Basty bet
Еңселі Елорда, асқақтаған Астана!
Астана қаласы – бас қаланы көрген де бар, көрмеген де бар. Бірі «Бәйтерек» монументінің сұлулығын тамашаласа, енді бірі көркіне көз тойдыра алмай, бара алмай жүр. Осыншалықты арман болған Астананың адам тартар сыры неде?
Астана – Қазақ елінің бас қаласы, әлемге танылған жас қала. Біз жаңа ғасырға, жаңа мыңжылдыққа өркениетті ұлт ретінде, тарих сахнасына егеменді ел ретінде ендік. Өткен ғасырда археологтар Ақмола жерінен көне қаланың орнын тапқан. Бозоқ қазіргі астанадан небәрі 15 шақырым жерде орналасқан. Қалашық Х-ХІІІ ғасырларда гүлденді. Сол кездегі әйгілі Жібек жолы бойындағы сауда орталықтарының біріне айналды. Әрі Бозоқ қыпшақ билеушілерінің ордасы болған.
Ал, алғаш қала 1832 жылы Есіл өзенінің жағасындағы Қараөткел шатқалында Ақмола бекінісі негізделгенде пайда болды. 1863 жылы Ақмола ресми түрде округтік қала ретінде жарияланып, 1960 жылы еліміздің солтүстік облыстары кіретін тың өлкесінің орталығы болды. 1961 жылға дейін ол Акмолинск, 1961 жылдан 1992 жылға дейін Целиноград, ал 1992 жылдан бастап 1998 жылға дейін Ақмола аталып келді.
Міне, Тұңғыш Президенттің астана орнын Арқа төсіне таңдауы кездейсоқ емес. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Ресми көшіру 1997 жылы 10 желтоқсанда жүзеге асырылып, Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Осылай алғаш Елордаға барғанымда зәулім-зәулім ғимараттар өзінің бүккен сырларын аша бастағандай болып көрінеді. Өйткені қайсысына қарасаң да басыңа небір ғажап ойлар келеді. Уақыт өте – Астана қаласы даму белесіндегі жаңа әсем келбетімен жарқырады.
Бұл – келешектің кемел қадамы емей немене?! Елорданың символына айналған «Бәйтерек» кешені қаланың тұмары іспеттес. Сонымен қатар «Нұр әлем» сферасы «ЭКСПО – 2017» көрмесінің архитектуралық символы кешенінің орталық нысанына айналды. «Mega Silk Way» «ЭКСПО – 2017» павильонына жақын маңда орналасқан сауда, ойын-сауық кешені. Бұл кешен – қазақстандағы ең үлкен сауда –ойын-сауық орталығы.
Сондай-ақ әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат – «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы бар. Оған қоса теңізден алыс орналасқан океанариум – «Думан» орталығы, «Астана-Опера» мемлекеттік опера және балет театры, Орталық Азиядағы е ірі мешіт – «Әзірет Сұлтан» мешіті қаланың зәулім де әсем ғимаратының қатарында. Әулие Успен Богородица кафедралдық соборы, Әулие Мария Архиепархиясы рим-католиктік кафедралық соборы, «Қазақстан» орталық концерт залы, «Қазақ Елі» монументі, қазіргі заманғы өнер музейі мен Президенттің мәдени орталық ғимараттары көздің жауын алады.
Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең биік ғимарат – «Әбу-Даби Плаза» кешені де «менмұндалап» тұр. «Алау» мұз айдыны, жаңа спорттық нысандардың арасында 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионы, 2011 жылы әлемде үздік деп танылған, 10 мың орынға арналған «Сарыарқа» бірегей велотрегі тағы бар. Жаңа заманның жаңа технологиясы әлеммен қатар қарыштап дамуда. Мұны «ЭКСПО – 2017» әлемдік көрмесінен аңғаруға болады. Қаланың қойған нысанасы да бар. Ол – әлемдегі ең «ақылды» қалаға айналу. Иә, 6 шілде – Елорданың туған күні. Бүгінде астанамыз дүние жүзіндегі әсем де жас қала ретінде танылуда. Астана – елдігіміздің нышаны. Бас қала арман, қиял мен сан қилы тағдырларды бір арнаға тоғыстырған әсем қала. Өркениет өрісіндегі біздің Елорда талайына ерекше естелік сыйлап, талайын жылы құшағымен жылытқан қала. Туған күніңмен, бас қала!
Баян Тұрсынқұлқызы,
“Жаңа өмір”