Basty bet
“Баланың уақыты тиімді ұйымдастырылуы керек”
Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметованың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Оған комиссия мүшелері мен күн тәртібінде қаралатын мәселелерге қатысты мекеме басшылары қатысты.
Комиссия отырысында бірінші ата-анасынан бөлек тұратын, заңды өкілдері анықталмаған (нотариалды келісім рәсімделген) кәмелетке толмағандардың ата-аналарына (заңды өкілдеріне) қатысты істерді қарап, баланың заңды өкілдеріне қайтарылуы бойынша атқарылған жұмыстардың барысы қаралды. Бұл мәселе бойынша баяндама жасаған аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Мәденова аталған комиссияның 17.08.2020 жылғы №8 хаттамасының 43 тармақшасына және 22.10.2021 жылғы №4 хаттамасының 4.3 тармақшасына сәйкес, білім мекемелеріне «Ата-аналарынан туыстарына берілген барлық балаларды анықтап, олардың ата-анасымен заң аясында жұмыстар жүргізіп, балаларды өз отбасына қайтару шараларын жүргізу» туралы берілген тапсырма аясында атқарылған жұмыстар туралы айтты. Комиссия төрайымы Анар Садыққызы білім бөлімінде бұл мәселеге қатысты жұмыстың әлі де жеткіліксіздігін ескертіп, назарға алуды тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткізілген іс-шаралар бойынша аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, ішкі саясат бөлімі, сонымен бірге білім бөлімінің басшылары баяндама жасады.
Баяндамашылардың айтуынша, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай аудан орталығы мен ауылдық округтерде барлығы 80-нен астам іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Негізгі шара аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы Орталық саябақта өткізіледі.
«Бала – өмірдің гүлі» атты театрландырылған музыкалық концерт барысында жастар ресурстық орталығының «Менің арманым» сурет салу байқауы, Іскер әйелдер қауымдастығы мүшелерінің, кәсіпкер әйелдердің демеушілігімен «Балаларға базарлық» қайырымдылық шарасы ұйымдастырылатын болады.
Сондай-ақ, 1 маусым күні білім беру ұйымдарында «Болашаққа бастар жол» атты оқу жылының аяқталуына байланысты соңғы қоңырау салтанаты өтеді. Салтанатты жиындар Балаларды қорғау күніне орайластырылып өткізіледі. Ал, барлық ауылдық кітапханаларда, мәдениет үйлері мен клубтарда тақырыптық ертеңгіліктер, тәрбие сағаттары, концерттік бағдарламалар өткізу жоспарланған.
Білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Г.Мәденова 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай биылғы жылы ұйымдастырылғалы отырған «Балалардың игілігі үшін!» атты Республикалық акцияны өткізу тұжырымдамасына тоқталды.
Комиссия төрайымы Анар Садыққызы балалардың жазғы демалыстағы уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатындағы жұмыстар ауыл-ауылда білім, спорт, мәдениет бөлімі, “Жастар ресурстық орталығы” мекемесінің жауапты мамандары бірлесіп жүйелі әрі сапалы атқаруы тиіс екенін ескертті.
Кәмелетке толмаған балалармен профилактикалық жұмыстар туралы жастар ресурстық орталығы мекемесі директорының м.а Жеңісбек Сейітбеков және №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның директоры Эльмира Абишева баяндама жасады.
Анар Садыққызы мектептермен жұмыс барысында №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда салыстырмалы түрде жүйелі жұмыс барын айта келіп, әрі қарай жалғасын табуы керектігін жеткізді. Сонымен бірге ата-аналардың құқықтық сауаттылығын көтеру мақсатында медиа-жоспар жасалып, ол бойынша тиісті мекемелер жауапкершілікпен жұмыс жасауын тапсырды.
Комиссия отырысында күн тәртібінен тыс мәселелер де қаралды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»