Басы ауырмайтын, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Ондай кезде біз ең біріншіден ауруханадағы ақ халаттылардың қызметі мен көмегіне жүгінсек, екінші дәрі-дәрмек алу үшін дәріханаларды жағалайтынымыз белгілі. Менің айтайын дегенім, дәріхананың қызмет көрсету сапасы мен дәрі-дәрмектің бағасы жайында. Бағаның бақылаудан шығып кеткені қашан. Бірақ, айтпаса сөздің атасы өледі деген…
Біздің ауданның орталығында мен білетін екі дәріхана бар. Бірі теміржолдың үстіндегі Рысбек батыр көшесіндегі «Береке» дүкенінің ішінде орналасқан болса, екіншісі орталық базарда. Бірін орыс ұлтының жігіті басқарса, екіншісі қазақ азаматшасына тиесілі. Осы тұста айтайын деген негізгі мәселеге келсем, екі дәріхананың қызмет көрсету сапасындағы айырмашылықтар туралы.
Егер жолыңыз түсіп, орталықтағы «Береке» дәріханасына кіре қалсаңыз, іші жап-жарық әрі кең. Мұнтаздай тазалықты бірден аңғарасың. Сөрелерге ретімен қойылған дәрі-дәрмек, т.б. біз біле бермейтін препараттардың атаулары жазылған. Фармацевт мамандар да сұрағыңызға дұрыс жауап беріп, сатып алған дәрі-дәрмегіңізді арнайы целлофан қалтаға салып, қолыңызға чекпен бірге ұстатады. Тазалық жағы бір бөлек. Мамандардың препараттарды қалай, қай уақытта қабылдау ережесін де түсіндіріп береді. Барлығы көңілге қонымды.
Ал орталық базардағы дәріханаға келсеңіз, өте ыңғайсыз. Дәріхана өте тар бөлмеде орналасқан. Менің байқағаным, кіреберісте көрпе-жастық төселген кішкене бөлменің есігі қашан барсаң да жабылмайды. Бұл дәріхана екіге бөлінген. Негізгісінде адамдарға дәрі-дәрмек сатылса, екінші жағында не сатылатыны беймәлім. Бөлменің іші тар әрі ыстық болғандықтан, дәрі-дәрмектерді де белгілі бір температурада сақтауға да мүмкіндік жоқ.
Бұл дәріхананың қызметіне жүгіне қалсаңыз, сізге алған затыңызды не қалтаға салып бермейді, екіншісі қолыңа ешқандай чек те бермейді. Турасын айтқанда, бұл дәріханадағылар клиенттің түр-тұлғасына және дәрежесіне қарап, дәрінің бағасын айта салады. Сөзім дәлелді болсын деп айтып отырмын. Осыдан бір-бір жарым апта уақыт бұрын иығымды қатты ауыртып алып, осыған жағатын жақпамай немесе дәрі беріңізші деп меңгерушіден сұрадым. Дәріхана маманы ары қарап, бері қарап, «мына дәрі жақсы» деп бір дәріні берді. Бағасы – 4 000 теңге екен. Оның ақшасын төлеп, үйге келіп сыртқы қаптамасын оқысам, «Артростоп» деген массажға арналған крем болып шықты. Оның қаптамасын бүлдірмей, ертеңіне алған дәріханаға апарып берсем, қайтып алмайды. Ақшамды да қайтарған жоқ. Қолымда бұл дәріні осы дәріханадан сатып алғанымды растайтын ешқандай чек жоқ. Амалсыз бұрылып шығып кетуіме тура келді.
Содан орталықтағы «Береке» дәріханасына барып, дәл осы кремнің бағасын сұрасам, мұнда оның құны – 3 300 теңге тұрады екен. Сонда дәрі-дәрмек бағасының дәріханаларда әртүрлі болғаны ма? Бір препаратқа 700 теңге артық үстеме қойып отырған әлгіндегі дәріхананың иесіне не дерсің?!
Дәрі-дәрмек бағасына тұрақты бақылау қажет-ақ. Бұл – барлығымыз үшін маңызды мәселе. Адамның денсаулығы мен өмірі бірінші орында тұруы қажет. Бағаға бақылау жасайтын орган басшыларының құлағына «алтын сырға». Жарнамаларда: «Сатушы сізге чек бермесе, бізге хабарласыңыздар» деген мәтіндегі жазуларды оқыған едім. Мүмкін маған осымен айналысатын тиісті органдар «қомақты сыйақы» да беріп қалатын шығар…
Мен өз ұлтымның өкілдеріне топырақ шашудан аулақпын әрине. Қазақ ұлтының азаматы екенімді мақтан тұтамын. Бірақ, мына екі жағдайды салыстыра келе, біз қашан толыққанды мәдениетті боламыз, клиентті, тұтынушыны негізсіз алдағанды қашан доғарамыз деген мәселені баса айтқым келеді. 700 теңге көп ақша емес шығар. Бірақ базардағы дәріханашылардың мен сияқты 80 жасқа таяған қарияны көзбе-көз алдағанына қатты қапа болғанымды аудандық газет арқылы жеткізгім келеді.
Бұл мақаланы жазудағы мақсатым – ешкімді қаралау емес. Керісінше, басқа да қызмет көрсетушілерге, жеке кәсіпкерлерге, жалпы жерлестеріме ой салу. Бұл бір ғана дәріхананың қызмет көрсетуі және дәрі-дәрмек бағасының жайы ғана. Айта берсеңіз, қоғамда халықтың көңіліне қаяу салатын мұндай мәселелер жетіп-артылады.
Қоғам – біздікі. Демек, туындаған мәселенің барлығы осы қоғамда өмір сүріп жатқан азаматтардың барлығына қатысты деген сөз. Қоғамның жақсы жағына түзелуі үшін ең бірінші өзімізді түзеуіміз қажет. Түзелетін уақыт жетті. Ал, Сіз не дейсіз, қадірлі жерлестер?!
Серік Садыров,
зейнеткер, еңбек ардагері.
Сұрым ауылының тұрғыны