Basty bet

Әскери борыш – өмірлік сабақ

Аудандық орталықтандырылған кітапхананың «Білім» орталығында «Отанды қорғау – борышым» атты кездесу өтті. Кездесуді аудандық «Жастар ресурстық орталығы мекемесі ұйымдастырды.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, «Жуалы Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Смайл Көбесов, “AMANAT” партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Марат Аманғалиұлы қатысты.
Бұдан бөлек, аудандағы №16 Жуалы колледжінің білімгерлері мен ауылдық округ аппараттарының әскери есеп-стол мамандары қатысты.
Шараны аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы ашып, жүргізіп отырды.
Ол бұл жиынды ашық пікір алаң, сұрақ-жауап ретінде өткізуді ұсынды. Кездесуге қатысып отырған білімгерлерді қысылмай өз ойларында жүрген сұрақтарын қоюға шақырды.
Алғашқы сөз «Жуалы-Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Смайл Көбесовке берілді.
Желтоқсаншы өз сөзінде қазақстандықтар Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін өмірлерін қиған батырлардың барлық ұрпақтарының ерліктерін еске алады. Аталар мен әкелердің жауынгерлік наградалары – қазақстандықтар үшін баға жетпес жәдігерлер деп баға берді.
-Қазақ даласының жауынгерлерінде әрқашан ар-намыстың, қадір-қасиеттің және патриотизмнің бейнесі болған. Біз барлық ұрпақтардың жауынгерлеріне Отан үшін ауыр сынақтар мен бейбіт уақыттағы жауынгерлік еңбегі үшін көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Жас ұрпаққа әрқашанда қандай қиындық болса да мойымаңдар. Сендер осы елдің болашағысындар,- деді ол.
Сөз кезегін алған “AMANAT” партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Марат Нарымбеков қазіргі таңда біздің елде ең үлкен мәселе ол Отан қорғау, Отан алдындағы борышын өтеу туралы сөз қозғады.
Соңғы жылдары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұдайы қолдауының арқасында біздің Қарулы Күштеріміз, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар мемлекеттің сенімді қалқаны, жаһандық және өңірлік қауіпсіздіктің бүкіл жүйесінің құрамдас бөлігі болды. Жылдан- жылға қазақстандық әскер қазіргі заманғы қару-жарақпен және техникамен қамтамасыз етіліп, жоғары білімді мамандармен толықтырылып, олардың жауынгерлік қабілеттілігі артып келеді,- деді ол.
Жиынға қатысып отырған білімгерлер өз көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.
Қойылған сұрақтарға Ақсай ауылдық округінің әскери есеп-стол маманы Қанат Жексенбаев нақты және тиянақты жауап берді.
-Мен осы салада жұмыс істеп жүргеніме 10 жыл уақыт болды. Осы он жыл ішінде қаншама жас жігітті әскерге жіберіп отырдық. Бізге аудандық қорғаныс бөлімінен тізім жіберіледі. Сол тізім арқылы біз ауылдық округте зерделеу жұмыстарын жүргіземіз. Сол тізімнің 80 пайызы білімгерлер. Кейбірінің ата-аналары қарсы болып, баласын әскерге жібермейді. Мысалы, 100 бала шақырылса соның ішінен бес-алты бала шығады. Ал денсаулығын тексертуге апарғанда 10 баланың ішінен алты-жеті бала әскерге жарамсыз болады. Мен сендерге айтарым әскерден қашпаңдар. Әскери өмір – жігітке керек өмірлік сабақ. Темірдей тәртіптен өтесіндер. Бір жыл деген демде өте шығады,- деп жастарға өз ақыл-кеңесін берді.
Әрі қарай жиын еркін пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар өз ойларын ортаға салып, өздерін мазалап жүрген сұрақтарын қойды.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова қорытындылады.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close