Basty bet

Аудандық басылымға жазылайық!

Сәуір айынан бастап елімізде жылдың екінші жартыжылдығына газет-журналдарға жазылу науқаны басталды. Жуалы жұрты өзге басылымдармен бірге 90 жылдық тарихы бар өзінің төл газеті аудандық “Жаңа өмір” қоғамдық-саяси газетіне де қолдау білдіреді деген сенімдеміз.

Биыл аудандық “Жаңа өмір” газетіне 90 жыл толып отыр. Басылым мерейтойын маусым айында оқырмандарымен бірге атап өтуді жоспарлауда.
ХХІ ғасыр – жаңа ақпараттық технологиялар ғасыры. Қолымыздағы бір телефонның өзі бір телеарнаның қызметін атқаруда. Еліміздің түкпір-түкпірі былай тұрсын, алыс-жақын шетелдердегі қазір болған жағдайды бірер минуттан кейін қолымыздағы телефоннан көріп отырмыз. Ақпараттың көптігі, жылдамдығы соншалық кейде тынысың тарылады. Пайдасынан зияны көп ақпараттар ішкі сүзгің мықты болмаса, тығырыққа тірейді. Қанша жерден ақпараттық технологиялар ғасыры болғанымен, ұлттық мерзімді басылымдардың ұлт руханиятына қосып отырған үлесі зор.
Алаштың ардақты азаматы Міржақып Дулатовтың: “Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты” деген сөзі қай заманда да өзінің маңыздылығын жойған жоқ. Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов шығарған “Қазақ” газетінің негізгі мақсаты – сапалы ақпарат тарату ғана емес, халық арасында ағартушылық, танымдық қызметтерді сапалы атқару болса, бүгінгі басылымның да мақсаты мен миссиясы осындай.
Қазір барлық ұлттық басылымдардың таралымы азайып, қиын жағдайды бастан өткізуде. Халық газет-журнал оқудан гөрі әлеуметтік желідегі жеңіл дүниелерді оқығанды жөн санайды. Рухани құндылықтардан гөрі материалдық құндылықтарды жоғары бағалайды. Салдарынан қоғамда рухани тұрғыда қаншама қиындықтарға тап болып жатырмыз. Біз оқу мәдениетін қалыптастырып, дүниетанымымызды кеңейтпей, сана-сезіміміз дамымай, шын бақытқа жете алмаймыз, жүрегіміз тынышталмайды. Себебі, құстың да қос қанаты тең болмай алысқа ұша алмайды. Біздің қос қанатымыздың бірі – материалдық байлық болса, бірі – рухани байлық. Сондықтан ұлттық басылымдарға қолдау білдіру арқылы, өзімізді дамытатынымызды ұмытпауымыз керек.
Балаларымызға жасына лайықты басылымдарды жазып беріп, бірге оқып, оларды оқуға үйретейік. Сонда ғана ұлттық басылымының қадірін білетін, түсінетін, рухани бай, сауатты сөйлей, жаза білетін ұрпақ өседі.
Қазір көптеген адамдар тіпті “Газет-журнал деген әлі бар ма? Оларды кім оқиды?” деп ойлайды. Бұл пікірдегі адамдардың көп болуы өкінішті. Олар төрт-бес мың теңгеге газет-журналға жазылудан гөрі, сән салонына, кафеге бір сәттік нәпсі азығы үшін жұмсауды жөн санайды. Телефонда сағаттап отыратындар газет-журнал оқуға уақыт тапқысы келмейді. Алайда газет-журнал оқитын, тіпті әр санын күтіп жүретін оқырмандар аз да болса бар. Олардың қатары бірте-бірте көбейеді деген сенімдеміз.
Аудандық басылым жас ұрпақ тәрбиесі, халықтың рухани-мәдени тұрғыда дамуы, елдің ынтымағы мен бірлігі жолында қалтқысыз еңбек етіп келеді. Бұл елдік іс алдағы уақытта да жалғасын табады. Шығармашылық ұжым әрдайым жұмысын жетілдіру мақсатында ізденіс үстінде.
Құрметті жуалылықтар! Сіздерден жазылым науқанын пайдаланып сүйікті басылымдарыңызға, оның ішінде аудандық “Жаңа өмір” газетіне жазылып, төл басылымға шынайы қолдау көрсетуге шақырамыз!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close