу жүруде. Картоп өсірушілер «Көксай» каналынан түскен мол суды өзара келісіммен алып, алқаптарды суғару үстінде.
Адал еңбекті ардақ тұтқан шаруа қауымы үшін қазір жауапты әрі қауырт шақ. Өңірдегі картоп өсіруші шаруашылықтарда да дәл сондай еңбек. Алқап басында күтіп-баптау жұмыстарымен қатар, суғару науқаны да қызу жүргізілуде. Мұндағы барлық жұмысты шаруашылықтың бас маманы, істің жайын жақсы білетін еңбекқор азамат Нұрлан Лес үйлестірсе, тәжірибелі сушылар – Нұрлан Иманбеков, Дастан Оспанов, Бауыржан Мамыр және Ерболат Бегалиев алқаптағы жүйектерге мол судың келуін қамтамасыз етумен еңбектеніп жүр.
Тәжірибелі картоп өсіруші мамандардың айтуынша, картоптан ойдағыдай өнім алу үшін алқапты кем дегенде бес мәрте суғару қажет. Картоп өсіру ісінде көп жылдық мол тәжірибесімен ерекшеленетін «Зылиха» шаруа қожалығы биыл картоп тұқымын негізінен алдыңғы жылдары жоңышқа егілген тың алқаптарға отырғызғанын айтады. Оның үстіне, картоп алқабына адам денсаулығына зиянды тыңайтқыштардың берілмеуі де өнімнің экологиялық таза болуының бірден бір кепілі болмақ.
Картоп алқабының басында уақытпен санаспай еселі еңбек етіп келе жатқан шаруашылық мүшелері сәтін салса, күздегі жиын-терін науқаны кезінде алқаптан мол өнім жинауға ниетті екендерін жеткізді. «Екінші наннан» алынатын өнімнің мол болуына біз де тілектеспіз!
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»