Basty bet
Ардагерлердің өтініштері ескерілсе…
Биыл Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толып отыр.
Ауған жерінде оқ пен оттың арасында әскери борышын өтеген ардагер ағаларымыздың алды бүгінде егде тарта бастаса, соңы жігіт ағасы болды. Олар өмір сүре білудің, бейбіт өмірдің қадірін жақсы біледі. Олардың сөзі, әрбір ісі кейінгі жас ұрпаққа үлгі.
Аудандық “Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері” қоғамдық бірлестігіне өткен жылдың қараша айынан бастап Пердебай Оспанов деген ардагер төрағалық етеді. Бұған дейін Мақсатбек Әбдібеков төрағалық еткен қоғамдық бірлестік жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде көптеген жұмыстар атқарды.
Пердебай Ұзақбайұлы редакцияға арнайы келіп, қоғамдық бірлестіктің жұмысы, алдағы жоспарлары туралы ойымен бөліскен еді.
-Қоғамдық бірлестіктің мақсаты – жастардың патриоттық сезімін ояту, отаншылдыққа тәрбиелеу. Ардагерлердің мүддесін, құқығын қорғау, жан-жақты қолдау көрсетіп, қоғамдық жұмыстарға араласуына мүмкіндік жасау.
Мерекеге орай ауданда жылда дәстүрлі түрде жақсы іс-шаралар ұйымдастырылып, құрмет көрсетіледі. Биыл да бірқатар тағылымды шаралар ұйымдастырылуда. Аудан басшылары мен жастардың, мектеп ұстаздарының көңілі мен ілтипатына ардагерлердің атынан алғысымды білдіремін. Алайда осындай іс-шаралар тек мерекеге орай ғана емес, жыл бойында ұйымдастырылса деген ұсынысымыз бар. Себебі, патриоттық тәрбие бір сәттік шарамен бітетін шаруа емес. Оның үстіне мереке қарсаңында бір күнде екі-үш мектеп кездесуге шақырып, үлгере алмай жатамыз. Сол себептен жыл бойында өтетін тәрбие сағаттарын да осы тақырыпқа арнаса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ауған соғысына қатысқан ардагерлердің алды бүгінде 60 жасқа келсе, соңы 54-55-те. Жалпы аудандағы 49 ардагердің жетеуі мүгедек. Аудандық басылымды пайдаланып, ардагерлердің өтінішін де білдіргім келіп отыр. Ауғандықтар Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген. Ауруханаға барсақ “Ұлы Отан соғысы ардагерлері кезексіз қабылданады” деп жазып қойған. Ұлы Отан соғысының ардагерлері бүгінде арамызда жоқ қой. Енді неге оны ауыстырмасқа? Осы жеңілдік Ауған соғысы ардагерлеріне де болса дейміз. Кезексіз кіру былай тұрсын, кейде дәрігер түгілі медбикенің өзімен сөйлесу қиын болып кетеді. Телефонмен сөйлесіп, науқасқа дұрыс жауап та қайтармай жататын кездер болып тұрады.
Ауғандықтар сырқаты жанына қатты батып ауырмаса, ауруханаға бармайды да. Сондықтан аудан басшылығы мен аудандық аурухананың ұйымдастыруымен мерекеге орай ақпан айының екі күнін белгілеп, дәрігерлер барлық ардагерлердің үйін аралап тексеруден өткізуде.
Бұрын Ауған соғысы ардагерлеріне үкімет тарапынан жеңілдіктер көп еді. Мәселен, қоғамдық көлікте тегін жүретін, жылына бір рет пойыз бен ұшаққа жартылай тегін билет берілетін. Мүгедектерге толықтай тегін болатын.
Қазір ардагердің атындағы үй мен көлік салықтан босатылған. Сонымен бірге ардагер жұмыс істейтін болса, айлық жалақысынан табыс салығы ұсталмайды. Әрине, мұның өзі де көмек.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы Жеке оңалту бағдарламасы бар мүгедектерге ғана курорттық-санаторийлерге тегін жолдама беріледі.
Аудандық аурухана арқылы жылына бір-екі ғана ардагер Алматыдағы госпитальға емделуге жіберіледі. Ардагерлердің сұранары жылына берілетін осы жолдама бір-екі адамға ғана емес, он адамға дейін берілсе. Біз шетелге жолдама сұрап жатқан жоқпыз ғой. Өзіміздің облысымыздағы санаторийлерге жолдама алудың өзі қиын. Алдағы уақытта осы мәселелер ескерілсе деген ардагерлердің өтініші бар.
Ауған соғысы ардагерлерінің арасында белсенді, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрген жандар аз емес. Атап айтқанда, Мақсатбек Әбдібеков, Мейрамбек Ерімбетов, Жұмабай Оразбаев, Темірхан Сейділдаев, Қосмұрат Имахаев, Ғалым Қылышбаев, Елжан Пернешов, Кенжехан Раздықов, Әлімхан Әсібеков, Орынғали Сатыбалдиев, Хази Тасымбетов, Қанатбек Махамбетов, т.б.
Мен аудандық Қорғаныс бөлімінде арнайы комиссияның мүшесімін. Яғни, әскерге шақырылушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Одан бөлек “Ақсуат”, “Б.Момышұлы атындағы шекара заставасы” мен 91678 әскери бөлімінде де болып жас сарбаздармен әңгімелесеміз. Сарбаздардың ант қабылдау рәсіміне қатысып, Отанды сүю, әскери қызметтің беделі, ер азаматтың парызы, патриоттық тәрбие туралы ой бөлісеміз.
Қазір жастар арасында әскерге барғысы келмейтіндердің қатары көп. Тәрбие – отбасынан басталады. Жалпы қоғамда да патриоттық тәрбие төмен. Біз жас кезімізде әскерге баруды армандаушы едік. Ол отбасындағы, мектептегі тәрбиенің мықтылығының нәтижесі болса керек.
Мектепте оқушыларды жасына қарай октябрят, пионер, комсомол деген ұйымдарға кіргізіп, тұрақты шаралар ұйымдастырылатын. Ұйымға кіру қандай мәртебе еді. Оған кіру үшін қалай дайындалушы едік?! Қазір де білуімізше “Жас ұлан”, “Жас қыран” дегендей ұйымдар бар ғой. Өкінішке қарай сол ұйымдардың аты бар, заты жоқ сияқты. Сондықтан осы ұйымдардың жұмысын жүйелеу керек”,- деді ардагер.
Ардагердің сөзінің жаны бар. Қазіргі қоғамда шын мәнінде патриоттық тәрбие жөнінде идеология өте төмен. Кемшіліктер туралы әңгіме көп те, жақсы жақтары туралы насихат өте аз.
Ардагердің әңгімесін тыңдап отырып “неге біздің мектептер, ауылдағы мәдениет үйінің мамандары, жастар ісінің нұсқаушылары, жалпы ауыл әкімі болып әскерге барып келген жастармен оқушыларды кездестіру ұйымдастырылмайды?” деген ой келді. Әскерден өз қызметіне деген ерекше жауапкершілік қасиетімен, тәртібімен, жақсы тәрбиесімен Алғысхат алып келген сарбаздар көп қой. Егер сол жастарды ауылға келе салысымен шақырып, ауыл жастарымен кездесу өткізсе. Жас сарбаз әскери киімімен келіп, өзінің әскери өмірден алған сабақтары туралы ой бөліссе, жастарға әсері мол болар еді. Жауынгер сөзі жас буынның санасына ой салар еді.
Ардагер сөз соңында майдандастарын мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, құт-береке, ынтымақ тіледі.
Ардагер ағаларымызға бүгінде керегі – көңіл мен ілтипат ғана. Интернационалист ағалардың көңілдеріне кірбің түсірмей, құрмет көрсете білу – кейінгі ұрпақтың парызы.